Саусақ іздері «сайрайтын» күн жақын
Саусақ іздері «сайрайтын» күн жақын
© коллаж: Елдар Қаба
570
оқылды
Қазақстан мигранттардың рекордтық тасқынына тап болуы мүмкін. Сарап­шылар қазірдің өзінде оның жасырын жүріп жатқанын ескертеді. Атап айтқанда, Ресейден, Украинадан еліміздегі туыстарын жағалап, «қонаққа» келгендер саны жүздеген мыңға жетті. Олар жұмыс тапса, қалып қояды. Таппаса, қылмысты өршітуі ықтимал. Осы орайда мемлекет келімсектерді дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізуге дайындалуда. Дегенмен бұл тетікті енгізуде біршама кешігіп жатқаны байқалады. Сөз болып отырған рәсім елге не бермек? Әзірлік қалай? Шығыны қанша? Қазақ еліне мигрант қаптады Таяуда төбе шашты тік тұрғызатын мәлімет жарияланды: 2022 жылдың тек алғашқы тоқсанында Ресейден Қазақстанға 204 мың 947 адам келген. Аталған деректер ЕМИСС-те – РФ-нің бүкіл ведомствоаралық статистикасы жинақталатын жалпыресейлік ресми тұғырнамада жарияланды. Бұл тек қаңтар-наурыздағы деректер ғана. Украина­дағы қан-қасап қырғын шырқау шегіне жеткен сәуір мен мамырдың қорытындысы әлі шыққан жоқ. Ол статистика тіпті сорақы болуы ықтимал. ФҚҚ Шекара қызметі шетелге ауған ресейліктерге қатысты тоқсандық есебін жария етті. Онда Ресейден биылғы үш айда 3 млн 880 мың 679 адамның кеткені көрсе­тілген. Олардың қатарына туристердің де кіргені айтылды. Әйткенмен, жат елге жұмыс іздеп шыққандар да, қылмыстық қудалаудан қашқандар да алғашында «турист» мәртебесін пайдаланатыны мәлім. Ресей туроператорлары қауымдастығы­ның (АТОР) түсіндіруінше, ФҚҚ (ФСБ) базасында «тұрақты тұруға көшіп кеткендер» деген графа бар, онда биылғы І тоқсанда «0» деген сан тұр. «Себебі бұл графа ескіріп қалды: адамдар қазір ресейлік тіркеуден шықпай, осындағы пәтерлерін сатпай-ақ шетелге эмиграцияға кете береді. Олар алдымен турист ретінде саяхаттайды, содан қай жерде орнын тапса, сонда жерсінеді. Оның үстіне, ФҚҚ-ның тоқсандық мәлі­меттерінен миллиондар арасында сол кеткеннен мол кетіп, Ресейге енді оралмауды жөн көрген­дердің саны мен үлесі қанша екенін анықтау мүмкін емес: бізде орал­мандар статистикасы жүргізілмейді», – деп мәлім етті қауым­дастық. Қалай болғанда, биыл Отанынан таба­нын жалтыратқан ресейліктер саны былтыр­ғыға қарағанда бірден 81,8%-ға көбейді. Соның ішінде посткеңестік кеңістіктегі елдерге аттанған Ресей тұрғындарының саны 19,1%-ға ұлғайып, биылғы үш айда 1 723 333 адамға жеткен. РФ Шекара қызметі негізінен шекара маңы тұрғындарының Қазақстан мен Украинаға қоныстанып жатқанын тіркепті. Қазақстандық тараптың дерегінше, қаң­тар-наурыз айларында елімізге 128 мыңдай Ресей және 3 мыңнан астам Украина аза­маты келген. Бұл тіркелгені ғана. Соның өзінде былтырғы ұқсас кезеңмен салыс­тырғанда көрші елден ауған ресейліктер саны 2 есеге артты. Еуразиялық одақта адамдарға емін-еркін қозғалуға мүмкіндік берілетінін пайдаланып, тағы ондаған мың ресейлік халқымыздың арасына сіңіп кеткен сыңайлы. Олар тұрған мекенжайларына да тіркелмейді. Сондықтан келімсектердің бәрінің саусақ таңбасын алып, бірін қалдырмай тіркеуге алудың маңызы зор. Дактилоскопияның қандай қажеті бар? Міндетті дактилоскопияның енгізілу мерзімі бірнеше рет кері шегерілді. Бұған дейін ол 2021 жылы басталуға тиіс еді. Алайда Ішкі істер министрлігі оған өзі де, қоғам да дайын емесін алға тартып, 2023 жылдың 1 қаңтарында кірісуді ұсынды. Өйт­кені шетелдіктермен қатар қазақстандықтар да қолының таңбасын тапсыруға мәжбүр болмақ. Дактилоскопия дегенде көп адам кеңес кезіндегідей, бірнеше саусақты бояуға батырып, қағазға басу керек шығар деп түсінеді. Демек, ІІМ-ге оған сонша ұзақ дайындалудың қажеті қанша? Еліміздің жетекші университетінің Халықаралық құқық департаментінің аға оқытушысы, зерттеуші Дана Мұхамеджанованың айтуын­ша, шынында бүгінде бұл шара мүлдем басқаша жүргізіледі. «Дактилоскопия тұлғаның кім екенін дәл анықтап, идентификациялау үшін саусақ іздерін және көздің нұрлы қабығының көрінісін алуды білдіреді. Бұрын саусақ таңбасын алу үшін арнайы сия қолда­ныла­тын. Заманауи технологиялар бұл рәсімді саусақ іздерін сканерлеп, оқитын және жазатын арнайы бағдарламалық құрылғы көмегімен жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді ол. Осы мақсатта ХҚКО-ларда, көші-қон орталықтарында арнайы дакти­лос­канер­лер орнатылады, солар арқылы келушілерден саусақ іздері жиналады. Ол деректер жеке куәліктегі чиптерге енгізіледі деп күтілуде. Бұл деректер уәкілетті органдарға, ІІМ-ге, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қолжетімді болатын көрінеді. Ал гендік тіркеу дегеніміз – тұлғаны сәйкестендіру үшін адамның ДНК-сының жеке ақпаратын және биологиялық мате­риалын жинауды, сақтауды және пайда­лануды білдіреді. Геномдік ақпарат қыл­мысты тергеу және ашу үшін қажет. Айталық, егер мәйіт өртеніп кетсе, жарылыс әсеріне ұшыраса, оның кім екенін анықтауға тек геномдық зерттеу көмектесе алады. Немесе адам зорланса, зорлықшыны да осы ақпарат негізінде тезірек табу мүмкін болады. Осы мақсатта деректер базасына ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардан, белгілі орны-мекені жоқтардан, із-түзсіз жоғалған адамдардың туыстарынан, өзінің кім екенін білмейтін делқұлы жандардан, тұлғасы анықталмаған мүрделерден гендік ақпарат жиналады. Басқа азаматтар «геномын» тапсырмайды. Ресми органдардың мәліметінше, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу көші-қон және шекаралық қалыпты ре­жимді қамтамасыз ету, терроризмге тосқауыл қою, сонымен бірге қылмыстардың ашылу көрсеткішін жоғарылату үшін керек. Бұл – халықаралық тәжірибе. ІІМ Жедел-криминалистикалық депар­таментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Садықовтың дерегінше, болашақта Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дактилоскопиялық тіркеуден өтуі тиіс. Егер жеке құжатын жо­ғал­тып алса немесе мерзімі біткендіктен жаңа­сын алуға келсе, осындай тіркеуден өтеді. Ертеректе өткен болса, вери­фикациялау, яғни тұлғасын растау рәсімінен өтуі шарт. Қорыта айтқанда, елде тұратын жергі­лік­ті және шетелдік әр адамның био­метриялық деректерін жинау қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға, үлкен миграциялық процестерді бақылауға, биліктің төтенше жағдайлар кезіндегі жұмыс тиімділігін еселеуге қызмет етеді. Асыққан алаяққа жем болады ІІМ Үкіметтің 2018 жылғы 31 қаңтардағы «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №36 ескі қаулысына түзету енгізетін Үкіметтің жаңа Қаулысы жобасын әзірлеп шықты. Ол қолын сканерге қоятын жатжұрттықтардың санатын да, олардың жүгіну негіздерін де арттырмақ. Құжатқа сәйкес, ішкі істер органдары Қазақстанда тұрақты тұрғысы, жұмыс істегісі келетін шетелдіктерден, азаматтығы жоқ тұлғалардан, сондай-ақ үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету үшін қазақстандықтар шақырған үй жұмыскерлерінен дактилос­копиялық ақпаратты жинауды жүзеге асырады. Мәселен, біздің олигархтар мен шалқыған байлар бала күтушіні, аспазды, бақшашыны, түрлі саладағы жаттықтыру­шыны, оққағарды шетелден алғызатыны жасырын емес. Осы аталған санаттағы шетелдік азамат­тар біріншіден, республикада тұрақты тұруға рұқсатты алуға жүгінгенде, екіншіден, жеке тұлғалардың қолында, үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін елге келгенде, үшіншіден, виза ресімдегенде, сондай-ақ шетелдік Қазақстанда тұруға ықтиярхатын, азамат­тығы жоқ адамның куәлігін, босқын куә­лігін, жол жүру құжатын бірінші рет ресімдегенде, қалпына келтіргенде немесе ауыстырғанда дактилоскопия рәсімдерінен өтуге міндетті болады. Егер саусақ және алақан іздері жеке құжатының чипінде және «Жеке басты биометриялық сәйкестендіру» (ЖБС) автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорында орналастырылған дактилос­копиялық ақпаратымен сәйкес келмесе, онда ол адамға қатысты тексеру іс-шаралары жүргізіледі. Егер шетелдік болса, өз еліне аластатылады. Әйтпесе, сарапшылар бет-жүзі ұқсас Қытай тұрғындары арасында Америкада өлген отандасының құжаттарын пайдаланып, АҚШ-қа ену схемасы кең таралғанын еске салады. Содан да болса керек, адамдардың дактилоскопиялық ақпараты «ЖБС» база­сында бұрынғыдай, ол дүние салған соң да жойылмайды, әр адам 100-ге толғанша, сақтала береді. Дактилоскопиялау не верификациялау нәтижесі арнайы анықтамамен рәсімделеді және ол еңбек мигрантына беріледі. Ол осы басты құжатын жоғалтпай, кез келген тексеріс кезінде көрсетуге тиіс болады. Бұған қоса, Үкімет «2022–2024 жылдарға арналған ұлттық цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасын құру бағдар­ламасын» әзірледі. Ұлттық платформаны іске асырудың болжамды құны 43 млрд 649,8 млн теңгені құрайды. Бұл шығынды республикалық бюджет пен Ұлттық банк көтермек. Нақтылай кетсек, республикалық бюджет жалпы сомасы 32 млрд 318,4 млн теңгеге ІІМ-нің есептеу инфрақұрылымын, бақылау биометриялық жүйесін дамытуды және жеке басты куәландыратын құжаттарды дербестендіруге арналған мамандан­дырыл­ған жабдық сатып алуды қаржыландырады. Өз кезегінде Ұлттық банк тек саусақ таң­ба­сымен шектелмей, көздің нұрлы қабығының көрінісін алып, сақтауға дейін кеңейту мақсатында «ЖБС» ААЖ-ын жаңғыртуды, сондай-ақ биометриялық бақылау жүйесінің пилоттық жобасын қаржыландырады. Бұл оған жалпы сомасы 11 млрд 331,4 млн теңгеге түспек. Мәселен, осыған қажетті құрылғылар мен серверлік жабдықтардың өзі 2,9 млрд теңге тұрады. Көздің нұрлы қабығының көрінісі жиналатын ІІМ деректер базасын құру, перифериялық жабдықтарды алу – 6,8 млрд теңге, идентификациялық деректерді алмасудың модернизацияланған орталығы 1,6 млрд теңге шығынды қажет етеді. ІІМ жүйесін жаңғыртуға 21,9 млрд теңге сұралды. Human Rights Watch ұйымы әлемдегі көптеген ел жинайтын осындай дербес деректердің сыртқа тарап кетпеуінің маңызын ескертіп, алаңдаушылық білдірді. Қазақстанда болашақта көздің нұрлы қабығының көрінісі түрлі құжат рәсімдеуде, тіпті онлайн кредит алуда пайдаланылады деп белгіленген. Бірақ мамандардың тұспалдауынша, ол көріністі алаяқтар линзаға басқызып, көзіне киіп алса, кез келген адамды алмастыра салуы ықтимал. Олай болса, қазақстандық құзырлы органдар бұл маңызды іске асығыс емес, мұқият дайындықпен кіріскені жөн. Ал оған дейін сырттан тасқындаған мигранттар легін бақылаудың өзге пәрменді тетіктері толық­қанды пайдаланылса игі.