ХХ ғасырда талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргіннің салқыны ұрпақ санасынан әлі де сейілген жоқ. Қаншама қара шаңырақты қаңыратып, халықты бостырған зобалаңның анық-қанығы мен шындығы жыл сайын ашылып жатыр. Бірақ біз білмейтін деректер жетерлік. Қуғынның кесірі тимеген жер жоқтың қасы. Сонымен, қуғын-сүргін қанша жылға созылған, құрбан болған адамдар саны нақты ма, оларға нендей жалған айып тағылды? Осы жөнінде тарихшы-ғалым Хангелді Әбжанмен сөйлестік.– Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жайын айтқанда көпшілік 1937-1938 жылдарды ғана еске алады. Яғни, осы кезеңде қазақтан шыққан зиялылардың біразы атылғанымен байланыстырады. Негізі қуғын-сүргін 1928 жылы басталып, ширек ғасырдан астам уақытқа созылды емес пе? Тіпті, оның соңын 60-жылдарға дейін ұластырып айтып жүргендер бар. Сіз қалай ойлайсыз, сол зобалаң салқыны расымен 60-жылдарға жетті ме?
– Қазақ даласына қуғын-сүргін Ресейге бодан болуды қабылдаумен бірге келді. Тәуелсіздігінен айырылған халықтардың бәрі тізгін кеткен соң зобалаңға ұшырайды. Бұл – заңды құбылыс. Жаттың өктемдігі күшейген сайын оған қарсы наразылықтың артып, ізінше қуғынның басталатыны анық. XVIII ғасырдағы Сырым Датұлы көтерілісінен 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісіне дейінгі тарихымыз қуғын-сүргінмен өрілді. Патшалық Ресейдің зобалаңын әшкерелеп, әлемге жайып салар кез әлі келеді. Ал Кеңес заманындағы қуғынның басы 1917 жылы басталды. Ахмет Байтұрсынұлы тап басып айтқандай, 17-жылғы Ақпан революциясын қазақтар қандай қуанышпен қарсылап алса, қазандағы дүрбелеңді сондай қорқынышпен қабылдады. Болшевиктердің билікке келгенін Әлихан Бөкейхан екінші Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама ретінде бағалаған. Көп ұзамай-ақ айтқандары айдай келді. Ресейдің байлығы мен билігіне ақтар мен қызылдар таласты, бірақ құрбаны қазақтар болды. Александр Колчак та, Александр Дутов та, Ленин де, Иосиф Сталин де қазақтың мүддесіне, нені қалайтынына басын қатырған жоқ. Әрқайсысы өз көздегенін жүзеге асырды. Негізінен сол бар әрекетін күш қолдану, қуғын-сүргінмен істеді. 1937 жылғы үлкен террор зорлық-зомбылықтың бір сәті ғана. Жалпы, қуғын Кеңес Одағы ыдырағанша жалғаса берді. 60-жылдардағы «Жас тұлпардың» тағдыры, 70-жылдары Хасен Қожахметтің сотталуы, 80-жылдары Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде көз жұмуы – бәрі айтқанымыздың айғақ дәлелі.
– Ресми деректер Қазақстан аумағында 103 мың адамның қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылғанын көрсетеді. Дегенмен бұл санға күмән келтірушілер өте көп. Мүмкін жапа шеккендер бұдан әлдеқайда көп болар?
– Әзірге «құпия» белгісімен сақталған құжаттармен таныс маман ретіндегі айтарым, 103 мың адам – мұзтаудың судан шығып тұрған шағын бөлігі ғана. Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 1 миллионнан асып жығылады. Халық көтерілісіне қатысқандардың дені ақталмай жатыр. Соғыс тұтқындары туралы да осыны айтуға болады. Ашаршылықтан өлгендерді, босқындарды қуғын-сүргін құрбандарына жатқызатын болсақ, 6 миллион адамнан кем болмайды. 1920 жылы кеңестік Қазақстанда 6 миллион қазақ тұрған екен. Бұл статистиканы сол тұста Қазақ атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев айтқан. Ал 1939 жылы өткен халық санағы нәтижесіне көз жүгіртсек, ауылдағы қазақтар саны 1 млн 900 мың ғана, қаладағыларының саны жарты миллионға да жетпеген. 19 жылда бір ұрпақ өсіп шығуы керек қой. Олар қайда? Қырылып қалған! Осы апаттың қырсығынан далада мал қалмады, ауылдар қатары сиреді. Орталық Қазақстанға бара қалсаңыз, елді мекендердің арасы 100-150 шақырым екенін көресіз. Кезінде іркес-тіркес ауылдар орналасқан еді ғой.
– Қуғын-сүргінге толықтай баға бермегеніміз анық. Шындығында ол кезең көптің жадындағы жара болып қалды. Аштық қолдан жасалды дейміз, бірақ осындай дүрбелеңдер үшін бұрынғы қандай құрылымды кінәлай аламыз. Ақтаған жөн, алайда қуғын көргендердің ұрпақтары алдында жауапкершілік бар секілді. Бәлкім, сол ұрпақтарына компенсация төлеген жөн шығар?
– Баға бермегеніміз жайлы дұрыс айтасыз. Егер «Кім кінәлі?» деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, 1917-1991 жылдар аралығындағы қуғын-сүргінге басты айыпты Мәскеу билігі, қостаушысы Қазақстан билігі кінәлі. Қытайда, Парижде, АҚШ-та отырып, қазаққа қастандық жасаған, арандатқан күштер болған емес. Болшевиктердің социалистік қоғам құру ілімі, артта қалған елдердің соған өтуі күш қолданумен жүзеге асырылғандықтан жұртты коммунистік идеядан жатсындырып алды. Бұл – бір. Екіншіден, капиталистік елдердің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық өсуі мен әлеуметтік саясаттағы табыстары, КСРО-ның шекарада темір перде орнатуы әлем елдерін ойлантпай тұрмады. Үшіншіден, социалистік лагерьге жататын КСРО, Қытай, Солтүстік Корея сияқты елдердегі кереғарлықтар, оның ішінде қуғын-сүргін де ғылыми коммунизмді утопиялық социализмге айналдырды.
Ал компенсация мәселесіне келер болсақ, Қазақстанның әлеуеті қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына компенсация төлеуге жетпейді. Ел ішінен кезінде қуғынға ұшырамаған отбасын таба алмайсыз. Менің ойымша, дұрысы Қазақстандағы социалистік құрылыс, қуғын, ашаршылық, Алаш қозғалысы жайлы саяси бағдарламалық ресми құжат қабылдау керек. Біз әлі күнге дейін екіұдай сөйлеп жүрміз. Бірде социализмді мақтаймыз, бірде даттаймыз. Осының аражігін ашу керек. Филипп Голощекинді, Левон Мирзоянды қара тақтаға жаздық. Сол қатардағы Ораз Исаевты, Жұмабай Шаяхметовті ұлт мақтанышына айналдырдық. 30-жылдардағы қазақ билігінің ақсақалы Ұзақбай Құлымбетовті Ақтөбе өңірі ғана ұлықтайды. Ал Ырғыздың тумасы Темірбек Жүргеновті одан он есе артық ұлықтайтын болдық. Әділдік қайда? Ұмытылғандар тізімі өте ұзын. Ұлттық тарихымыздың күрмеуі күрделі мәселелері бойынша беделді комиссия құрып, нақты тұжырымдама қабылдау керек шығар. Мен тарихи бірізділікті құптап отырған жоқпын, тарихи санамыз ақиқат пен әділдік тұғырында қалыптасқанын қалаймын.
– Қуғын көріп атылғаны бар, қамалғаны бар, былай да болмашы айыппен сотталғаны бар, бәрі КСРО-ның қылмыстық баптары бойынша кетті. Яғни, қазір ол жат, бөлек, бұрынғы бір кезеңдегі басқа елдің тергеу жүйесі саналады. Қалай ойлайсыз, сонда біз әлі күнге КСРО баптарын жиі ескеріп жүрген жоқпыз ба?
– Қазақстанның қазіргі қылмыстық кодексі Кеңестік жылдардағы қылмыстық кодекспен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Кеңестік кодекс 1922 жылы қабылданған екен. Ондағы 58-бап тармаққа бөлінбеген. Ал арада 4 жыл өткенде осы 58-баптың жиырмаға жуық тармақшасы болды. Және бәрі ең ауыр жазаға жол ашқан. Мынандай парадокс бар. «Егер жауапқа тартылған адамның қылмысы дәлелденбесе, ол адамды 6 айға абақтыға жабуға болады» дейді. Көрдіңіз бе, адамның ешқандай құқы жоқ, бір рет күдікке ілікті ме, болды, қамала береді. Әркім болмашы айыппен сотталды. Мына бір факт еске түседі. Семей өңірінде тұратын қарапайым қазақ түс көріпті. Түсінде көп жылан көрген. Ертеңінде түсін жұмыстағыларға айтқан екен, тыңдаған біреуі «жылан суық жәндік қой, биыл қыс жылы болатын шығар» деп жориды. Екіншісі сол әңгіменің тонын айналдырып, «Кеңес елін жыланға теңеді, көп ұзамай құлайды» деген мағынада сөз айтты деп, тиісті мекемеге жеткізеді. Сөйтіп түс көрген адам 10 жыл арқалап кете беріпті. Кремль басшылары қуғын-сүргінді әмбебап амал ретінде түсінді. Өздерін ешқашан кінәлі санаған емес. Мәселен, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың ең шарықтаған тұсы 1932 жыл еді. Сол жылы 17 қыркүйекте Орталық комитет «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы, оның ішінде мал шаруашылығы туралы» қаулы қабылдады. Құжаттың аты айтып тұр. Кремльге қымбаты адам емес, бағалысы мал ғана екен. Тура сол 1932 жылы қарашада Иосиф Сталин мен Вячеслав Молотов қол қойған телеграмма Қазақстанның басшылығына келіп түсті. Онда былай айтылған: «егер астық тапсыру жоспарын орындамасаңыздар, сіздерге қуғын-сүргін шараларын қолданамыз». Сонда қуғын-сүргінге сүйенгендік шеттен шыққаны сонша, басқаша ойлаудан да қалған екен ғой. Әрине, КСРО-ның 58, 59-баптарын қазір ешкім басшылыққа алып жұмыс істемейді. Бірақ сол «рухтан» алыстамаған заңгерлер бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрбандарды ақтау жүріп жатыр. Осы жұмыс басталғаннан бері жекелеген заңгерлер ең алдымен қуғын-сүргінге байланысты қабылданған, астыққа байланысты қаулы мен заңдардың күшін жою керек дейді. Құдай-ау, ол заңдар түгілі қазір мемлекеттің өзі жоқ қой. Жоқ мемлекеттің кезінде күші жойылмаған заңдарын «жойдық» деп жариялап отыру кімге керек? Біз сонда кімнен қорқып, кімге жалтақтап отырмыз? Кететін билік кетті. Енді олардың «мұрасына» жалтақтамай, өз заңымызбен қуғын-сүргіннің мәселесін шешуіміз керек. Бір қызығы, 1993 жылы қабылданған «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңда «қолына қару алып кеңес үкіметіне қарсы күрескендер ақталмайды» делінген. Осы заң әлі жұмыс істеп тұр. Сонда қолына қару алудан басқа амалы қалмаған адамдарды біз қарулы күреске барды деп ақтай алмасақ, қандай әділеттілікке жол ашамыз? Осындай парадокс әлі тірі, құтылатын уақытымыз әлдеқашан өтіп кеткен. Бағана Иосиф Сталин мен Вячеслав Молотовтың телеграммасын айттық қой, сол зілді бұйрық келгеннен кейін тура 3 күнде қазақ билігі Мәскеудің бұйрығын орындау үшін мынандай шаралар белгілейді: біріншіден, қара тізімге кірген ұжымшарларға несие беру тоқтатылсын, бұрын берілген несиелерді мерзімінен бұрын қайтарсын. Екіншіден, астық даярлауға қарсы шыққандарды арнайы органдар құзырына алу. Үшіншіден, оларды солтүстік облыстарға жер аударуды қарастыру. Мінеки, Мәскеудің ақ дегені де, қара дегені де әділдіктің, ақиқаттың соңғы үлгісіндей қабылданды. Олар адам тағдырына басын қатырған жоқ, Қазақстандағы «жаппарқұлдары» да алысқа бармады. Бізде Левон Мирзоянды ашаршылыққа қарсы күресте келе сала көп іс атқарды деп жатады. Мұны жоққа шығаруға болмас, дегенмен Мирзоянның өзі 1933-жылдың басында, қаңтарда келді, ал ашаршылыққа байланысты партияның пленумы 6 айдан кейін шақырылды. Жарты жыл бойы ашаршылыққа баға да берілмеді, кезек күттірмейтін шаралары да атқарылмады. Қазақ даласын билеп отырғандар Мәскеуден үлгі алып, соның құзырынан шыға алмай, ең сұмдық апатпен күресуде не табандылық, не кемелдік көрсетпеді. Біз тарихты ашығымен айтсақ, тарихи сана да дұрыс қалыптасар еді.
– Ал Қазақстанның аумағынан тыс жерлерде қуғын көрген қазақтардың жайы ұмыт қалғандай. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Қытайда, әріге барсаңыз Моңғолия жерінде қуғын көрген қандастар көп болды. Оларға да тарихи баға берудің қажеті бар шығар?
– Бұл – өте қиын мәселе. Өйткені оларды жазалаған ел – тәуелсіз ел, өзінің заңы бар, конституциясы бар, біз оған «мына заңың қате, ана заң дұрыс» деп айта алмаймыз. Егер қуғынмен адам құқы тапталып жатса, сол заманда наразылық білдіру керек еді. Енді арада жарты ғасыр шамасындай уақыт өтіп кеткеннен кейін біздің баға бергеніміз сол елдің ішкі ісіне араласумен пара-пар. Біреудің ішкі мәселесіне араласуға хақымыз жоқ. Бірақ зерттеулерде, жекелеген еңбектерде бұл мәселе айтылып жатса, мысалдар келтіріліп жатса, ешкім қарсы болмайды. Нәбижан Мұхамедханұлы атты тарихшымыз бар. Қытай тілін біледі, дерегін оқи алады. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытайға өтіп кеткен қазақтардың ауыр хәлі туралы қытай деректерін сөйлете отырып еңбек жазды. Міне, бұл – құптауға тұратын шаруа. Қандастарымыз, бауырларымыз туралы айтқанда жекелеген адамдар дауысын көтерсе болады. Мемлекеттік деңгейде бұрынғыны бұлдау пәтуалы бола бермейді. Тарихшылар өз міндетін сапалы орындаса жаман болмас еді.
– Әңгімеңізге рақмет!