Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды
Маңғыстаудағы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды
Биылғы 30 мамырда Ақтау қалалық сотының үкімімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев күн панельдерін жеткізушілерден субсидия беру кезінде жалпы қамқорлығы үшін пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылып, оған 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Антикордың ресми Телеграм-арнасының мәліметінше, сондай-ақ, күн панельдерін жеткізушілер Шынболат Құмар, Жақсылық Аралбаев пара бергені үшін сотталып, әрқайсысына 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
"Сонымен қатар, сот «Байсырымов» ЖК иесін жалған құжаттарды ұсыну арқылы субсидия сомасын алған алаяқтық фактісі бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу тағайындады. Сотталғандардың қылмыстық іс-әрекеті нәтижесінде мемлекетке 6,9 миллион теңге көлемінде залал келтірілді", - деп жазды ақпарат көзі.