Референдум: Әлемде, әр елде...
Референдум: Әлемде, әр елде...
634
оқылды
Референдум әлемнің бірқатар елінде аса маңызды саяси шешімдерді шығаруда халықпен санасудың құралы ретінде мойындалған. Тіпті, кейбір елдерде референдум жалпыхалықтық сипат алмаса да, белгілі аймақтағы өзекті мәселелерге байланысты тұрғындардың ой-пікірімен санасып тұрған. Бүгінде әлем елдері арасында жалпыхалықтық референдум өткізушілердің арасында Швейцария көш басында тұр. Бұл елде 1848-2010 жылдар аралығында 569 ұлттық референдум өткізіліп, халыққа елдің ертеңі үшін маңызды шешім шығаруға мүмкіндік берілген. Швейцария билігі референдумға әртүрлі мәселені шығарып отырады. Олардың қатарында елдегі құқықтық қатынасты реттеу, билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктен бөлек көлік, салық, сақтандыру, әскери іс сияқты ірілі-ұсақты мәселелерді де кезіктіруге болады. Тіпті, мұнда экология, еңбек жағдайы, елге шетелдіктердің кіру мәселелері де жалпы халықтың талқысына салынады. Ұлыбританияда әу баста референдумды Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігін жоятын институт ретінде қабылдады. Өткен ғасырдың басында лордтар партиясы бірінші рет Бюджет туралы заңды қабылдамай тастаған соң референдум өткізу жайында айтыла бастады. Сонда да болса билік ұзақ уақыт бойы бір шешімге келе алмады. Тек 1975 жылдың 5 маусымында британ билігі халыққа «Біріккен Корольдіктің Еуропа қауымдастығында қалуын қолдайсыз ба? » деп сауал тастады. Ұлыбритания тарихында алғаш рет ұлттық деңгейде өткен референдумға қатысушылардың 64,5 пайызы бұл шешімді қолдайтынын білдірсе, қалған 32,8 пайызы Біріккен Корольдіктің ортақ нарықты болуына қарсылық танытқан. Бұдан соң Ұлыбританиядағы ұлттық референдум араға 36 жыл салып өтті. Елде 2010 жылдың көктемінде ұйымдастырылған сайлау нәтижесіне байланысты өзекті мәселе қайтадан халықтың талқысына салынды. Аталған сайлаудың қорытындысы бойынша елдегі партиялардың ешқайсысы заң шығарушы палатада көп орынға ие болған жоқ. Бұл ел Үкіметін жасақтауға кедергі келтірді. Осыған орай 2011 жылдың 5 мамырындағы жалпыұлттық референдумда заң шығарушы палатаны баламалы дауыс беру құқығына ие жаңа мажоритарлық жүйемен жасақтау ұсынылған. Алайда референдумға қатысушылардың 70 пайызы бұл жүйені қолдамады. Осылайша, елде жетекші 2 партия арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп келген бұрынғы жүйе өзгеріссіз қалды. Есесіне ағылшындар өткен ғасырдың орта шенінен бастап жергілікті деңгейдегі референдум ұғымын қолданысқа енгізді. Оларда көбіне жергілікті биліктің шешіміне қатысты мәселелер талқыланады. АҚШ-та әлемдік тәжірибеге сүйеніп, азаматтардың бастамасымен жалпыхалықтық референдумды жиі өткізетін мемлекеттердің қатарына жатады. Әрине, олардың дені штаттардың деңгейінде өтіп жатады. Сонда да бұл мәселеде Америка Швейцарияның өзін шаң қаптырып кетті. Өткен ғасыр мен жаңа ғасыр аралығында елде 2 231 рет референдум өткізілген екен. Аталған саяси шараның 909-ында бастамашыл топ өздері қалаған өзгерістерді жүзеге асыра алды. Бір қызығы, АҚШ-та халықаралық атауына сай бұл шара референдум деп аталғанымен, жергілікті жұрт оны ұсыныс, дауыс беру сұрақтары деп сипаттайды. Құрама Штаттардағы референдум әдетте қабылданған заңды жүзеге асыруға тыйым салуды көздейді. Саясаттану ғылымында референдумның жалпыұлттық, жергілікті, міндетті және факультативті сияқты негізгі түрлері бар. Сондай-ақ оның парламентке дейінгі және кейінгі, парламентішілік түрлеріне сипаттама берілген. Әлемдік тәжірибеде көп жағдайда конституциялық референдум қолданылады. Референдумның бұл түрінде дауыс берушілер біздегідей негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты таңдау жасайды. Дания, Ирландия сияқты елдер Конституцияға енгізілген әр өзгерісті халықтың талқысына салу тәжірибесі бар. Бір сөзбен айтқанда, қай елде болмасын референдум демократияның құралы және халықпен бірлескен шешім қабылдауды білдіреді. Ал референдумның күн тәртібіне елдің саяси ұстанымдарына және билік пен бұқара арасындағы байланыс деңгейіне байланысты әрқилы мәселе шығарылып отырады.  

Ш.АТЫХАНҰЛЫ