Тілегі сендер, тірегі сендер...
Тілегі сендер, тірегі сендер...
© фото: Радмир Фахрутдинов
617
оқылды
Бүгінгі бала қандай болса, елдің ертеңі сондай болмақ. Ендеше балаларды қорғауға мемлекет баса мән бергені жөн. Қазақстан  халқын Жаңа жылмен құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Ба­лалар жылы» деп жариялады. Президент билікке осы жылды бос ұранмен, мерекелік думанмен өткізбеуді, бірінші кезекте балалардың дамуына, әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл тұрғыда не істелді? Қазақстан жасарып келеді Президенттің 2022 жылғы 19 қаң­тар­дағы «Балалар жылын жариялау туралы» №780 Жарлығы Қ.Тоқаевтың жаңажылдық мәлімдемесінің қисынды жалғасына айналды. Жарлық негізінде Үкіметтің 2022 жылғы 20 наурыздағы №148 қаулысымен «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Ол 50 іс-шарадан тұрады. Жалпы, халқымыздың басы қалай өс­кенін, тіпті ұлтымыздың болашағы жа­­йын балалар санының көбеюіне қа­рап бағалауға болады. Мысалы, 2011 жылы Қа­зақстанда 4 миллион 851 мың 538 ба­ла болыпты. Ал 2021 жылы дүние есі­гін ашқан сәбиден 17 жасқа дейінгі ба­лалар саны 6 миллион 295 мың 590-ға жетті. Бүкіл халқымыздың жалпы санын­дағы балалардың үлесі 2015 жылғы 30,4 пайыздан 2021 жылы 33,3 пайызға артты. Яғни, қазақ елі жас ұлттардың біріне айналып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресейде балалардың жал­пы халық санындағы үлесі жыл сайын тоқтаусыз азаюы байқалады. Және де 2020 жылғы 20,1 пайыздан бүгінде 17,7 пайызға дейін кеміген. Бұрын демографтар қала халқы демографияға көп үлес қоспайтынын, қалалық отбасылар екі-үш баламен шек­телетінін жиі қайталайтын. Қазір жағ­дай өзгеріпті. Нәтижесінде, Қазақ­станда қала тұрғындары арасындағы балалардың үлесі 2015 жылғы 28 па­йыздан 2021 жылы 31,8 пайызға артты. Бұл қарқын жалғасса, бейбіт заман бастан аумаса, қазақ елінде ауыл және қала халқының жартысына жуы­ғын 18-ге дейінгі бозбалалар мен бой­жеткендер құрауы ғажап емес. Білекке емес, білімге сенетін заман Үкімет осы жылды балаларға арнаға­нын ұмытып кеткен жоқ. Балалар жылы аясындағы іс-шаралардың жүзеге асы­рылу мәселелері жөнінде кеңес өтіп тұ­рады. Мысалы, Премьердің орынба­сары Ералы Тоғжановтың төрағалы­ғымен таяуда өткен кеңес отырысында балалардың жазғы демалысын ұйым­дастыру және балалардың құқығын қорғау мәселелері қаралды. Балалар бақытты болуы үшін білім ордалары да заманға лайық болуға тиіс. Апатты мектептер саны 2019 жылғы 39-дан 32-ге дейін азайыпты. Үш ауы­сымды мектептер саны 2020 жылғы 159-дан былтыр 147-ге дейін кеміді. Оқушылар саны жыл санап өсіп келеді. 2010-2011 оқу жылында 2 мил­лион 531 мың оқушы болса, 2020-2021 оқу жылында 3 миллион 481 мың 464-ті құрады. Қазір 3,6 миллион оқушы бар. Шағын жинақты мектептердегі бала саны 192,6 мың. Білім және ғылым ми­нистрлігі апатты және үш ауысымды мек­тептер проблемасын шешу және оқу­шы орындарының тапшылығын жою үшін 2022 жылы нысаналы құры­лыс есебінен жаңа мектептерді іске қоспақ. БҒМ вице-министрі Ғани Бейсем­баев өз кезегінде жыл сайын балаларды жазғы демалыспен қамту көрсеткіші артқанын қаперге салды: «Жазғы дема­лыс кезінде сауықтыру лагерлерінде 2,3 миллион оқушы демалады. Бұл өткен жылға қарағанда жарты миллионға көп. Сондай-ақ биыл сауықтыру лагері мен алаң саны айтарлықтай өсті. Респуб­ликада 11 мыңнан астам мектеп жа­нындағы, қала сыртындағы, шатыр­лы, спорт­тық, киіз үй лагері жұмыс істей­ді», – дейді ол. Балалар жылының тағы бір игілігі – білім қуған шәкірттердің білікті маманға айналуына мүмкіндігі молаяды: биылғы күзге қарай қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін үлестірілетін тегін мемлекеттік гранттар саны 73 мыңға дейін артады. Президент Қ.Тоқаев таяуда халық­аралық пәндік олимпиаларда жеңіске жеткен оқушыларға біржолғы ақшалай сыйақы беруді қарастыратын заңға қол қойды. Оған сәйкес, алтын медаль алған шәкіртке 1 500 АЕК (4,6 млн теңге), кү­міс медальға 1 000 АЕК, қола медаль ие­геріне 500 АЕК сыйақы беріледі. Же­ңім­пазды даярлаған педагогке осынша сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ ха­лық­аралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері отандық ЖОО-ға түс­кісі келсе, оған автоматты түрде мем­лекеттік грант беріледі. Мәдениет пен білімнен қатар сусындайды Өткен аптада Қазақстанда жазғы мектеп басталды. Ол 17 маусымға дейін жалғасады. Бүгінде 2 миллиондай бала осы мүмкіндікті пайдаланып, білімін шыңдап жатыр. Министрліктің сенді­руінше, оның барлығы уақытты тиімді өткізіп, ыңғайлы кестемен оқиды. Жаз­ғы мектептер емтихан тапсыратын 9-11-сынып оқушыларынан басқа бар­лық оқушы үшін ұйымдастырылған. Оқушылар сабаққа дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта қатысады. Математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия сияқты негізгі пәндер бойынша сабақ­тар өткізіледі. [caption id="attachment_198922" align="alignleft" width="1200"]балалар жылы © фото: Радмир Фахрутдинов[/caption] – Оқу қызықты форматта өтеді. Мы­салы, сабақтар музейлерде, таза ауа­да, әртүрлі экскурсия түрінде ұйым­дас­тырылады. Жазда балалар бар уақытын телефонға шұқшиюға, компьютерлік ойындарға босқа шығындайды. Әрине, ата-аналар баласына кітап оқудың, өздігінше заманауи білім алудың дұрыс екенін түсіндергені абзал. Балалардың жазғы мектептегі оқуға қызығушы­лы­ғын, ынтасын арттыру үшін мұғалімдер баға қойып, үй тапсырмасын бермейді. Ал мектеп әкімшілігі мен ұстаздар жазда оқу барынша қызықты әрі танымды өтуі үшін барлық жағдайды жасауы керек. Қазірдің өзінде ата-аналар жақсы пікір айтып жатыр, – дейді БҒМ-нің Мек­тепке дейінгі және орта білім комите­тінің төрайымы Гүлмира Кәрімова. Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына биылғы қара­шада Astana Piano Passion республикалық жас пианистер конкурсын, шілдеде «Жас құтқарушы» республикалық сле­тін, екінші жартыжылдықта жас бло­герлер мен журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, еріктілер, жол қоз­ғалысы инспекторлары арасындағы өңірлік конкурстарын ұйымдастыру көзделген. Желтоқсанда жеке білім, шығармашылық спорттық жетістіктерін паш етудің жаңа технологиясын – «Оқу­шының, мектеп түлегінің электронды портфолиосы» жобасын енгізу жоспар­ланған. Өзге де жобалар жетерлік. Қыр­күйектен бастап әр өңірде Бала құқық­тары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымы енгізілмек. Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Нұрғиса Дәуешов ведомство желісі бойынша 9 іс-шара көзделгенін, оның 5-еуі өткізілгенін және 1 миллион­нан астам баланы қамтығанын хабар­ла­ды. Қалған 4 жоба жылдың ІІ жарты­сында іске асырылады. Сондай-ақ ми­нистрлік жергілікті әкімдіктермен тізе қосып, спорт инфрақұрылымын дамы­тудың жоспар-кестесінің жобасын әзір­леді. Оның аясында республика бо­йын­ша 113 жаңа нысан салынады, 21 нысан жаңғыртылады. 6 ірі нысан қосымша жа­рақтандырылады. Ұлттық мектеп ли­гасының бағдарламасымен тоғыз­құ­малақ, үстел теннисі, асық ату, волейбол, футбол, футзал, гандбол, баскетбол, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрімен 2,7 миллионнан астам бала қамтылмақ. Үкімет Балалар жылын өткізуге жауапты барлық уәкілетті органға осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсыр­ды. Жергілікті атқарушы органдарға мектептер салу ісін жеделдету қажет еке­ні ескертілді. Ұрпақтың саулығы үшін Негізі, «AMANAT» партиясы және оның Мәжілістегі фракциясының депу­таттары Балалар жылының жоспарын қайта қарап, жаңа мазмұнды шаралар­мен толықтыру керегіне назар аудартты. Нақты ұсыныстар да енгізілген. Сонда жылдың екінші жартысында жаңа жо­балар мен бағдарламаларды қолға алуға болар еді. Мысалы, балалар омбудсмені Аружан Сайын «Барлық оқушыға – тегін тамақтану» бағдарламасын енгізуді ұсынады. «Қазіргі балалар дәмді, тәтті, бірақ денсаулыққа зиянды азық-түлік өнім­деріне тым құмар. Жағдайды өзгерту үшін бүкіл баланың күніне 1 рет дұрыс тамақтануына, сіңімді, сапалы ас ішуіне жағдай жасау керек. Өйткені мидың қалыпты жұмыс істеуі, ағзаның жақсы дамуы негізінен дәруменді тамаққа бай­ланысты. Мұны іске асыру үшін қы­руар бюджеттік қаражат, сондай-ақ мемле­кеттің, бизнестің және қоғамның бір­лес­кен үлкен жұмысы керек. Әйтсе де, бар­лық шығын мен еңбек артығымен ақ­та­лады. Ең бастысы, нақты жұмыс іс­тейтін, жемқорлықтан ада тетікті түзіп, іске қосу қажет», – деді балалар омбудсмені. Дамыған елдерде бұл мәселе баяғыда шешілген. Оның үстіне, БҰҰ мектептегі тамақтандыруды шешілуге тиіс аса маңызды міндет деп белгілеп, «адам­заттың орнықты дамуы мақсаттарына» қосты. БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының есептеуінше, оқу­шыларды тамақтандыруға салынған әрбір доллар экономикаға 9 доллар қай­тарым береді. Оның арасында ша­ғын және орта бизнестің дамуы, жап­сар­лас салаларға, жергілікті кәсіпорын­дарға мультипликативтік әсері, жас ұрпақтың саулығы, отбасы бюджетіне түсетін шығынның азаюы және басқасы кіреді. Мұндай ғаламат тиімділікті тіпті ірі индустриалдық жобалар бере ал­майды. Әрбір 100 мың оқушыны тамақ­тандыру қосымша 2 мыңдай жұмыс ор­нының ашылуына септеседі. Жергі­лікті азық-түлік өндірушілер, ауыл шаруашылығы өндірісі өркендейді. Балалар жылы әзірге ортасына да жеткен жоқ. Дегенмен тыңғылықты, жан-жақты шаралар қолға алынып жат­қаны байқалады. Мысалы, Қазақстан мектептердің даладағы дәретханала­ры­нан толық бас тартып, оларды білім ор­дасының ішіндегі жылы әжетханалар­мен тегіс ауыстырып жатыр. Кеңес кезінде бұл көрініс жаппай сипат алды, бодан ел үнсіз көнді. Тәуелсіздік арқа­сында еліміз ұсақ-түйек демей, мұндай мәселелерді де шешіп, өркениетті деңгейге жеткізуге ден қойды. Мектептер бейнебақылаумен жаб­дықталды. Президенттің тапсырмасы­мен оқушылар арасындағы буллингпен, кибербуллингпен күрестің күшейтілуі де Балалар жылының бір игілігі болса керек. Атаулы жыл аясында «АртСпорт» тұғырнамасы да дамытылып жатыр. Оның аясында балалар үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатыса алады. 4-18 жас аралығындағы 400 мыңнан ас­там бала спортпен және өнермен ай­налыса алды. Мемлекет сондай-ақ мү­ге­дектігі бар балаларды қолдау, әлеу­мет­тік жәрдемақыларды арттыру, жетім ба­лалардың құқығын қорғау мәселе­лерінде жетістіктерге қол жеткізді. Кез келген ата-ана өз баласының үлкен азамат, мықты маман, ең бастысы – әрдайым дені сау, қарны тоқ, киімі бүтін, көңілі көтеріңкі, болашағы жар­қын болғанын қалайды. Мемлекет те баршаға ортақ ата-анадай «бар жақсы­лық балаларға» деген қағидатты берік ұстанып отыр. Балалар жылы жас ұрпа­ғымыздың қауіпсіз, бейбіт, бақуатты заманда өмір сүруі, жақсы білім алуы, жан-жақты дамуы үшін қажетті мүмкін­діктер көкжиегін кеңейте түседі деген сенім бар.