Бүгінгі бала қандай болса, елдің ертеңі сондай болмақ. Ендеше балаларды қорғауға мемлекет баса мән бергені жөн. Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент билікке осы жылды бос ұранмен, мерекелік думанмен өткізбеуді, бірінші кезекте балалардың дамуына, әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасайтын нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл тұрғыда не істелді? Қазақстан жасарып келеді Президенттің 2022 жылғы 19 қаңтардағы «Балалар жылын жариялау туралы» №780 Жарлығы Қ.Тоқаевтың жаңажылдық мәлімдемесінің қисынды жалғасына айналды. Жарлық негізінде Үкіметтің 2022 жылғы 20 наурыздағы №148 қаулысымен «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді. Ол 50 іс-шарадан тұрады. Жалпы, халқымыздың басы қалай өскенін, тіпті ұлтымыздың болашағы жайын балалар санының көбеюіне қарап бағалауға болады. Мысалы, 2011 жылы Қазақстанда 4 миллион 851 мың 538 бала болыпты. Ал 2021 жылы дүние есігін ашқан сәбиден 17 жасқа дейінгі балалар саны 6 миллион 295 мың 590-ға жетті. Бүкіл халқымыздың жалпы санындағы балалардың үлесі 2015 жылғы 30,4 пайыздан 2021 жылы 33,3 пайызға артты. Яғни, қазақ елі жас ұлттардың біріне айналып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, көрші Ресейде балалардың жалпы халық санындағы үлесі жыл сайын тоқтаусыз азаюы байқалады. Және де 2020 жылғы 20,1 пайыздан бүгінде 17,7 пайызға дейін кеміген. Бұрын демографтар қала халқы демографияға көп үлес қоспайтынын, қалалық отбасылар екі-үш баламен шектелетінін жиі қайталайтын. Қазір жағдай өзгеріпті. Нәтижесінде, Қазақстанда қала тұрғындары арасындағы балалардың үлесі 2015 жылғы 28 пайыздан 2021 жылы 31,8 пайызға артты. Бұл қарқын жалғасса, бейбіт заман бастан аумаса, қазақ елінде ауыл және қала халқының жартысына жуығын 18-ге дейінгі бозбалалар мен бойжеткендер құрауы ғажап емес. Білекке емес, білімге сенетін заман Үкімет осы жылды балаларға арнағанын ұмытып кеткен жоқ. Балалар жылы аясындағы іс-шаралардың жүзеге асырылу мәселелері жөнінде кеңес өтіп тұрады. Мысалы, Премьердің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен таяуда өткен кеңес отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалардың құқығын қорғау мәселелері қаралды. Балалар бақытты болуы үшін білім ордалары да заманға лайық болуға тиіс. Апатты мектептер саны 2019 жылғы 39-дан 32-ге дейін азайыпты. Үш ауысымды мектептер саны 2020 жылғы 159-дан былтыр 147-ге дейін кеміді. Оқушылар саны жыл санап өсіп келеді. 2010-2011 оқу жылында 2 миллион 531 мың оқушы болса, 2020-2021 оқу жылында 3 миллион 481 мың 464-ті құрады. Қазір 3,6 миллион оқушы бар. Шағын жинақты мектептердегі бала саны 192,6 мың. Білім және ғылым министрлігі апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу және оқушы орындарының тапшылығын жою үшін 2022 жылы нысаналы құрылыс есебінен жаңа мектептерді іске қоспақ. БҒМ вице-министрі Ғани Бейсембаев өз кезегінде жыл сайын балаларды жазғы демалыспен қамту көрсеткіші артқанын қаперге салды: «Жазғы демалыс кезінде сауықтыру лагерлерінде 2,3 миллион оқушы демалады. Бұл өткен жылға қарағанда жарты миллионға көп. Сондай-ақ биыл сауықтыру лагері мен алаң саны айтарлықтай өсті. Республикада 11 мыңнан астам мектеп жанындағы, қала сыртындағы, шатырлы, спорттық, киіз үй лагері жұмыс істейді», – дейді ол. Балалар жылының тағы бір игілігі – білім қуған шәкірттердің білікті маманға айналуына мүмкіндігі молаяды: биылғы күзге қарай қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін үлестірілетін тегін мемлекеттік гранттар саны 73 мыңға дейін артады. Президент Қ.Тоқаев таяуда халықаралық пәндік олимпиаларда жеңіске жеткен оқушыларға біржолғы ақшалай сыйақы беруді қарастыратын заңға қол қойды. Оған сәйкес, алтын медаль алған шәкіртке 1 500 АЕК (4,6 млн теңге), күміс медальға 1 000 АЕК, қола медаль иегеріне 500 АЕК сыйақы беріледі. Жеңімпазды даярлаған педагогке осынша сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері отандық ЖОО-ға түскісі келсе, оған автоматты түрде мемлекеттік грант беріледі. Мәдениет пен білімнен қатар сусындайды Өткен аптада Қазақстанда жазғы мектеп басталды. Ол 17 маусымға дейін жалғасады. Бүгінде 2 миллиондай бала осы мүмкіндікті пайдаланып, білімін шыңдап жатыр. Министрліктің сендіруінше, оның барлығы уақытты тиімді өткізіп, ыңғайлы кестемен оқиды. Жазғы мектептер емтихан тапсыратын 9-11-сынып оқушыларынан басқа барлық оқушы үшін ұйымдастырылған. Оқушылар сабаққа дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта қатысады. Математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, физика, химия сияқты негізгі пәндер бойынша сабақтар өткізіледі. [caption id="attachment_198922" align="alignleft" > © фото: Радмир Фахрутдинов[/caption] – Оқу қызықты форматта өтеді. Мысалы, сабақтар музейлерде, таза ауада, әртүрлі экскурсия түрінде ұйымдастырылады. Жазда балалар бар уақытын телефонға шұқшиюға, компьютерлік ойындарға босқа шығындайды. Әрине, ата-аналар баласына кітап оқудың, өздігінше заманауи білім алудың дұрыс екенін түсіндергені абзал. Балалардың жазғы мектептегі оқуға қызығушылығын, ынтасын арттыру үшін мұғалімдер баға қойып, үй тапсырмасын бермейді. Ал мектеп әкімшілігі мен ұстаздар жазда оқу барынша қызықты әрі танымды өтуі үшін барлық жағдайды жасауы керек. Қазірдің өзінде ата-аналар жақсы пікір айтып жатыр, – дейді БҒМ-нің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова. Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына биылғы қарашада Astana Piano Passion республикалық жас пианистер конкурсын, шілдеде «Жас құтқарушы» республикалық слетін, екінші жартыжылдықта жас блогерлер мен журналистер, дизайнерлер, ақындар, әншілер, еріктілер, жол қозғалысы инспекторлары арасындағы өңірлік конкурстарын ұйымдастыру көзделген. Желтоқсанда жеке білім, шығармашылық спорттық жетістіктерін паш етудің жаңа технологиясын – «Оқушының, мектеп түлегінің электронды портфолиосы» жобасын енгізу жоспарланған. Өзге де жобалар жетерлік. Қыркүйектен бастап әр өңірде Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымы енгізілмек. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ведомство желісі бойынша 9 іс-шара көзделгенін, оның 5-еуі өткізілгенін және 1 миллионнан астам баланы қамтығанын хабарлады. Қалған 4 жоба жылдың ІІ жартысында іске асырылады. Сондай-ақ министрлік жергілікті әкімдіктермен тізе қосып, спорт инфрақұрылымын дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі. Оның аясында республика бойынша 113 жаңа нысан салынады, 21 нысан жаңғыртылады. 6 ірі нысан қосымша жарақтандырылады. Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасымен тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, волейбол, футбол, футзал, гандбол, баскетбол, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрімен 2,7 миллионнан астам бала қамтылмақ. Үкімет Балалар жылын өткізуге жауапты барлық уәкілетті органға осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдарға мектептер салу ісін жеделдету қажет екені ескертілді. Ұрпақтың саулығы үшін Негізі, «AMANAT» партиясы және оның Мәжілістегі фракциясының депутаттары Балалар жылының жоспарын қайта қарап, жаңа мазмұнды шаралармен толықтыру керегіне назар аудартты. Нақты ұсыныстар да енгізілген. Сонда жылдың екінші жартысында жаңа жобалар мен бағдарламаларды қолға алуға болар еді. Мысалы, балалар омбудсмені Аружан Сайын «Барлық оқушыға – тегін тамақтану» бағдарламасын енгізуді ұсынады. «Қазіргі балалар дәмді, тәтті, бірақ денсаулыққа зиянды азық-түлік өнімдеріне тым құмар. Жағдайды өзгерту үшін бүкіл баланың күніне 1 рет дұрыс тамақтануына, сіңімді, сапалы ас ішуіне жағдай жасау керек. Өйткені мидың қалыпты жұмыс істеуі, ағзаның жақсы дамуы негізінен дәруменді тамаққа байланысты. Мұны іске асыру үшін қыруар бюджеттік қаражат, сондай-ақ мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлескен үлкен жұмысы керек. Әйтсе де, барлық шығын мен еңбек артығымен ақталады. Ең бастысы, нақты жұмыс істейтін, жемқорлықтан ада тетікті түзіп, іске қосу қажет», – деді балалар омбудсмені. Дамыған елдерде бұл мәселе баяғыда шешілген. Оның үстіне, БҰҰ мектептегі тамақтандыруды шешілуге тиіс аса маңызды міндет деп белгілеп, «адамзаттың орнықты дамуы мақсаттарына» қосты. БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының есептеуінше, оқушыларды тамақтандыруға салынған әрбір доллар экономикаға 9 доллар қайтарым береді. Оның арасында шағын және орта бизнестің дамуы, жапсарлас салаларға, жергілікті кәсіпорындарға мультипликативтік әсері, жас ұрпақтың саулығы, отбасы бюджетіне түсетін шығынның азаюы және басқасы кіреді. Мұндай ғаламат тиімділікті тіпті ірі индустриалдық жобалар бере алмайды. Әрбір 100 мың оқушыны тамақтандыру қосымша 2 мыңдай жұмыс орнының ашылуына септеседі. Жергілікті азық-түлік өндірушілер, ауыл шаруашылығы өндірісі өркендейді. Балалар жылы әзірге ортасына да жеткен жоқ. Дегенмен тыңғылықты, жан-жақты шаралар қолға алынып жатқаны байқалады. Мысалы, Қазақстан мектептердің даладағы дәретханаларынан толық бас тартып, оларды білім ордасының ішіндегі жылы әжетханалармен тегіс ауыстырып жатыр. Кеңес кезінде бұл көрініс жаппай сипат алды, бодан ел үнсіз көнді. Тәуелсіздік арқасында еліміз ұсақ-түйек демей, мұндай мәселелерді де шешіп, өркениетті деңгейге жеткізуге ден қойды. Мектептер бейнебақылаумен жабдықталды. Президенттің тапсырмасымен оқушылар арасындағы буллингпен, кибербуллингпен күрестің күшейтілуі де Балалар жылының бір игілігі болса керек. Атаулы жыл аясында «АртСпорт» тұғырнамасы да дамытылып жатыр. Оның аясында балалар үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатыса алады. 4-18 жас аралығындағы 400 мыңнан астам бала спортпен және өнермен айналыса алды. Мемлекет сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды қолдау, әлеуметтік жәрдемақыларды арттыру, жетім балалардың құқығын қорғау мәселелерінде жетістіктерге қол жеткізді. Кез келген ата-ана өз баласының үлкен азамат, мықты маман, ең бастысы – әрдайым дені сау, қарны тоқ, киімі бүтін, көңілі көтеріңкі, болашағы жарқын болғанын қалайды. Мемлекет те баршаға ортақ ата-анадай «бар жақсылық балаларға» деген қағидатты берік ұстанып отыр. Балалар жылы жас ұрпағымыздың қауіпсіз, бейбіт, бақуатты заманда өмір сүруі, жақсы білім алуы, жан-жақты дамуы үшін қажетті мүмкіндіктер көкжиегін кеңейте түседі деген сенім бар.