Сарыағашта мұғалім мектепте 9-сынып оқушысын зорлаған
Сарыағашта мұғалім мектепте 9-сынып оқушысын зорлаған
© crimeantatars.club
1,302
оқылды
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінді. Сорақысы сол, бұл оқиға мектеп қабырғасында болған көрінеді,– деп хабарлайды Экспресс К.
Шымкенттік журналист Саида Турсуметованың мәліметінше, мектептегі оқиға болған жердің суреті полиция мен мұғалімдердің бірінде бар екен.  Бұл туралы Facebook парақшасында жазды. Автордың жазуынша, бұл жағдайдан кейін мектеп директоры ұжымды шұғыл жинапты. Оқиғаны жылы жауып қою үшін мұғалімдерден ақша жинайтын болған көрінеді.
«Оқушының ата-анасы қыздарының абыройын қаншаға бағалайды?» деген сұрақ туындайды. Әлгі ұстаз оқушы қызға үйленуге ниетті көрінеді. Бірақ қалай? Оның отбасы бар ғой», –  делінген жазбада.
Ал Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасындағылар оқиғадан хабардармыз деп отыр.
«Бұл мәселемен құзырлы органдар айналысуда. Ішкі тексеріс жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Әзірге ешқандай өзге ақпарат жария етілмейді. Егер ақпарат расталса, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы тиісті шара қолданады»,  – дейді басқармадағылар.
Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер аталған оқиға бойынша қылмыстық істің тіркелгенін растады. 30 мамыр күні Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған қызына сексуалды сипаттағы іс-әрекетке қатысты арызданған.
«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша тіркелді. Күдікті жас жігіт анықталып, ұсталды. Қазір  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптама  тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – дейді департаменттегілер.
Істі Полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алып отыр. Басылым тілшісі күдікті болған мұғалімнің өзімен байланысқа шыққанымен, педагог пікір білдіруден бас тартты. Барлығын сот шешеді деп қысқа қайырды.