Ғылымға айрықша мәртебе
Ғылымға айрықша мәртебе
428
оқылды
Алматы қаласына жұмыс сапа­ры кезінде Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысты. Президент ең алдымен ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жыл­дығымен құттықтап, мұны еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат ба­ласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталды. – Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқо­жин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріп­пен жазылды. Олардың әрқайсысы өз сала­сының асқар шыңын бағын­дырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өл­шеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар пер­зент­терінің еңбегін әр­да­йым жады­мыз­да сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бү­гінде жас ғалым­да­рымыз сол алыптар­дың ізін басып, жолын жалғап келеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер болып, саланы тежеп отырған түйткілдерді шешу үшін нақты жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар өткен аптада Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын айтып, еліміздегі 22 мыңнан астам ғалым санын осыдан 30 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда көп емес екенін атап өтті. Президент академияның мәртебесін өзгерту мәселесіне егжей-тегжейлі тоқ­тал­ды. Бұл құрылымның 20 жыл бойы ғы­лымды басқару ісінен тыс қалғанын атап өтіп, оның қызметі әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керек екенін айтты. – Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де академияға берілгені жөн деп санайды. Сондай-ақ ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударды. ғылым Мемлекет басшысы елдің қоғамдық-саяси өмірінде ғалымдар мен академиялық қоғамдастықтың рөлі өте маңызды екеніне тоқталып өтіп, жалпыұлттық референдум ел болашағын айқындайтын маңызды сәт екеніне де назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ғалымдар Жаңа Қазақстанды, яғни Екінші Республиканы құру ісіне белсене атсалысып, осы маңызды әрі тарихи сәтте зор жауапкершілік танытатынына сенім білдірді. Жиын соңында Президент бірқатар ғалымды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент Алматыдағы жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың «Алматы БалаFest» шығармашылық фестивалінің қорытынды іс-шарасына да қатысып, байқау жеңімпаздарының өнерін тамашалады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын да аралап көріп, олардың ғылыми-техникалық базасымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысының капсуласын салу рәсіміне қатысумен аяқталды.