Ерінбей, ертеңіңе дауыс бер, қазақ!
5 маусым – Қазақстан тарихына енетін маңызды күн. Бұл күні халқымыз Жаңа Қазақстанның іргесін қалайды, бастау-қайнарын ашады. Бұл күні дауыс берген әрбір саналы, саяси мәдениетті қазақстандық Жаңа Қазақстанның жаңа қағидаларын өз қолымен бекітеді. Ресми мәлімет бойынша, қазір 11 миллион 722 мыңдай азамат дауыс беру құқығына ие. «Республикалық референдум туралы» заңына сәйкес, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысса ғана референдум «өткiзiлген» деп саналады.
Халық өзгерістерді қолдайды
Сарапшылар бұл асу оңай алынатынына сенім білдіреді. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұрттың ақ батасын алу үшін жалпыхалықтық құптауға шығарған Конституциялық реформасы – тікелей халықтың сұрауымен әзірленді. Ата Заңға осы өзгерістерді «қаңтар оқиғалары» кезінде биліктен бейбіт шерушілер талап еткен болатын. Енді міне, билік бұқараның тілегіне құлақ асып, «еститін мемлекет» екенін паш етіп, сұрағанды ұсынды. Ендеше неге дауыс бермеске?!
Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның айтуынша, ел басшылығы жоғары жауапкершілік, саяси ерік-жігер танытып, халық талап еткен конституциялық жаңғыруға бастамашы болды. Олай болса, енді халық та жауапкершілігі барын, ел болашағын, ұлттың қамын ойлайтынын паш етіп, 5 маусымда, алдағы жексенбіде уақытын бөліп, дауыс беруге келгені жөн.
«Алдағы референдум және Конституциялық реформа мемлекеттің Қазақстанда саяси жүйені демократияландыруға, либерализациялауға шындап кіріскенін көрсетеді. Бұл – мемлекетті жақсы жаққа қарай өзгертудің, қайта түлетудің мүмкіндігі. Мемлекет басшысы халықпен ақылдасып, жауапкершілікті бөлісуге ниетті. Мұның дұрыс-бұрыстығын білу үшін халықтың өзімен кері байланысқа шығуын қалайды. Яғни, референдумның нәтижесі халықтың Жаңа Қазақстанды құптайтынын не қарсы екенін паш етеді. Бізге либерализмді, демократияны және ең бастысы – әділеттілікті таңдау ұсынылады», – деді сарапшы.
Өңірлерден жеткен хабарларға құлақ түрсек, ауыл-аймақ жұртшылығы дауыс беруге белсенді қатысуға ынта-ықылас білдіруде. Биылғы қаңтар оқиғалары Маңғыстау өңіріндегі бейбіт шерулерден басталғаны мәлім. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев жұртшылық өз сұранысына орай әзірленген Президенттің Конституциялық реформасын қолдауға дайын дейді: «Өйткені бұл өзгерістер халықтың өтініштеріне, мұң-мұқтажына деген жауап. Халық Конституцияға енгізілгелі тұрған түзетулерді қолдайтынын байқап жүрміз. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сол себепті мемлекет, «AMANAT» партиясы Конституциялық реформа туралы неғұрлым көп ақпарат беріп, жұртшылықты ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізді», – дейді мәслихат депутаты.
Осы күндері ауыл-аймақты аралап жүрген Республикалық қоғамдық штаб мүшесі, «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ең шалғай ауылдарда да Ата Заңға өзгерістерді жетік білетіндер және қызу қолдаушылар қатары қалың екенін анықтапты. Ауыл тұрғындары референдумның халыққа игілігі, мемлекетке құндылығы, болашаққа ізгі әсері бар екенін біледі. Ең бастысы Ата Заңға өзгерістер сөз жүзінде қалмай, өмірге жолдама алуы, мемлекетімізді, қоғамымызды өркендетуі керек дейді жұрт. Қоғамдық штаб өкілдері қай елді мекенге барса да, үлкендер тарапы ризашылығын білдіріп, Қазақ елінің бақытты, бейбіт, бақуатты ел болуын тілеп, ақ батасын берген.
«Мысалы, Қызылорда облысының Қазалы ауданында ақсақалдармен және ақ жаулықты әжелермен кездестім. Қариялар «Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде бейбіт жатқан елімізге үлкен қауіп төнгеніне, тұрақтылық шайқалса, елден ырыс-береке қашатынына көз жеткізгенін айтады. Содан Президентіміз 11 қаңтарда Жаңа Қазақстанды құратынын жариялағалы жұрт оның бастамаларына мұқият құлақ түріп келеді. «Ел арасындағы қазіргі әңгіме де сол: екі шал кездессе, референдумды талқылайды. Тоқаевтың халықты жақсы өмірге жеткізсем, мемлекетті өрге сүйресем деген ізгі ниетін түсініп отырмыз. Толық қолдаймыз!» дейді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ақсақал. Біз барған көптеген ауылдағы белсенді ақсақалдар жастарды, жақын-жуық, көрші-қолаңды 5 маусымда өздері бастап, ертіп апаруға уәде етті. Ұлттың тағдырына, елдің тарихына әсер ететін бетбұрыстан қалыс қалмауға бекініп отыр», – дейді Б.Смағұл.
Конституциялық реформа көптің көкейіндегісін тапты
Халықтың Ата Заңға тың түзетулерді қолдайтынын және осы жексенбіде дауыс беруге белсене қатысатыны түрлі әлеуметтік зерттеулер мен сауалнамалардан байқалады. Қазақстандықтардың 75,9 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды мақұлдауға дайын. «AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізген Referendum: Halyq üni атты зерттеуінің қорытындысы осыны көрсетті. Бұл ретте азаматтардың 67,9 пайызы конституциялық реформа ел дамуына оң әсер етеді деп есептейді. Әлеуметтік деректерге сәйкес, азаматтардың басым көпшілігі Ата заңды түзету бойынша референдум өткізуге оң көзқарас танытты.
[caption id="attachment_199380" align="alignleft" width="1200"] © инфографика: Елдар Қаба[/caption]
Тарата кетсек, халықтың 80,1 пайызы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді, 76,8 пайызы халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейтуді, 73,5 пайызы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді, 72,3 пайызы – билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді, 64,4 пайызы – Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруды қолдайды. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1700-ден астам респондент қатысты. Қорытындысы 27 мамырда жария етілді.
«Қазақстандықтардың 67,9 пайызы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу елдің дамуына оң әсер етеді деп санайды. 5 маусымда сайлау учаскелеріне азаматтардың үштен екісі келмек», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек.
Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиеваның байламынша, халықтың өзгерістерге деген сұранысы жоғары: «Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістерді халықтың оң бағалайтынын аңғартты. Азаматтардың 87,5 пайызы белгілі бір дәрежеде ел өміріндегі өзгерістерді қалайды. Сұралғандардың 55,4 пайызы белсенді азаматтық ұстанымға ие», – деді ол.
Осылайша, Конституциялық реформаны қолдап, дауыс беруге қатысуға дайын адамдар саны жоғары деңгейде сақталып тұр. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 9-12 мамыр аралығында телефон шалу арқылы жүргізген әлеуметтік сауалнамасының қорытындысы да осыны растай түседі. Сауалнамаға үш мегаполистің және 17 облыстың 1 200 тұрғыны қатысыпты. ҚСЗИ сұрау салған қазақстандықтардың 76,4 пайызы референдум өткізуді құптаған. 66,4 пайызы референдум күні сайлау учаскесіне барып, дауыс беруді жоспарлап отыр. Сайлаушылардың 70 пайызы жалпыхалықтық референдум өткізілетінін естіген.
«ҚСЗИ зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын азаматтардың 76,4 пайызы қолдайды. Демек, қазақстандықтардың басым көпшілігі елде қолға алынып жатқан өзгерістердің маңызын түсінеді. Небәрі 15,4 пайызы ғана референдум идеясын қолдамайды. 8,2 пайызы құптайтыны әлде құптамайтыны жөнінде әзірге айқындамаған. Конституциялық реформаларды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсіндіру, референдумның жаңа құқықтық мемлекетті – «Жаңа Қазақстанды» тұрғызу үшін маңызды екенін жеткізу жұмыстары да осы санаттағы адамдарды көбірек қамтуы қажет», – деді институт директоры Еркін Тұқымов.
«Қоғамдық пікір» институты мен Орталық коммуникациялар қызметі жүргізген әлеуметтік зерттеулердің, сондай-ақ әлеуметтік желідегі сауалнаманың нәтижелері де референдумды жақтайтындар саны көп екенін байқатты. Нақтыласақ, қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы референдумға қатысатынын хабарлаған.
«Қоғамдық пікір» институты зерттеуінің қорытындысында Қазақстан халқының 78 пайызы Қ.Тоқаевтың саясатын қолдайтыны белгілі болды. Қоғамдық ұйым телефон арқылы еліміздің барлық өңіріндегі қалалық және ауылдық тұрғындар арасында сұрау салған. Нәтижесі 17 мамырда жарияланды. Бұл ретте респонденттердің 73 пайызы Ата Заңға түзетулер енгізуді қолдайтынын растапты.
Ал ОКҚ-ның онлайн-сауалнамасы Qalaysin платформасында өткізілді. Республиканың бүкіл өңірінен жауап берген 1172 респонденттің 72 пайызға жуығы Конституцияға өзгерістерді референдумға шығару идеясын құптады.
Бұдан бөлек, 3 ірі Тelegram-арнада да ұқсас сауалнамалар жүзеге асырылған. Онда 25 мыңдай азаматтың ұстанымы қамтылды. Пікір білдірген пайдаланушылардың дені 5 маусымда дауыс беруге баратынын мәлім етті. Мұның кез келгені әлемдік референдум өткізу тәжірибесінде жоғары көрсеткіш болып есептеледі.
Егер референдумға сайлаушылар көп қатысса, бұл халқымыздың саяси белсенділігі мен саяси мәдениетінің жоғары деңгейін, сондай-ақ қоғам мен билік арасында тиімді диалог жолға қойылғанын білдіретін болады.