Жаңа Қазақстанның Конституциялық өзгерістері талқыланды
Жаңа Қазақстанның Конституциялық өзгерістері талқыланды
323
оқылды
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жаңа Қазақстанның Конституциялық өзгерістері» тақырыбымен семинар өтті.  Конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелеріне арналған семинарға сарапшылар, оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысты. Басқосудың алғы сөзінде Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, дұрыс шешім қабылдауға шақырды. «Есептеп қарасақ, еліміздің 45 жасқа дейінгі азаматтары референдумда дауыс бермеген екен. Бұл халықтың басым бөлігі үшін алғашқы ауқымды шара болғалы тұр. Бірақ соңғы емес. Егер біз дәл осы жолы Президентімізді қолдап, саяси реформаларға дайын екенімізді көрсете алсақ,  Жаңа Қазақстанымызды құруға жақындай түсеміз», деді Асқар Тұрғанбаев. Жиында заң ғылымдарының кандидаты, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Асхат Есеналиев  Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндама оқи отырып, бірнеше баптарға жеке тоқталды. Асхат Есеналиев Конституциялық реформа қоғамның сұранысы мен ұсынысынан туындағанын айта келе, Президенттің саяси реформаларды жүзеге асыру мақсаты – билік пен халықтың арасында диалог құру екенін атап өтті. Халықаралық университетте өткен семинарда студенттер де ой-пікірін ортаға салды. Басқосуда жастар азаматтық ұстанымын көрсетіп, санаулы күннен кейін болатын референдумның мүмкіндіктеріне мән берді. Олардың сөзінше, жаңа реформалар халықтың билікке араласу үлесін арттыруға жол ашып, әділетті қоғамды қалыптастыруға негіз болады. Сондай-ақ жиын қатысушылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ-жауап алмасып, референдумның мәні мен маңызын талқыға салды.