Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің қорғалуы мен салтанатты іс-шараларда қолданылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен тығыз байланысты. «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асыру және рәсімдік және хаттамалық іс-шараларды атқаруға қатысу бұл мемлекеттік орган міндеттерінің бірі ретінде белгіленген.
МКҚ құрамындағы Айрықша мақсаттағы күштер тарихында маңызды мемлекеттік міндеттерді орындауға кіріскен бұл кезеңнің орны бөлек. 1993 жылдың ақпанында осы құрылымның жеке құрамы еліміздің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасының эталондарын тәулік бойы күзетуді бастады.
1997 жылы қарашада Мемлекет басшысы Айрықша мақсаттағы күштерге мемлекеттік рәміздер Елтаңба мен Ту эталондарын Алматыдан жаңа астанаға көшіріп әкелуді жүктеді. Қазақстан Президентінің Алматы қаласындағы резиденциясында еліміздің саясат және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан үлкен жиында мемлекеттік Ту мен мемлекеттік Елтаңба эталондарын жауынгерлер Ерлан Ғайса, Жарқынбек Қашақбаев, Талғат Омаров салтанатты түрде қабылдап алып, Ақмола қаласына жеткізу үшін жолға шықты. 8 қараша күні Ақмоланың орталық алаңында мемлекеттік рәміздер эталондарының жаңа астанаға жеткізілуіне арналған салтанатты митинг пен шеру өтті. Жоғарыда аталған әскери қызметшілер рәміздер эталонын алаңға көтеріп кіргізді.
«Сол күні Ақмолада қатты жел болған, – деп еске алады Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің 0112 әскери бөлімі командирі Ерлан Ғайса, – жел мемлекеттік Туды, Президент Штандартын құлатпасын деп бар күшімізбен ұстап тұрдық».
Айрықша мақсаттағы күштер жеке құрамы Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын дәл мерзімінде, бар сән-салтанатымен орындады.
1998 жылғы 10 маусымда Астана қаласының орталық стадионында Елорда презентациясы болғанда да МКҚ Айрықша мақсаттағы күштер жеке құрамы мемлекеттік Ту кіргізу рәсімін атқарды. Содан бері ел астанасында өткен барлық мемлекеттік іс-шараларда МКҚ Айрықша мақсаттағы күштері әскери қызметшілері мемлекеттік рәміздерді кіргізіп, құрмет қарауылы қорғауына алып, сән-салтанатпен өткізілуін қамтамасыз етеді. Мұндай ауқымды тарихи оқиғалар қатарында «Ақорда» резиденциясында өткен Президентті ұлықтау рәсімдері бар. Осынау салтанатқа көз тіккен әлем жұрты мемлекеттік рәміздерді Ақорданың ғажайып залына енгізіп, Мемлекет басшысына ту ұсынған, сымдай тартылған сарбаздарды көреді.
Мемлекеттік рәміздерге қатысты әрбір рәсімді атқарар алдында Айрықша мақсаттағы күштер және 0112 әскери бөлімінің қолбасшылығы офицерлер мен сарбаздардың моральдық-психологиялық тұрғыдан әзір болуына көңіл бөледі. Іс-шара басталмас бұрын жауапты офицер сарбаздардың сырт келбеті мен қаруын тексереді. Олардың киімі кіршіксіз таза, жинақы және бойына шақ, қаруы тазаланған болуы керек.
Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын қорғайтын сақшылардың ауысуының өзі әсерлі, салтанатты көрініс береді. Сақшылар белгіленген интервал мен арақашықтықты сақтай отырып, мінсіз үйлесіммен, синхронды, нақты, біркелкі қозғалады.
Хаттамалық іс-шараларға мемлекеттік рәміздерді салтанатпен алып шығу, Ту жанында құрмет қарауылы ретінде бірнеше сағат бойы сымдай тартылып тұру секілді маңызды міндетті атқару әскери қызметшілерден биік жауапкершілік, мықты денсаулық пен төзімділікті талап етеді.