Көк тудың желбірегені

Көк ту

Алматы. 1992 жыл болатын. Маусым айының 5-і. Кезекшілігімді ат­қарып, жұмысқа кешігіңкіреп келе жатырмын. Сонау Ақсай шағын ау­даны жақтан орталыққа қарай бет түзейтін №43 автобус ырғалып-жыр­ғалып келіп, Розыбақиев көшесіндегі аялдамаға тоқтай қалды. Адам лық толы. Мен де аяқ іліктіріп үлгердім. Төбедегі турникетке шап беріп, құ­ламауға қам жасалды. Жолаушылармен етене жақын достардай қап­сыра құшақтасып, сақұр-сұқыр жабылған есікті арқамен сезініп, қау­ма­ласып-ақ тұрмыз.

А.Байтұрсынов көшесіне келгенде, кондуктор әдетінше «улица Космо­навтов!» деп бұрқ ете қалды. Көшенің аты әлдеқашан өзгерген болатын. Жақ­сы жаңалық кондуктордың санасына жетсе де, жатырқаушылық басым сияқ­ты. Ескі аттан айырылмайды. Одақтағы бүкіл ғарышкердің бәрі Жұлдызды қалашықты тастап, осы көшеде топта­лып серуендеп жүретіндей айтады. Әйт­се де, осы аялдамадан біраз адам түсіп қалып, кішкене еркінсіп қалдық.

Сары автобус Жоғарғы Кеңес ал­дын­дағы Астана алаңынан сылаңдап өтіп барады. Сол кезде терезе жақта тұр­ған біреу «Наш флаг! Наш флаг!» – деп саңқ ете түсті. О, тоба... Күні кеше ғана Елтаңба мен Тудың көптеген жобасы бәйгеге түсіп, арнайы комиссия мен жұмыс тобының отырысында қай­та-қайта талқыға салынып жатыр еді. Қабылданған екен ғой!

Автобус толы жолаушылар қауымы енді сол жақтағы терезеге жапа-тар­мағай ұмтылды. Біреулер басын төмен салып, еңкейе сығалайды. Автобус ор­тасында терезе маңында қос ғашық тұр екен. Туды көруге ұмтыл­ғандар олардан ыңғайсыз болды-ау деп, тартынып жатқан жоқ. Терезе әйнегіне қарай тық­сырып барады. «Былай тұры­ңыз­дар­шы...» деп бипаздап жатқан бір жан бай­қалмады. Бар ниетіміз – көк Ту­дың желбірегенін көру.

Алға ентелеп, үңіле қарап жатырмыз, көріп жатырмыз. Еңселі ғимараттың ең төбесінде көк Туымыз аспанмен таласа асқақтай желбіреп тұр екен! Кеудеме қуаныш ұялап, мақтаныш сезімі пайда болды. Енді ешкімнен кем емеспіз! Көп­­тен күткен Тәуелсіздіктің басты бел­гісі – осы көк Тумен жүрегіміз ор­нық­ты. Қазағы, орысы, ұйғыры мен кәрісі, немі­сі бар, басқа да ұлттарға лық толы бір қа­уым ел жиналған автобуста шы­найы ын­тымақтың лебі есіп тұрғандай. Шын мә­ніндегі достық пен татулықтың, ниет­тестік пен тілектестіктің, ең бас­ты­сы – бірігу мен бірліктің көрінісіне куә бол­дым. «Наш флаг!» деп дүйім жұртқа жа­рия еткен еңсегей бойлы өзге ұлт өкі­лін қуанғаннан құшақтап алғым да келді.

– Иә, тәубә, иә, тәубә... – деп өтіп ба­рамыз. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Жаңа өмірдің жаршысы, егемен елдіктің бел­гісі, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміз-айғағы – көк Туымыз құлашын кең жайып, жазғы самалмен жайқала желбірейді!

Сары автобустың жүрісі де ширай түскен секілденді. Жүргізушінің аяғы да акселераторды аямай басқан сияқты.

Сол кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне келіп түскен мем­лекеттік Ту мен Елтаңба жобалары «Ха­лық кеңесі» газетіне де жарияланатын. Ол тақырыпты жазу газеттің шолушысы, курс­тасым Жаңабек Тойбазаровқа тапсы­рылған болатын. Мемлекеттік Ту мен Ел­таңбаның кескін-келбетіне бәйге жария­ланып, жүздеген жобалар талқыға салынды. Елтаңба мен Ту жобасының бәрін бірдей газетке жариялаудың мүм­кіндігі болған жоқ. Ең үздік, ең әдемі, мазмұны бай әрі мағыналы жобалар ғана іріктеліп газет бетінде жарық көрді. Жаңабек осы тақырыпқа бірнеше мәрте талдау мақала жазды.

Соның бәрі 30 жыл бұрын болған еді.

Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!

Серік ҚАРАЖАН,
журналист

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.