Білім және ғылым министр елімізде жекеменшік балабақшалардың сатылып, басқа нысанға айналып жатқанына алаңдаулы.
«Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында, сонымен қатар Атырау және Алматы облыстарында 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту орташа республикалық көрсеткіштен төмен.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуға жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі өте аз.
Мысалы, Түркістан облысы мемлекеттік бағдарламада жоспар бойынша 70 процент десе, бірақ қол жеткізгені – 11,7 процент, Қызылорда облысы 30 процент десе, 18 процентке ғана қол жеткізді. Атырау облысы 35 десе 31 процент ғана. Жағдай өте қиын. Біз осы ерекше білім қажет ететін балаларға бүгін жағдай жасап жатқан жоқпыз. 11 өңірде электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетумен қамтылған мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің көрсеткіші проблема күйінде қалып отыр. Республика деңгейінде көрсеткішіміз 65 процент болса, ең төменгі көрсеткіш Қызылордада 45 және Атырауда 47 процент», – деді министр.
Министрдің айтуынша, балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты игеру мәселесі шешілмей отыр.
«Кезінде қаншама жаңа балабақша ашылды. Енді қаржының жетіспеушілігіне байланысты бұл жекеменшік балабақшаларды сатып, оны басқа нысанға айналдыру байқалады. Оған жол бермеуіміз керек. Барлық өңірлер тиісті жұмысты ұйымдастыру қажет. Біз жаңа мемлекеттік бағдарламада осы үшін 448 млрд теңге қосымша қаржы қарастырдық. Орталық бюджеттен де сіздерге тиісті көмек көрсетіледі», – деді Асхат Аймағамбетов.