Мемлекеттік рәміздер – ұлттық құндылық

мемлекеттік рәміздер

Тәуелсіз, жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық құндылығымыз. Осы орайда, ұлттық геральдикамыздың тұғыры – мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтық нормативтерін сақтау мақсатында ел Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ құрылған болатын.

Тарихы терең таңбатану

Геральдика сөзі – таңбатану ілімі дегенді білдіреді. Ол – өнердің бір түрі, адамзат баласы жаратыл­ғаннан бері бар дүние. Айталық, Ұлы даланың сәніне айналған жар­тас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (ироглиф) ежелгі да­лалықтар геральдикасының бас­тауы деуге болады. Ал еуропалық­тар болса, әр кездері өмір сүрген же­ке тұлға, әулет пен қауымдас­тыққа тән қабылданған айырым таңба-белгілерді «геральдика» деп атап жүр. Нақты ғылыми тұжы­рым­д­амасына тоқталар болсақ, ге­ральдика – мемлекеттің, рудың, ме­кеменің, әулеттің, жеке тұлға­ның және тағы да басқалардың ерек­шелік таңбасы ретіндегі гер­б­терді зерттейтін тарих ғылымы­ның бір саласы. Оған символдық бей­нелер мен эмблемаларды жат­қызу­ға болады. Сондай-ақ, бұл са­ла – ономастика, генеология, ну­миз­матика, палеография, cфра­гистика сияқты пәндермен де тығыз бай­ланысты.

«Біздің ұлттық геральди­ка­мыз­дың рухани-әлеуметтік ауқымы өте кең, әрі тарихы тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, соңғы жылдары қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық атрефак­ті­лер мен ерте ғасырларда мемле­кет­тік басқарудың өзегі болған ге­раль­­дикалық белгілер: кірке-па­й­зы, ту, жалау, хандардың мөрі, кар­тография, хат-хабар және тағы да басқа жәдігерлер ұлттық гераль­дикамыздың айқын дәлелі. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, кірке-пай­зылар сонау ғұн дәуірінен бас­тау алады деп тұжырым жасаған екен. Одан кейін, қазақ геральди­касының бір сипатына жататын топ – мөр-таңба, сфрагистикалар бар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға, тамғачы» деп атаған. Зерт­теушілер әртүрлі таңбалардың сим­волдарын, құпия белгілерін, ел­таңбалардағы кодтар мен мөрде­гі шифрлерді қай дәуірде қай тай­паға қатысты болғанын, оның са­бақтастығы мен кейінгі мұрагер­ле­рін, соған байланысты тарихи оқиғаларды кең түрде зерттеп-зер­делейді. Одан геральдика дегеніміз – бір ұлттың ғана емес, бүтін бір материктегі хандықтар мен импе­риялардың ұлттық белгісіне, ел­таңбасына айналатынын көреміз. Біздің геральдикалық символ­да­рымыз, тіпті, континент аттап Еу­ропадағы бүгінгі қуатты мемле­кет­тердің елтаңбасы болып орын тепкен. Мұнда шындығында код­талған үлкен тарих жатыр», – дейді «Геральдикалық зерттеулер орта­лығының» директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Орталық директорының ай­туынша, қазақ геральдикасы уақыт тұрғысынан – сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңіне жіктеле отырып, аралық мемлекеттер: үйсін, қар­лық, қаңлы, қыпшақ, хазар, ки­мек, сармат дәуірлерін, оған жал­ғас Ұлық ұлыс – Алтын орда, Қазақ хандығы, Ресейлік отар­шылық, Кеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақытты қам­тиды. Өнер туындысы ретінде, оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу сти­лін, қоғамды тұтастырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуа­тын, қарапайым тұрмыстық ерек­шеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Ол үшін қазақ гераль­дикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын ғылыми-сарап­шылардың пікіріне, петроглиф, иероглиф, жартас жазулары сияқ­ты тағы да басқа ежелгі мұраларға, қазақ фольклорындағы жауын­гер­лік жыр-мәтіндер сияқты дерек­тер­ге жүгінген жөн.

Таңба қазаққа таңсық емес. Әрі­сінде таста петроглифі мен иероглифі қалған болса, берісі Елтірі қаған қайтыс болғанда қой­ған таңбалы тасы бар. Ал әр рудың бір жартасқа әкеп өз таңбасын қалдыру дәстүрі – мұндағы ауыз­бірлік пен елдіктен хабар береді. Ендеше, тасқа қашалған тарихы­мызды дәріптеу – баба аманаты, ұрпақ парызы.

Геральдика туралы идеология керек

Құрылғанына бір жылдан жаңа асқан «Геральдикалық зерттеулер орталығы» таңбатану және мемле­кеттік рәміздер бойынша ағарту­шылық жұмыстармен айналысады. Мекемеге ең әуелі қазақ гераль­ди­касының арғы-бергі тарихын зерт­теу, мемлекеттік рәміздер мен ге­ральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың норма­тивтік-құқықтық жүйесін бақылау, ведмостволық және оларға теңес­тірілген өзге де наградалардың ге­ральдикалық сипаттамасын же­тілдіру, заңды және жеке тұлға­лардың мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрмет­пен қарауын қамтамасыз ету мін­деттері жүктелген. Осы қысқа уа­қытта олар бұл бағытты кеңінен зерделеп, ауқымды жұмыстар жүр­гізді деп айтуға болады.

«Шындығында, бізде гераль­дика туралы заң бар да, идеология жоқ. Көп жағдайда өңірлерде мем­лекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде жүр­гізіледі. Тек 4 маусым күні мемле­кеттік рәміздерді еске алып, бір­неше ұсақ-түйек шаралармен шектеледі. Ғимаратқа кіре беріске іліп қойғанымен, рәміздер халық арасында кеңінен насихатталмаса, іс-шаралар өткізілмесе, түсіндіріл­месе бәрі зая. Әр өңірде ішкі сая­сат, мәдениет, жастар саясаты бас­қармалары, жастар ресурстық орталықтары бар. Бұл – үлкен күш. Олардың басын біріктіріп, елдік мақсатта ауқымды шараларға пай­далануға болады. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда акция, флеш­мобтардан әрі аса алмай жүрміз. Заман ағымына сай, жаңа әдіс-тәсілдер қажет. Мәселен, былтыр Ақмола облысының бастамасымен бүкіл елге тараған «Менің Туым – менің елім» акциясының ауқымды, әсерлі болғаны сөзсіз. Бүкіл қазақ даласы, жастары да, жасамыс қарт­тары да қолдарына Ту ұстап, атқа қонды. Бұл акция қажет болған жағдайда бір Тудың астына біріге алатынымызды білдіреді.

Оның айтуынша, бәрінен бұ­рын елімізде геральдист маман тап­шы екен. Сондықтан да алдағы уақытта Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетімен бір­лесіп геральдист мамандар да­йындау ісін қолға алу жоспар­ла­ну­да. Орталық жанынан ғылыми-са­раптамалық кеңес құру, мемлекет­тік рәміздерді насихаттау және оны пайдалану мен қолданудың ережелерін түсіндіру мақсатында өңір­лерге экспедиция ұйымдас­ты­ру, семинарлар өткізу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ ал­да­ғы жылы орталық жанынан қа­зақ геральдикасының экспо­зиция­лық көрме залын ашумен қатар, осы шараға орайластырып гераль­дистердің халықаралық конферен­циясын өткізу, тіпті бо­лашақта геральдистердің еуразия­лық одағын құру қатарлы үлкен істерге мұрындық болу ниеті де бар екен. Қазақ геральдикасының тарихын, этнографиясын наси­хат­тау және қолданыстағы мем­лекеттік рәміз­дер мен белгілерді таныту мақса­тында «Қазақ гераль­дикасы» атты ғылыми-танымдық журнал шыға­ру ойластырылып жатыр. Дәл қазір кәсіби маман­дардың көмегімен көптомдық «Қазақ геральдикасы» атты еңбек­тің алғашқы томы жа­салу үстінде. Бұл шаралардың бас­ты мақсаты – қоғамның мемле­кет­тік рәміз­дер­ге деген құрметін, пат­риоттық се­зімін ояту.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.