Тәуелсіз, жеке дербес ел болудың бір сипаты – оның рәміздері. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық құндылығымыз. Осы орайда, ұлттық геральдикамыздың тұғыры – мемлекеттік рәміздерді қолданудың құқықтық нормативтерін сақтау мақсатында ел Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ құрылған болатын. Тарихы терең таңбатану Геральдика сөзі – таңбатану ілімі дегенді білдіреді. Ол – өнердің бір түрі, адамзат баласы жаратылғаннан бері бар дүние. Айталық, Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (ироглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы деуге болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет пен қауымдастыққа тән қабылданған айырым таңба-белгілерді «геральдика» деп атап жүр. Нақты ғылыми тұжырымдамасына тоқталар болсақ, геральдика – мемлекеттің, рудың, мекеменің, әулеттің, жеке тұлғаның және тағы да басқалардың ерекшелік таңбасы ретіндегі гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Оған символдық бейнелер мен эмблемаларды жатқызуға болады. Сондай-ақ, бұл сала – ономастика, генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты пәндермен де тығыз байланысты. «Біздің ұлттық геральдикамыздың рухани-әлеуметтік ауқымы өте кең, әрі тарихы тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, соңғы жылдары қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық атрефактілер мен ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған геральдикалық белгілер: кірке-пайзы, ту, жалау, хандардың мөрі, картография, хат-хабар және тағы да басқа жәдігерлер ұлттық геральдикамыздың айқын дәлелі. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан, кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алады деп тұжырым жасаған екен. Одан кейін, қазақ геральдикасының бір сипатына жататын топ – мөр-таңба, сфрагистикалар бар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға, тамғачы» деп атаған. Зерттеушілер әртүрлі таңбалардың символдарын, құпия белгілерін, елтаңбалардағы кодтар мен мөрдегі шифрлерді қай дәуірде қай тайпаға қатысты болғанын, оның сабақтастығы мен кейінгі мұрагерлерін, соған байланысты тарихи оқиғаларды кең түрде зерттеп-зерделейді. Одан геральдика дегеніміз – бір ұлттың ғана емес, бүтін бір материктегі хандықтар мен империялардың ұлттық белгісіне, елтаңбасына айналатынын көреміз. Біздің геральдикалық символдарымыз, тіпті, континент аттап Еуропадағы бүгінгі қуатты мемлекеттердің елтаңбасы болып орын тепкен. Мұнда шындығында кодталған үлкен тарих жатыр», – дейді «Геральдикалық зерттеулер орталығының» директоры Асылбек Байжұмаұлы. Орталық директорының айтуынша, қазақ геральдикасы уақыт тұрғысынан – сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңіне жіктеле отырып, аралық мемлекеттер: үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлерін, оған жалғас Ұлық ұлыс – Алтын орда, Қазақ хандығы, Ресейлік отаршылық, Кеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақытты қамтиды. Өнер туындысы ретінде, оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу стилін, қоғамды тұтастырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуатын, қарапайым тұрмыстық ерекшеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Ол үшін қазақ геральдикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын ғылыми-сарапшылардың пікіріне, петроглиф, иероглиф, жартас жазулары сияқты тағы да басқа ежелгі мұраларға, қазақ фольклорындағы жауынгерлік жыр-мәтіндер сияқты деректерге жүгінген жөн. Таңба қазаққа таңсық емес. Әрісінде таста петроглифі мен иероглифі қалған болса, берісі Елтірі қаған қайтыс болғанда қойған таңбалы тасы бар. Ал әр рудың бір жартасқа әкеп өз таңбасын қалдыру дәстүрі – мұндағы ауызбірлік пен елдіктен хабар береді. Ендеше, тасқа қашалған тарихымызды дәріптеу – баба аманаты, ұрпақ парызы. Геральдика туралы идеология керек Құрылғанына бір жылдан жаңа асқан «Геральдикалық зерттеулер орталығы» таңбатану және мемлекеттік рәміздер бойынша ағартушылық жұмыстармен айналысады. Мекемеге ең әуелі қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын зерттеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау, ведмостволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру, заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрметпен қарауын қамтамасыз ету міндеттері жүктелген. Осы қысқа уақытта олар бұл бағытты кеңінен зерделеп, ауқымды жұмыстар жүргізді деп айтуға болады. «Шындығында, бізде геральдика туралы заң бар да, идеология жоқ. Көп жағдайда өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде жүргізіледі. Тек 4 маусым күні мемлекеттік рәміздерді еске алып, бірнеше ұсақ-түйек шаралармен шектеледі. Ғимаратқа кіре беріске іліп қойғанымен, рәміздер халық арасында кеңінен насихатталмаса, іс-шаралар өткізілмесе, түсіндірілмесе бәрі зая. Әр өңірде ішкі саясат, мәдениет, жастар саясаты басқармалары, жастар ресурстық орталықтары бар. Бұл – үлкен күш. Олардың басын біріктіріп, елдік мақсатта ауқымды шараларға пайдалануға болады. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда акция, флешмобтардан әрі аса алмай жүрміз. Заман ағымына сай, жаңа әдіс-тәсілдер қажет. Мәселен, былтыр Ақмола облысының бастамасымен бүкіл елге тараған «Менің Туым – менің елім» акциясының ауқымды, әсерлі болғаны сөзсіз. Бүкіл қазақ даласы, жастары да, жасамыс қарттары да қолдарына Ту ұстап, атқа қонды. Бұл акция қажет болған жағдайда бір Тудың астына біріге алатынымызды білдіреді. Оның айтуынша, бәрінен бұрын елімізде геральдист маман тапшы екен. Сондықтан да алдағы уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп геральдист мамандар дайындау ісін қолға алу жоспарлануда. Орталық жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құру, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оны пайдалану мен қолданудың ережелерін түсіндіру мақсатында өңірлерге экспедиция ұйымдастыру, семинарлар өткізу жұмыстары күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ алдағы жылы орталық жанынан қазақ геральдикасының экспозициялық көрме залын ашумен қатар, осы шараға орайластырып геральдистердің халықаралық конференциясын өткізу, тіпті болашақта геральдистердің еуразиялық одағын құру қатарлы үлкен істерге мұрындық болу ниеті де бар екен. Қазақ геральдикасының тарихын, этнографиясын насихаттау және қолданыстағы мемлекеттік рәміздер мен белгілерді таныту мақсатында «Қазақ геральдикасы» атты ғылыми-танымдық журнал шығару ойластырылып жатыр. Дәл қазір кәсіби мамандардың көмегімен көптомдық «Қазақ геральдикасы» атты еңбектің алғашқы томы жасалу үстінде. Бұл шаралардың басты мақсаты – қоғамның мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, патриоттық сезімін ояту.