Бұл референдум қаңтар оқиғасының қайталанбауының кепілі – Президент
Бұл референдум қаңтар оқиғасының қайталанбауының кепілі – Президент
303
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда таңдау жасаған соң, журналистердің сауалдарына жауап берді. Президент өз сөзінде қаңтар оқиғасына қатысты айтты. «Мен қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты ел аумағында 20 мың террорист болғанын айтқан едім. Бұл санды бұрынғы құқық қорғау органдарының басшылары ұсынған. Ал сол кезде бір уақытта Қазақстанның 13 қаласында қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы қарақшылық шабуылдар жасалды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысы қазіргі таңда шамамен 5,5 мың қылмыстық іс қозғалып, 500 қылмыстық іс сотқа жолданғанын атап өтті.
«Мен тек 23 адамның нақты мерзімге жазаға тартылғанына назар аударғым келеді. Яғни, бұл осы қайғылы оқиғаны тергеуге өте мұқият болғанымызды білдіреді. Елімізде қайғылы қаңтар қайталанбауы керек. Мен осыған сенемін. Бүгінгі референдум да осындай ахуалды болдырмаудың кепілі. Біз қаңтар оқиғасынан тиісті сабақ алдық», – деді Президент.
Қ.Тоқаев сол тұста террорлық әрекеттердің салдарынан қаза тапқандардың көп екенінен хабардар екенін де білдірді. Олардың ішінде мемлекеттік жүйені бұзғысы келгендер де, тіпті қатысы жоқ жандар да бар.
«Біз, әрине, олардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз және өкінеміз. Азаматтық тұрғындарға қарсы негізсіз әрекеттерге қатысқан барлық әскери қызметшілер жауапқа тартылатын болады. Тергеу жүріп жатыр, баллистикалық сараптама жасалуда», – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.