Қаңтар оқиғасы кезінде талан-таражға түскен қару-жарақ табылды – ҰҚК  

Қаңтар оқиғасы кезінде талан-таражға түскен қару-жарақ табылды – ҰҚК   1
Фото: ҰҚК-ден алынды

Биыл сәуір-мамыр айында ҰҚК және оның аумақтық департаменттері заңсыз айналымнан, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды іздестіріп, қолды болған қаруды қайтарды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында «Байкал» тапаншасы, 2 мылтық, 10 граната және әртүрлі калибрлі 104 оқ жасырылған орын табылды.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардан 3 бірлік қару мен 109 оқ-дәрі тәркіленді.

Аймақтың қылмыстық өкілі «Макаров» тапаншасын сату кезінде ұсталды. Оның тұрғылықты жері бойынша қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қалалық Полиция басқармасынан ұрланған тағы бір тапанша тәркіленді.

 

Қаңтар оқиғасы кезінде талан-таражға түскен қару-жарақ табылды – ҰҚК  
Фото: ҰҚК-нен алынды

Алматыда Президент резиденциясына шабуыл жасағандарды ұстау барысында «Глок» маркалы тапанша мен 29 оқ және 3 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.

Тергеудегі «Қазақстандық» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері өз еркімен 39 бірлік қару, 1 дауыстық граната, 1 броньды сауыт және 98 оқ тапсырды.

Сондай-ақ «Қорған» аңшылық дүкенінен қару ұрлауға қатысы бар тұрғындар ұсталды. Тінту барысында оптикалық нысана, тегіс ұңғылы оқпен жабдықтауға арналған станок, сондай-ақ ASG страйкболға арналған мылтық алынды.

Жамбыл облысында «Калашников» автоматы, револьвер, «Сайга» карабині және 328 оқ-дәрі жасырылған орын табылды.

Қызылорда облысында «Калашников» автоматы, «Макаров» тапаншасы, «Борз» тапанша-пулеметі, «Сайга» карабині, «Ф-1» гранатасы және 59 оқ-дәрі жасырылған орын  анықталды.

Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаментімен бірге жасырын жерден 1 шолақ мылтық, 1 «РГ-42» гранатасы, 168 оқ-дәрі және 1 броньды сауыт алынды.

Түркістан облысында полиция органдарымен бірге «Мосина» маркалы мылтық тәркіленді.

Заңсыз айналымнан барлығы 61 қару, 13 граната және 1 170 оқ-дәрі тәркіленді.

Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.