Су тапшылығы туындады
Су тапшылығы туындады
1,798
оқылды
«Судың да сұрауы бар» дейміз, дейміз де қоятынбыз. Бірақ судың шын сұрауы енді туғандай. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан болашақта су тап­шы­лығына ұшырауы мүмкін» деген мәселені ғалымдар көтеріп келген болатын. Енді ел Үкіметі болып қолға алып, шара қабылдауға кірісті. Себебі шынымен қауіп кірді. Жалғыз біздің мемлекет емес, барлық елде суға зәрулік туындай бастады. 24 қаңтар күні Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев респуб­ликамыздағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Көтеріп қана қойған жоқ, осы мәселемен ай­налысатын жаңа ведомство құрыл­майтынын, Су ресурстары комитеті Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің құрамында қала беретінін қадап айтты. Демек, жаңадан арнайы орган құрып, жа­сақтап отыруға уақыт жоқ. Су коми­тетінің Экология министрлігінің құра­мында қалуы да аталған саланың эко­логиялық ахуалынан хабар беріп тұрғандай. «Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, ше­шімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стра­тегиялық маңызды мәселе. Мәсе­лемен Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айна­лысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйе­ніңіз­дер!» деп тапсырды Қ.Тоқаев атал­ған отырыста. Президент осыны айтқан соң бірден министр Мағзұм Мырзағалиевке қайырылып: «Сіз­дердің бағдарламаларыңыз бар ма?» деп сұраған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 10 не­гізгі басымдықтан тұратын даму бағ­дар­ламасының тұжырымдамасы әзір­ленгендігін айтты. «Су саласынан көріп отырған негізгі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есеп­теуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырым болды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған орай, біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қабылдауымыз керек. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз, мемлекеттік бағдар­ламаны әзірлеуге кірісеміз», – деп жауап берді министр. Иә, Қазақстанның су тап­шылығынан қауіптенетін жөні бар. Су көздеріне деген қажеттілік, тұтыну көрсеткіші енді жиырма жыл ішінде 56%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Ең бірінші мәселе – трансшекаралық өзендер жағда­йы. Еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені басын сырт­тан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан кел­се, Сырдарияның басында Өз­бекстан мен Қырғыз Республи­касы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – елі­міздегі не­гізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Бал­қашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келмек. Сырдың суы дария бойын жайла­ған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек. Алайда келешектің тізгіні «тір­шілік көзінде» тұрғанын жақсы білетін мемлекеттер су ая­ғындағы елді есіркеп, тегін дүние ұстатпасы анық. Осыған байла­нысты Қазақ­стан «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайын­дауға кірісті. Бұл – әрине ең ма­ңызды бағыттың бірі. Себебі трансшекаралық өзендердің тағ­дыры дегеніміз – өзеннің аяғын­дағы мемлекеттің тағдырын ше­шетін жағдай.  width= Екінші мәселе – өзі ішіміздегі ахуал. Бар суды тиімді пайдалану. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде судың 67% көлемі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіпке – 30%-ы кетсе, қал­ғанын шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланамыз. Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігі әзір­леген тұжырымдамада жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км де­йін су үнемдеу, 15 текше км дейін жерасты суларын пайдалану жоспары енгізіліпті. Бұл тұрғыда министрлік сумен қамтамасыз етудің негізгі про­блемаларын үш топқа бөліп қарастырып отыр. Біріншіден, ел тұрғындары үшін, яғни сапалы ауызсу. Екінші топ – қоршаған орта тепе-теңдігі (Арал мен Бал­қаштың проблемасы және Жайық өзенінің жағдайы) мен транс­шекералық өзендер саясаты. Үшіншіден – ел экономикасына қажетті ресурстарды ретке келтіру. Әрине, онжылдық бағдарлама суға қатысты жайттың бәрін бірден жақсартады деп айту қиын. Саланың өзіне тән ұзақ жылдан бері қордаланып қалған проб­лемалары жетерлік. Ең алдымен елдегі сапалы су көзі­нің тап­шылығы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бірізге түспеуі, сондай-ақ тұтас республикадағы жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқалып отыр. Оның үстіне, елдегі барлық ка­налдардың 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді, инфра­құрылым­ның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалуда. Бұған қоса, республика терри­ториясындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Себебі тәуел­сіз­діктің алғашқы кезеңіндегі жерасты табиғи байлығын өндіру ісіндегі жіберілген кемшіліктер тұщы су көздерін қаншалықты зақымдағаны жайлы ақпарат әлі күнге анықталмай отыр. Демек М.Мырзағалиев министрлігіне жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес.    width= Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры: – Қазір барлық елде экономиканың дамуы, халық санының өсуі, экология жағдайының шиеленісуі тұщы судың жетпеуінен туындап отыр. Біздегі үлкен өзендердің басы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан келеді. Олар өздеріне жетпей жатқан судан бір шелек су тегін бермесі анық. Трансшекералық өзендерден алатын суымыздың көлемі белгілі. Сол көлемді дұрыс үнемдеу арқылы мәселені шешудің бір қыры бар. Екіншіден, суармалы жерлердегі суды тиімді пайдалануда про­блема жетерлік. Суды бекерге ағызып қоятындар көп. Міне, осы­ның нақты себебін анықтау керек. Әр тапшы судың өтемі, ақысы болуы қажет. Басқа мемлекеттерде далаға жіберген әр литр үшін айыппұл төлейсің. Дамыған елдердің бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылады, біздегідей ағызып жіберіп, қарап отыру жоқ. Олар су құны қымбат болғаннан кейін осындай әдіске көшті. Бізде 1 гектарға жұмсалатын су мөлшері нормадан 1,5-2 есеге асып кетіп жатыр. Осыдан кейін Қазақстан су тапшылығына қалай ұрынбасын?! Оның сыртында Қазақстанда 2 млн гектардай жерді суаратын ірілі-ұсақты каналдардың жалпы ұзындығы – 30 мың км. Осы ка­налдармен жылына 20 млрд текше метрдей су жібереміз. Ол су егістік басына жеткенше 15-20%-ы сіңіп кетеді, яғни жоғалтамыз. Каналдың бойын, табанын бетондау керек, қазір пластик құбырдың түр-түрі шығып жатыр. Тым болмаса сонымен неге ауыстырмасқа? Ең қымбат ресурс – су. Сондықтан есепсіз шығынға қатаң бақылау қажет.    width=Бауыржан БАЗАР