«Судың да сұрауы бар» дейміз, дейміз де қоятынбыз. Бірақ судың шын сұрауы енді туғандай. Бүгінгі күнге дейін «Қазақстан болашақта су тапшылығына ұшырауы мүмкін» деген мәселені ғалымдар көтеріп келген болатын. Енді ел Үкіметі болып қолға алып, шара қабылдауға кірісті. Себебі шынымен қауіп кірді. Жалғыз біздің мемлекет емес, барлық елде суға зәрулік туындай бастады.
24 қаңтар күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикамыздағы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтерді. Көтеріп қана қойған жоқ, осы мәселемен айналысатын жаңа ведомство құрылмайтынын, Су ресурстары комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамында қала беретінін қадап айтты. Демек, жаңадан арнайы орган құрып, жасақтап отыруға уақыт жоқ. Су комитетінің Экология министрлігінің құрамында қалуы да аталған саланың экологиялық ахуалынан хабар беріп тұрғандай.
«Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!» деп тапсырды Қ.Тоқаев аталған отырыста. Президент осыны айтқан соң бірден министр Мағзұм Мырзағалиевке қайырылып: «Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?» деп сұраған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 10 негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін айтты. «Су саласынан көріп отырған негізгі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырым болды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған орай, біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қабылдауымыз керек. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге кірісеміз», – деп жауап берді министр.
Иә, Қазақстанның су тапшылығынан қауіптенетін жөні бар. Су көздеріне деген қажеттілік, тұтыну көрсеткіші енді жиырма жыл ішінде 56%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Ең бірінші мәселе – трансшекаралық өзендер жағдайы. Еліміздегі суы мол, ұзын аққан өзен атаулының дені басын сырттан алады. Іле мен Ертіс Қытайдан келсе, Сырдарияның басында Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы отыр. Жайықтың бастауы – Ресей жеріндегі Орал тауында. Сондай-ақ Шу өзені де Алатау асып жетеді. Бұлар – еліміздегі негізгі су көздері. Ертістің суы азайса, Зайсан көліне, Іленің суы азайса, Қапшағай мен Балқашқа, Жайықтың суы тартылса, Каспий теңізінің ертеңіне зиян келмек. Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек. Алайда келешектің тізгіні «тіршілік көзінде» тұрғанын жақсы білетін мемлекеттер су аяғындағы елді есіркеп, тегін дүние ұстатпасы анық. Осыған байланысты Қазақстан «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайындауға кірісті. Бұл – әрине ең маңызды бағыттың бірі. Себебі трансшекаралық өзендердің тағдыры дегеніміз – өзеннің аяғындағы мемлекеттің тағдырын шешетін жағдай.
Екінші мәселе – өзі ішіміздегі ахуал. Бар суды тиімді пайдалану. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде судың 67% көлемі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіпке – 30%-ы кетсе, қалғанын шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланамыз.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген тұжырымдамада жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км дейін су үнемдеу, 15 текше км дейін жерасты суларын пайдалану жоспары енгізіліпті.
Бұл тұрғыда министрлік сумен қамтамасыз етудің негізгі проблемаларын үш топқа бөліп қарастырып отыр. Біріншіден, ел тұрғындары үшін, яғни сапалы ауызсу. Екінші топ – қоршаған орта тепе-теңдігі (Арал мен Балқаштың проблемасы және Жайық өзенінің жағдайы) мен трансшекералық өзендер саясаты. Үшіншіден – ел экономикасына қажетті ресурстарды ретке келтіру.
Әрине, онжылдық бағдарлама суға қатысты жайттың бәрін бірден жақсартады деп айту қиын. Саланың өзіне тән ұзақ жылдан бері қордаланып қалған проблемалары жетерлік. Ең алдымен елдегі сапалы су көзінің тапшылығы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бірізге түспеуі, сондай-ақ тұтас республикадағы жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқалып отыр. Оның үстіне, елдегі барлық каналдардың 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалуда.
Бұған қоса, республика территориясындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі жерасты табиғи байлығын өндіру ісіндегі жіберілген кемшіліктер тұщы су көздерін қаншалықты зақымдағаны жайлы ақпарат әлі күнге анықталмай отыр. Демек М.Мырзағалиев министрлігіне жүктелген міндеттің салмағы жеңіл емес.
Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ,Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы қазақстандық филиалының директоры:– Қазір барлық елде экономиканың дамуы, халық санының өсуі, экология жағдайының шиеленісуі тұщы судың жетпеуінен туындап отыр. Біздегі үлкен өзендердің басы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасынан келеді. Олар өздеріне жетпей жатқан судан бір шелек су тегін бермесі анық. Трансшекералық өзендерден алатын суымыздың көлемі белгілі. Сол көлемді дұрыс үнемдеу арқылы мәселені шешудің бір қыры бар.Екіншіден, суармалы жерлердегі суды тиімді пайдалануда проблема жетерлік. Суды бекерге ағызып қоятындар көп. Міне, осының нақты себебін анықтау керек. Әр тапшы судың өтемі, ақысы болуы қажет. Басқа мемлекеттерде далаға жіберген әр литр үшін айыппұл төлейсің. Дамыған елдердің бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылады, біздегідей ағызып жіберіп, қарап отыру жоқ. Олар су құны қымбат болғаннан кейін осындай әдіске көшті. Бізде 1 гектарға жұмсалатын су мөлшері нормадан 1,5-2 есеге асып кетіп жатыр. Осыдан кейін Қазақстан су тапшылығына қалай ұрынбасын?!Оның сыртында Қазақстанда 2 млн гектардай жерді суаратын ірілі-ұсақты каналдардың жалпы ұзындығы – 30 мың км. Осы каналдармен жылына 20 млрд текше метрдей су жібереміз. Ол су егістік басына жеткенше 15-20%-ы сіңіп кетеді, яғни жоғалтамыз. Каналдың бойын, табанын бетондау керек, қазір пластик құбырдың түр-түрі шығып жатыр. Тым болмаса сонымен неге ауыстырмасқа? Ең қымбат ресурс – су. Сондықтан есепсіз шығынға қатаң бақылау қажет.Бауыржан БАЗАР