Маңғыстау өңірінде әуесанақ жүргізілді. 2001 жылы ақбөкеннің күрт азайып кеткені айтылған еді. Үстірт киігі негізінен Қарақалпақстанда қыстайды. Көктемде қайтар жолда біразы браконьер оғына ұшады. Соңғы жылдары дала жануарының жүру бағыты солтүстікке қарай өзгерген.
Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының мәліметінше, Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясын қоса алғанда елдегі ақбөкен саны 1 млн 300 мыңнан асты.
Айта кетейік, Үкімет қаулысымен Батыс Қазақстанда «Бөкей ордасы» мемлекеттік резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалы құрылды. Табиғи аумақтың жалпы ауданы – 650 мың гектар. Штат бойынша 78 адам жұмыс істейді.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақ 1 шілдеден бастап нақты іске кіріседі. Бұған республикалық бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлінеді. Басты мақсат – киікті қорғау, оның көші-қонын қадағалау. Аумақта шамамен 250 мыңдай киік болады. Резерватта аңшылық жасауға тыйым салынады. Ал ол жерден тыс аумақта киікті аулаумен басқа бір мекеме шұғылданады. Ол жағын әлі ойластырып жатырмыз», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.