Қызылорда мен Павлодарда пункт жоқтың қасы
– Қазір еліміз бойынша штабтың қанша пункті бар? Жұмыс барысы қалай жүріп жатыр? – Жалпы, біздің жұмыс тірі ағза секілді, мезет сайын өзгеріп отырады. Қазір пункттеріміз алғашқы кездегідей көп емес. Астанадағы елшіліктің ішіндегі және Алматыдағы пункт тұрақты жұмыс істеп жатыр. Негізі, 11 аймақ бойынша пунктіміз бар. Олар әлі де елден көмек қабылдауда. Тек Павлодар мен Қызылордада жоқ. Ашуға тырыстық, бірақ ыңғайы болмады. Оның үстіне, Украинаға гуманитарлық көмек көрсететін пункттердің барын көпшілік білмеген, естімеген секілді. Өйткені қазақтілді орта мүлдем бейхабар. Әрине, ақпаратты қазақша таратуындай тараттық. Алайда қазақи ортада осы жұмысты ұршықша иіретін жан табылмады. Егер ауыл-аймақтарда пункт ашу туралы ұсынса, қарсылығымыз жоқ. Олармен жұмыс істейтін негізінен еріктілер. Ал олардың көбінің негізгі жұмысы бар. Еріктілердің жалпы саны 670-ке жетті. Ішінде 150-і өте белсенді. [caption id="attachment_200460" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Ал қаражат көзін қайдан алып отырсыздар? Тек халықтың берген дүниесін жеткізіп қоясыздар ма? – Алғашқы кездегідей емес, қазір жұмыс тұрақталып, бірізділікке түскен. Еріктілердің арқасында күн-түн демей, көмекті қабылдап, реттеп отыратын жүйе қалыптасты. Одан бөлек, біз қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, арасында шеберлер мастер-класс өткізеді. Сөйтіп, еріктілер үйренген сувенирлерін қолдан жасайды. Артынан алаңдарда жәрмеңке, концерт өткізіп, сатамыз. Мысалы, өткенде концерт өткізуді ұсынған бозбалалар еді. Олар концерттен түскен ақшаны Украинадағы қарттар үйіне жіберді. Чернигов облысы Тупичев ауылында орналасқан қарттар үйінде 22 қарт байланыссыз, қараусыз қалыпты. Міне, осындай ұсыныстарға, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қатарынан корпоративті компанияларға хабарласып, бізге көмектесуін де сұраймыз. Бір сөзбен айтқанда, Украинаға гуманитарлық көмектің тоқтамай, қажетін жабуға тырысып-ақ жатырмыз. Әйтпесе, бізде ақша жоқ, өз қалтамыздан ештеңе төлей алмаймыз. Сондықтан қандай да бір ұсыныстарға ашықпыз.Ресейлік орыстар да Украина халқына көмектесуде
– Сонда кез келген адам көмегін ұсына ала ма? Жеке кәсіпкерлер осы жағдайда көмектесті ме? – Көмектесіп жатқан кәсіпкерлер бар, бірақ олар өздерін атағанын қаламайды. Көмектің басым бөлігі солардан келіп жатыр. Біз кез келген адамның көмегіне зәруміз. Бұл жерде ешкім ұлтқа, нәсілге бөлінбейді. Соғыс – бәрімізге ортақ қайғы. Арамызда Ресейден келген орыстарың да көмектесуде. Ішінде украиндықтар да бар. Қазақтардың өзі шет қалып отырған жоқ. Қолындағы барын беріп, атсалысып жатыр. Кейбірі көмектескісі келсе де, жолын білмейді. Соның амалын табуға тырысамыз. Мысалы, Украинадағы халыққа палау пісіріп таратып жүрген қазақтармен байланыстық. Олар аптасына 100-120 адамды тамақтандырады. Өздерінің кішкене ғана көлігі бар. Соғыстан зардап шеккен елді мекенге тоқтап, сондағы тұрғындарға палау пісіріп, таратуда. Біз оларға тамақпен бірге жеке гигиенаға қажет дүниені беруін ұсындық. Қазір олар оның қанша тұратынын, жалпы шығынды есептеп берді. Енді соған қаржы көзін табуымыз керек. Жұмысымызды дұрыс үйлестіре алсақ, көп адамға көмектесе аламыз. Өйткені сонда жүріп халыққа көмектесіп жатқан қазақтың өзі қаншама?! Сол себепті ауызбіршілікті көрсетіп, жұмыла жұмыс істесек, бәрін еңсереміз. Шыны керек, көбі біздің елді Ресейдің жақтасы деп қабылдайды. Бірақ біздің елден көмек келгеннен кейін жұрттың ойы өзгеріп, қиын сәтте сырт айналып кетпегенімізді түсінеді. Осындай стереотипті бұзып, өзінің көзқарасы бар ерікті ел екенімізді көрсетуіміз керек. – Біздің елге келіп, көмек сұраған украиндықтар көп пе? Оларға да көмектесесіздер ме? – Әзірге қолымызда ондай нақты мәлімет жоқ. Оны Көші-қон қызметі комитетінен сұрастыру керек. Бірақ өзіміздің мәліметімізше, Украинада соғыс басталғалы 4 мыңға жуық украиндық көшіп келген. Оның бәрі астанада емес, еліміздің әр аймағына таралған. Рас, бізге келгендер көп. Байқауымызша, көбінің осы жақта ағайын-туысы, тамыр-танысы бар. Оның үстіне, қазақ халқы – қонақжай ел. Қайсысы болсын, бізге келгендерге көмектесіп жатырмыз. Мәселен, бала-шағасымен келген әйелдердің көбісі киім-кешексіз, қажетті заттарсыз болады. Солардың балаларын балабақша мен мектепке, өздерін жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Өткенде 4 жасар қызды жекеменшік балабақшаның иесі тегін қабылдады. Кейбір стоматологтер тістерін тегін емдеп берді. [caption id="attachment_200459" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption]Тоғыз елді шарлап барған көмек
– Кімге қандай көмек керек екенін қайдан білесіздер? Гуманитарлық көмектің ішіне не кіреді? – Елшілік сол жақтағы хабтан Украинадағы халыққа не қажет екенін анықтап, сұраныстағы заттардың тізімін береді. Соған қарай қажетті дүниені тауып беруге тырысамыз. Мысалы, жақында Украинадағы балалар үйіне киім-кешек керек еді. Содан балалар киіміне акция жасап, ел-жұрттан жинап жібердік. Негізі, бірінші қажеттілік – дәрі-дәрмек, екіншісі – гигиеналық заттар, үшіншісі – ұзақ уақытқа сақталатын азық-түлік. [caption id="attachment_200458" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption] Қазір оларға тактикалық медицина, яғни әртүрлі медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек, система, дефибрилляторлар керек. Сонымен қатар соғыстың салдарынан тұрғын үйлер, аурухана мен емханалар жарықсыз қалды. Тұрғындар жарықсыз амалдай алғанымен, емдеу орталықтарына қажетті дүние генератор жіберудеміз. Алдында зейнеткер әже үйіндегі дәрі-дәрмек қобдишасын ақтарып, ішінде артық қалған инсулин әкелгені бар. Бүкіл көмекті біз емес, қазақстандықтар жасап жатыр. Біз тек соны ұйымдастырып, қажетті жеріне жетуін қамтамасыз етеміз. [caption id="attachment_200457" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Осы күнге дейін қанша мөлшерде гуманитарлық көмек көрсете алдыңыздар? – Ол жаққа гуманитарлық көмекті арнайы ұшақпен жібере алмадық. Алайда Украинаға ұшатын рейстік ұшақтарға сыйғанынша салып жібереміз. Ондай кезде кейде 6 тонна, кейде жоспарлағанымыздан аз болып жатады. Одан гөрі ірі көлемдегі жүк көлігімен жіберген тиімді. Бір көліктің сыйымдылығы – 20 тонна. Тек жүретін жолы ұзақ. Бір емес, тоғыз елді шарлап шығады. Екі елдің арасындағы қашықтық – 3,5 мың шақырым. Батыс Қазақстан арқылы Каспий теңізімен Әзербайжанға, одан Грузия, Түркияға барады. Соғыстың басында елордада украиндық он шақты жүк көлігі қалып қалғанын естідік. Сөйтсек, олар соғыс басталмай тұрғанда біздің жаққа келген екен. Аяқасты соғыс басталып, шекарасы жабылған соң, осында қалған. Біріншіден, көлікті тастап кете алмайды, екіншіден, қала бергенге үй ішін уайымдайды. Оның үстіне, бензинге ақшасы да жоқ. Сол кезде бір-бірімізді тапқанға қуандық. Олар біздің көмекті әкететін болды, біз олардың жетуіне көмектесіп, жанармайын әперетін болдық. Сөйтіп, 220 тоннаға дейін гуманитарлық көмек жеткізілген. Ал ар жақта Украинадағы үлкен хабтарға елді мекендерге жібереді. [caption id="attachment_200456" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption] – Штаб ашып, Украинаға гуманитарлық көмек көрсету жұмысы қалай басталды? – Бұл бастаманы әуелде "Ел болашағы" деген ұйым көтерген еді. Содан наурыздың басында Украина халқына көмек қолын созып, барын әкелген адамның қарасы көбейді. Елшіліктің алдына кезекте тұрғандардың соңы көрінбеді. Олардың басым көпшілігі ерікті ретінде көмектесуге сұранып, жиналған дүниені реттеп, жинасты. Елшілік қызметкерлерінің күші жетпей жатты. Міне, осы кезде осыған жауапты бір ұйымның қажет екені сезілді. Содан штаб құрып, әртүрлі бағыт бойынша жұмысты жетекшілік ететін координаторлар енгізілді. Халықтан жиналған көмекті реттеп, бөлу ғана емес, оның дұрыстығын тексеріп, есепке алу да жұмыс еді. Тиянақты жинап, қорап-қорапқа салып, тиеу де мойнымызда. Ендігі мәселе – гуманитарлық көмекті Украинаға жеткізу. Оны қажетті мекенжайға жеткізіп, ол жаққа қанша қорап жіберілгеніне дейін тіркеп отырмыз. [caption id="attachment_201141" align="alignnone" width="1200"] ©Радмир Фахрутдинов[/caption]