«Қайрат» футбол клубының негізгі команда бас жаттықтырушысы болып Кирилл Сергеевич Кекер тағайындалды. Бұл жайында команданың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Онда Кирилл Кекердің жас ойыншылармен жұмыс істеуде мол тәжірибеге ие екені айтылған. Ол – «Қайрат» ФК академиясының ең табысты мамандарының бірі.
«2017 жылғы маусымда Кекер шәкірттері 2002 жылы дүниеге келген балалар арасындағы ҚР біріншілігінде өздерінен бір жасқа үлкен қарсыластармен бақталасса да, алтын жүлдеге қол жеткізді. Нұрлан Қаппаровты еске алуға арналған турнирде жеңімпаз, Валенсиядағы халықаралық сайыста күміс медаль иегері және Сергей Квочкин атындағы жарыста Кубок еншіледі.
«2019-дан 2020 жылға дейінгі маусымда Кирилл Сергеевич «сары-қаралардың» негізгі командасында бас бапкердің көмекшісі қызметінде болып, біріншіліктің алтынын жеңіп алды. 2021 жылғы маусымды Кирилл Кекер «Қайрат Жастардың» бас бапкері статусында бастап, маусым айында «Қайрат» ФК бас жаттықтырушы қызметін атқарушы атанды» делінген жазбада.
2022 жылдың қаңтарында Кекер «Қайрат Мәскеу» ФК бас жаттықтырушысы ретінде таныстырылған. Оның еңбегі арқасында, «мәскеуліктер» ҰФЛ-2 турнирлік кестесінде чемпионат аяқталуына бір тур қалғанда, 5-орында келеді.