Конституциялық реформа еліміздегі бүкіл саяси жүйені қайта бастауға мүмкіндік береді – Нұрлыбек Ожаев
Конституциялық реформа еліміздегі бүкіл саяси жүйені қайта бастауға мүмкіндік береді – Нұрлыбек Ожаев
Фото: Нұрлыбек Ожаевтың Facebook-тағы парақшасынан алынды
424
оқылды
«AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің және Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшесі Нұрлыбек Ожаев Конституциялық реформалар саяси жүйедегі тактикалық өзгерістерге емес, саяси жаңғыру үшін бағытталғанын айтты. Бұл туралы Нұрлыбек Ожаев Facebook-тегі парақшасында жазды. «Азаматтар референдумда өз таңдауын жасады. «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 31 және 33-баптарына сәйкес және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық референдум комиссияларының ұсынған хаттамаларына сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 985 769 немесе 68,05 пайызды құрап, олардың 77,18 пайызы мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берді. Нәтижесінде, референдумға шығарылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды деп есептеледі. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған үндеуінде: «...Ата Заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді...» деген болатын. Сайлау учаскесіне келген ел тұрғындары, расында да маңызды қоғамдық саяси реформаға дауыс беру арқылы, азаматтарымыздың, мемлекетімізде түбегейлі өзгерістер жасалуын қалайтынын көрсетті. Көпшіліктің қалауымен мақұлданып, конституциялық сипатқа ие болған бұл реформалар, саяси жүйедегі тактикалық өзгерістерге емес, саяси жаңғыру үшін, институционалдық жағдайлар жасауға бағытталған. Конституциялық реформа саяси бәсекелестік үшін жағдай жасауға және азаматтардың елдің саяси өміріне белсенділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызып, мемлекеттігіміздің тұғырнамасын өзгертіп, елдігіміздің өркендеуіне оң ықпал жасады. Онда қарастырылған ауқымды да маңызды бастамаларды іске асыру еліміздегі бүкіл саяси жүйені қайта бастауға мүмкіндік береді. Алғашқы сатыға аяқ бастық. Алдымызда – ортақ жұмыс, нақты мақсат жетерлік. Сондықтан, бірлігі бекем Қазақстан халқының жаңарған қоғамда өмір сүру, оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қазіргі буын, бізге артылған үлкен міндет. Сол үдеден шығу жолында жүрегі «елім», «Отаным» деп соққан әрбір адамның өз деңгейінде, Қазақстанымыздың гүлденіп, дамуы жолында аянбай, табанды еңбек етуі, еліміздің шынайы жанашыры ретіндегі азаматтық парызы деп түсінемін», – деп жазды Нұрлыбек Ожаев.