Бүгін жыл сайынғы QS World University Rankings рейтингінің нәтижесі жарияланды. Осы нәтиже бойынша Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті 405-орынға ие болып отыр. Аталған оқу орны осыдан бір жыл бұрын осы тізімде 505-ші болып тұрған болатын. Яғни, оқу ордасы бір жыл ішінде ол тізімдегі орнын 100 сатыға көтерген.
Сәтбаев Университеті – еліміздің жетекші техникалық университеті мәртебесін тағы да дәлелдеп, әлемдегі ең үздік университеттердің 29%-ның қатарына қосылды.
Енді Сәтбаев Университеті әлемдік бұл тізімде Орталық Еуропадағы ең көне техникалық университетпен, әлемдегі ең көне азаматтық техникалық Czech Technical University Prague университетімен, Германияның ең ірі университеттерінің бірі University of Münster және ең ірі мемлекеттік зерттеу университеті секілді еуропалық университеттермен, Қытайдың ғылыми-инновациялық орталығы – South China University of Technology университетімен көршілес тұр. Бұл әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның алғашқы техникалық университетінің беделін арттырады.
Сәтбаев Университеті сондай-ақ екінші жыл қатарынан QS World University Rankings By Subject 2022 рейтингінде Petroleum Engineering пәні бойынша Инженерия және технологиялар санатындағы позициясын сақтап, әлемдік рейтингте 101-–150-орындарды иеленіп келеді.
QS World University Rankings рейтингі академиялық беделдік 40%, жұмыс берушілер арасындағы беделдік 10%, шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі әрқайсысы 5%-дан, студенттер мен оқытушылардың арақатынасы 20% және бір ғылыми-педагогикалық қызметкерге шаққандағы дәйексөздер саны 20% сияқты көрсеткіштерге негізделген.
«Біз республика көлемінде де, әлемдік аренада да жұмыс берушілермен және ғылыми қауымдастықпен тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, оны нығайтып келеміз, академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын сақтай отырып, аса қажет емес әкімшілік шығындарды азайттық. Нәтиже біздің дұрыс жолды таңдағанымызды дәлелдейді. Ендігі біздің стратегиялық мақсатымыз – QS WUR рейтингінің ТОП-200 қатарына ену. Біздің ұжым үшін бұл оп-оңай қол жеткізуге болатын мақсат», – деп атап өтті Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Ректордың айтуынша, университеттің ғылыми және әкімшілік ұжымы үздіксіз жұмыс пен өсу тенденциясын сақтауға және бәсекелестіктің өсуіне қарамай, алдағы үш жылда тағы 200 сатыға көтерілуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар жыл сайын рейтингке қатысушылардың саны артып, олардың деңгейі мен рейтингтегі орташа ұпай саны өсіп келеді, әрі жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да өсуде.
Мысалы, QS-2016 рейтингіне 900 үміткер университет қатысса, QS-2023-те олардың саны 2500-ге жуық болды, нәтижесінде рейтингке әлемнің 100 елінен 1422 университет енді. QS WUR 2023 университеттерінің халықаралық рейтингіне Қазақстаннан 16 университет қатысты.
QS World University Rankings – әлемдік университеттер арасында өтетін ең объективті және ықпалды үш рейтингтің бірі болып табылады. Ол Times Higher Education World University Rankings және Academic Ranking of World Universities рейтингтерінің қатарында. Оның авторы – британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы. QS WUR 2023 рейтингі бойынша бірінші орынды дәстүрлі түрде MIT (Массачусетс технологиялық институты, АҚШ) алып отыр.