Халық референдумға сеніммен қарап, сайлау учаскелеріне отбасымен келіп дауыс берді – облыстық маслихат депутаты
Халық референдумға сеніммен қарап, сайлау учаскелеріне отбасымен келіп дауыс берді – облыстық маслихат депутаты
1,308
оқылды
5 маусымда елімізде ауқымды саяси процесс – жалпыхалықтық референдум өтті. Осы ретте Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев өңірдегі референдумның өту барысына тоқталып, алда күтіп  тұрған өзгерістер жайында пікір білдірді.
«5 маусымда елімізде тарихи оқиға болды десем артық емес. Мен дауыс берген  учаскеге адамдар тынымсыз келіп-кетіп жатты. Халық референдумға сеніммен қарап, сайлау учаскелеріне отбасымен келіп дауыс берді. Бұл – жақсы дәстүр. Балалар мен немерелерімізге  ел өміріне араласуды жас кезінен үйретуіміз  қажет», – деді Нұрғазы Сәтбайұлы.
Сондай-ақ мәслихат депутаты референдумнан кейін күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, әр азамат сол өзгерістерге атсалысуы қажет екенін де атап өтті.
«Көпшілігіміздің көкейімізде көп сұрақ тұр. Әрі қарай не болады, қандай өзгерістер орын алады дегендей. Әрине, бастапқыда оңай болмайтыны анық. Себебі бұл өте ауқымды жұмыс. Конституцияға енгізілген өзгертулер негізінде еліміздің заңдары өзгереді. Ал олардың жұмыс істеп кетуі үшін біршама уақыт керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша Қазақстан халқына зор ризашылығын білдірді. Сондай-ақ референдум еліміздің тарихындағы  маңызды белес екенін де атап өтті. Мен халыққа қызмет етіп жүрген депутат және кәсіпкер ретінде Президентіміздің  ашық әрі әділетті экономика құру керектігі  жайлы айтқан сөздерін толықтай қолдаймын. Тұғыры берік ел болуымыз үшін экономикамызды дамытып, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында жұмыла еңбек етсек, экономикасы мықты мемлекетті құра алатынымызға сенімім мол. Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік!», – деді депутат.