© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов[/caption]
Кегендік шаруа Нұрым Нүптекеевтің айтуынша, қазір атакәсіппен айналысушылардың халі мүшкіл. «Таулы өлкеде былтыр қуаңшылық болып, жерге шөп шықпады. 60 гектар шабындықтан 60-ақ орам шөп жинадым. Малымды қыстан аман шығару үшін 3,5 миллион теңгеге шөп сатып алдым.
Біздің жеріміз Тасашы селолық округінің аумағында. Іске татитын жердің 90 пайызын алпауыт компанияларға бере салған. Ондағылар мыңдаған гектарды қоршап алды. Зардабын біз сияқты шаруа адамдары көріп отыр. Өткен жылы ауылда мал шығыны өте көп болды», – дейді ол.
Тұрғындар жергілікті биліктің ірі жер иеленушілердің алдында дәрменсіз екенін де жасырмады. Негізінен, аграрлы өңір болғандықтан Жетісудің әлеуметтік-экономикалық дамуы жерді тиімді игерумен тікелей байланысты. Мұнда танымал компаниялар да ірі жер иеленушілердің қатарында. Жақсы жер телімдерін меншіктеп алғандарда «маған да, саған да жоқ» деген көзқарас бар секілді. Салдарынан жергілікті тұрғындар мал басын шектеп ұстап, егін еге алмай отыр.
Қазіргі кезде облыстың жер қоры 22 миллион 357 мың гектарды құрайды. Оның 1 миллион 40 мың гектары егістік болса, 478 мың гектары суармалы, 30 мың гектары көпжылдық екпеге арналған, 145 мың гектары тыңайған жер, қалғаны шабындық және жайылымдық жерге жатады.
Өңірде жерге қатысты 1500 хат пен өтініш қаралған. Олардың басым бөлігі Талғар, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Талдықорған мен Қонаев қалаларынан. Құзырлы органдар тексеру барысында аталған аудандар мен қалаларда жерге қатысты заңнаманы, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтарды анықтапты. Ауыл шаруашылығына арналған жердің нысаналы мақсатын жөнсіз өзгерту нәтижесінде көптеген егістік жайылымдық алқапқа айналып, шабындықтарда құрылыс жүргізілген. Мұндай жағдайлар Алакөл, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Қарасай, Ескелді, Қаратал аудандарында жиі тіркелген. Әсіресе жерді иемденуге арналған конкурстарда бармақ басты, көз қысты әрекетке көп жол беріледі. Қалталылардың мүддесін көздеу, жақын-жуыққа бұра тарту үйреншікті көрініске айналғалы қашан?
Жергілікті атқарушы органдар Ақсу, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандарының инвестициялық жобаларын іске асыру үшін конкурстардан тыс жер телімдерін беру тәжірибесін енгізген. Құптарлық қадам. Бірақ жобаның қағаз жүзінде қалғаны қынжылтады. Кербұлақ ауданы бойынша 2018-2020 жылдар аралығында осындай 23 инвестициялық жобаны Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдады. Бірақ сол жобалар бойынша тоғыз шаруашылық 16 636 гектарды әлі күнге дейін игермеген.
2018-2019 жылдар аралығында аудандар мен қалалардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 808,7 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталады. Қазіргі кезге дейін осы жердің 125,9 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 3,8 мың гектар жайылым иесіз мүлік ретінде есепке қойылған. Сондай-ақ 671,7 мың гектар жер игеріліпті. Қалған 7,3 мың гектар жер бақылауға алынған. 2020-2021 жылдары жерді қашықтықтан зондтау қорытындысында жалпы аумағы 71,3 мың гектар егістік пен 2167,3 мың гектар жайылымдық мүлде пайдаланылмай келгені белгілі болды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, Жетісудағы жерге қатысты түйткілдерді реттеу бағытында қыруар шаруа атқарылғанымен, шешімін күткен мәселелер жеткілікті.
Бұл орайда жергілікті билік ең әуелі жер төсін еміп, атакәсіпті нәсіп еткен шаруалардың жағдайын ойластырса құба-құп.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы