Атырауда ажырасқан ер адам мүлікті бөліскісі келмей өз үйін трактормен бұзып құлатты, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сегіз жыл отасқан ерлі-зайыпты дәм-тұзы жараспай ажырасқан. Сот мүліктерін теңдей бөліп берген.
Бірақ бұл шешімге құлақ аспаған күйеуі балаларын қаңғытып жіберіп, үйін өз қолымен қиратып тастады. Қазір оның әрекетін полиция тергеп жатыр.
Ажырасқан Айнұр Қанатова балаларымен туыстарының үйін паналап жүр. Былтыр жолдасымен заң жүзінде ажырасып, сот мүліктерін теңдей бөліп берген. Бірақ күйеуі соттың шешіміне қарамай, балаларына да қимай, жылдар бойы қабырғасын бірге қалаған баспанасын трактормен күреп тастапты. Іргетасы қаланғанына он жыл да болмаған үлкен үйдің қазір тас-талқаны шыққан. Тіпті, ауладағы шағын үй мен гаражды да қиратып тастаған.
Күйеуі соттың шешімі шығысымен, үйді бұзуға жұмысшылар жалдаған. Құлатпас бұрын үйдің шатыры мен есік-терезесін алған.
38 жастағы әйелдің айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын бір баласымен өзінен 18 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шыққан. Ол күйеуінен қазір екі ұлы бар. Отбасылық айқай-шу үлкен ұлын жақтырмаудан басталыпты. Ата-анасы тірі кезде ұлы солардың қолында болған. Кейін анасы қайтыс болып, өз қолына алған. Күйеуі ұлын бауырына баспақ түгілі, балағаттап, қысым көрсетіпті.
Үйін күреп тастаған ер оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Оның жөнсіз әрекетін полиция тексеріп жатыр.
Атырау облысы ПД анықтау басқармасының аға анықтаушысы Елдос Тұқпатов: «ҚК-тің 389-бабы 1-бөлігімен өзінше билік фактісімен сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізілуде. Тексеру 2022 жылғы 19 сәуірде басталды. Қылмыстық іс тергеу сатысында», – деді.
Айнұр Қанатова екі ұлымен аулаға да кіре алмайды. Қираған шаңырағын қақпаның сыртынан қарап жүр.