Газ бағасының шарықтауы «Қасіретті қаңтар» оқиғаларының триггеріне айналды. Сол кезде ел Президенті автогаз бағасының көтерілуіне 180 күндік мораторий енгізген. Алты айлық мерзім аяқталуға таяу. Сарапшылар мәселе сол бойы шешілмегенін айтады. Енді шектеу доғарылса, баға қайта шарықтап кетпей ме? Үкімет көліктер қоректенетін көгілдір отынның құнын құрықтау, газ өндірісін арттыру үшін нендей шараларды қамдап жатыр? Осы мәселелерге жауап іздеп көрдік.Қазақ газдан тарықпаған кез еді...
Жалпы, 2014 жылға дейін Қазақстанда автогазға қатысты мәселе жоқ еді. Ол кезде ел бойынша автогаздың 1 литрінің бағасы орта есеппен 35-41 теңге тұратын. Сондықтан бұқара мен бизнес көліктерін бұдан 2-2,5 есе қымбат тұратын бензин мен дизельден газға белсенді түрде көшіре бастады. Билік те үлес қосты. Автобустарды автогазға көшіру жобалары қолға алынды. Сонымен бірге Үкімет халықтың еселеп өсетін сұранысын өтеу жолдарын жете пысықтамағаны кейін анықталды.
2015 жылдан бері сұйылтылған мұнай газын (СМГ) тұтыну көлемі бірден 3 есеге – 545 мыңнан 1 млн 600 мың тоннаға дейін күрт ұлғайды. Газбен жүретін көлік саны еселеп өсті. Мысалы, Маңғыстау облысында барлық автокөліктің 90 пайызы газды қолданады. Егер 2019 жылы елімізде газ жағатын автокөліктер саны 139 мың болса, 2021 жылы ол тағы 2,5 есеге көбейіп, 313 мың бірлікке жетті. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 13 876 ғана болған. Қазақстан автобизнесі қауымдастығының дерегінше, ай сайын газды көліктер саны орта есеппен 15-20 мыңға артып отырады.
Нарықта қалыптасқан «кеселдің» алғашқы симптомдары 2014 жылы байқалды: тамызда автогаз 80 теңгеге дейін қымбаттады. Бұған дейін 35 теңге тұратын. Ақтау таксишілері тарифтерін 50 пайызға көтерді. Қоғамдық көліктер де отын тапшылығы кесірінен бағдарға шыға алмайтынын жариялады. Жергілікті шенділер түйткілді шешуден жалтарып бақты. Сол кездегі Маңғыстау облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Бақыт Ұлықпанов тапшылықтың «жасанды» екенін мәлімдеді. Тек мәселені БАҚ көтеріп, ол республикалық деңгейге шыққанда ғана облыс басшылығы араласып, Газ бағасын тұрақтандыру штабын құрды, кәсіпкерлерді көндіріп, бағаны 37 теңгеге қайтарды. Сонда штаб өкілдері айыптылар жаза тартатынына, «Қазақ газ өңдеу зауытының» іс-әрекеті бақылауға алынғанына сендірген еді.
Бірақ 2021 жылдың соңында зауыт пен өңірдегі алыпсатарлардың бағаны екі есе көтеруі жұрттың наразылығына ұласты.
Жаңа атау, ескі мәселе
2022 жылғы 5 қаңтардағы Президент тапсырмасына сәйкес, СМГ-нің бөлшек сауда бағасы 6 айға 50-70 теңге аралығында бекітілді. Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі салана тексеруге кірісті. СМГ-ні бөлшек саудада өткізумен айналысатын 193 субъектіге қатысты тергеп-тексеру жүргізді. Оның 89-ын Бас прокуратурамен бірлесіп өткізген. Осы 193 жеткізушіге салынған айыппұлдың жалпы сомасы 103 млн теңгеге жетті. 45-іне әкімшілік іс қозғалды. Бұларға қолданылған әкімшілік жаза сомасы 92 миллион теңгені құрады.
Автогаз өндірушілердің қызметін тексеру қорытындысында прокурорлар мен антимонополистер 5,5 миллиард теңге көлеміндегі заңбұзушылықты анықтады.
«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлеповтың ұсталғаны хабарланды. Зауыт баға қымбаттардың алдында сұйылтылған газды сату көлемін негізсіз азайта қойған екен.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, Petrosun ЖШС, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ына қатысты қылмыстық істер қозғалды.
Түсініксізі сол, өз елімізге автогаз жетпей жатқанда оның үлкен көлемі Ресейге, өзге елдерге жөнелтіледі. СМГ экспор тының жыл сайынғы көлемі 2015 жылғы 2 миллион тоннадан тек 20%-ға азайып, 2021 жылы 1,58 млн тонна болды. Сыртқа кетпесе, өз өндірісіміз өзімізге жететін еді. 2019 жылы республика СМГ-нің 3 млн 195 мың, 2020 жылы 3 млн 177 мың, ал 2021 жылы 3 млн 168 мың тоннасын өндірді.
Осы отынды өндірумен айналысатын «ҚазТрансГазда» да миллиардтардың талан-тараж болғаны әшкереленді. Ұлттық компанияның қазіргі басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2014-2022 жылдар аралығында Қайрат Шәріпбаев басқарған компанияның жағдайы қиындап, онда тіпті жүздеген миллиард теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталғанын хабарлады. ҚТГ Үкіметтің шешімімен «Самұрық-Қазына» қорының тобына кірді, «ұлттық компания» мәртебесін иеленді және атауын QazaqGaz деп өзгертті. Aйтсе де, жаңғырған QazaqGaz ескі мәселеден арыла алар емес.
«Жалпы сомасы 937 млрд теңгеден асатын қаржылық жөнсіздіктер мен делдалдық схемалар фактілері табылды. Соның ішінде 123 миллиард теңгенің заңбұзушылықтары дәлелденді. Мәселе өте көп, біз оларды шешуге тырысып жатырмыз», – деді С.Жаркешов.
«ҚазТрансГаз» АҚ-ның 7 жыл ішіндегі шығын-залалы 587 миллиард теңгеге барады. Компанияны ұзақ жыл басқарған Қайрат Шәріпбаевтың өкілеттігі «қаралы қаңтар» оқиғаларынан кейін тоқтатылды. Басқарма төрағасы лауазымын уақытша басқару Ибулла Сердіге тапсырылды. Наурызда ҚТГ басшылық құрамы толық жаңарды. Кейін Ибулла Сердіге іздеу жарияланғаны белгілі болды.
Электронды сауда «ережесіз саудаға» айналды
Сонымен, 5 шілдеде Президент тапсырған 180 күндік шектеу аяқталады. Автогаз бағасы не болады? Бағаны ауыздықтау жалғасатын көрінеді. Үкімет Қазақстанда автогаз бағасы бекітілетінін мәлімдеді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың байламынша, сұйылтылған газдың қазіргі бағасын ұзақ ұстап тұру тиімсіз. Ол саладағы мәселені одан ары өршітеді. Мәселен, зауыттан газдың 1 литрін 16 теңгеден босату талап етіледі.
«Бұл – өте төмен баға. Себебі зауыттарда жөндеу жұмыстарының өзіне қыруар қаржы жұмсалады. Бағаны төмен деңгейге ұстау ұзай берсе, өндірісті арттыруға олар ынталанбайды. Қазіргі бағалар газ өндіруге кететін шығыннан да төмен болып тұр», – деді министр.
Ол газ саласына қатысты ұлттық заңнама жаңғыратынын жеткізді: «Энергетика министрлігі Мемкірістер комитетімен бірлесіп, ішкі нарықта сатылатын сұйылтылған газдың айналымын бақылайды. Сондай-ақ біз «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға өзгерістерді әзірлеп қойдық. Құжатта Энергетика министрлігіне СМГ-нің бөлшек саудадағы шекті бағаларын бекіту өкілеттігі беріледі», – деді Б.Ақшолақов.
Министр көгілдір отынды елден шығару әрекеті тыйылмай отырғанын, бұл отандық нарықта тапшылық туғызып, газ бағасына кері әсер ететінін қаперге салды. Бұл тарапта да бірқатар шара қабылданбақ. Автогазды «тасымалдау жолқұжаты міндеттітүрде талап етілетін тауарлар тізіміне» енгізу ұсынылды. Оны сататын жанар-жағармай стансалары клиентіне кассалық чек беруге міндеттеледі. Бұл бөлшек саудада автогаздың айналымы жөнінде нақты көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Үкімет мемлекеттің экономикаға араласып, «қолмен басқаруын» доғару үшін 2022 жылғы 1 қаңтарда СМГ-ны толықтай электронды биржалар арқылы сатуға көшпек болды. Алайда отандық электронды сауда алаңдарының дамымауы, оларда өзара сыбайлас трейдерлердің шектеулі шоғырының үстемдік етуі ақыр соңында газ бағасының 50-60 теңгеден биыл 120 теңгеге дейін шығандап кетуіне әкеліп соқтырды.
«Талдау көрсеткендей, меморгандар электронды сауда алаңында СМГ бағасының күрт өсуін шектеу тетіктерін жете пысықтамаған. Салдарынан 2022 жылғы қаңтарда бөлшек сауда бағасы тосыннан жоғарылаған соң бүкіл ел аумағында наразылық акциялары туындап, олар тәртіпсіздікке ұласты. Осыған байланысты автогаздың бөлшек саудадағы бағаларын реттеуді енгізу, ал өнімді бөлу функцияларын нарық қатысушыларының өзіне беру қажет», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі.
Үкімет ірісімен емес,ұсағымен алыспақ
Бұған дейін мемлекет көтерме бағаны шектеді. Онысы нәтиже әкелмеді, өйткені өндірушілер мемлекетке көз қылып, өнімін көтерме саудада арзанға (ҚҚС-ті қоса алғанда, тоннасын 43 345 теңгеден немесе 1 литрі 25 теңгеден) бергенімен, шынында оны өзімен сыбайлас делдалдарға өткізіп, солар арқылы қымбаттата қоятын. Биржаға түскен газ одан ары шарықтайды. Салдарынан зауыттан арзан шыққан көгілдір отынды жол-жөнекей қосылатын делдал-алыпсатарлар бірнеше есе қымбаттатады.
Ведомствоның тұжырымдауынша, бөлшек саудадағы бағаларды реттеуді енгізу, біріншіден 100 пайыз заңды түрде жұмыс істейтін әрі басқарылатын саланы құруға мүмкіндік береді. Екіншіден, өндірушілер мен бөлшек сауда субъектілері арасында үстемеақы-маржаны әділ бөлуге жол ашып, газ өндірісін ынталандырады. Үшіншіден, СМГ бағасын көтеруден пайда табатын көптеген делдалдық тізбек жойылады. Төртіншіден, инвестиция салуды ынталандыру үшін бұл сектор шығынды-залалды жағдайдан шығарылады. Бесіншіден, өндіріс артса, саладан мемлекетке түсетін салық түсімдері ұлғаяды.
Министр меңзеген жаңа заң жобасы Энергетика министрлігіне «СМГ-ні бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын бекіту функцияларын» береді. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның ішкі нарығында сұйылтылған газды көтерме саудада өткізу бағаларын мемлекеттік реттеуді жою ұсынылады. Бөлшек сауда бағалары 2026 жылға дейін бекітіледі. Бұл ретте газды сатып алу және тасымалдау шығындарын және әр өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, бөлшек баға әрбір өңір үшін әр жылға жеке-жеке белгіленеді.
Бүгінде Қазақстанда 11 СМГ өндіруші және 2 542 автогаз құю стансасы жұмыс істейді. Заңнамалық өзгерістер соларға қатысты болмақ.
Әрине, өнім жетіспесе, баға бәрібір көтерілері сөзсіз. Сол себепті Үкімет сұйылтылған газ өндірісін ұлғайту үшін 3 ірі жобаны қолға алады. Нақтылай кетсек, Ақтауда жылына 60 мың тонна газ өңдейтін зауыт салынады. Жаңаөзенде жылына 232 мың тонна газ өңдеуге қауқарлы жаңа зауыт тұрғызылмақ. Жобаның құны – 147 млрд теңге. Құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ биыл құны 380 млрд теңге болатын Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Ол жылына 119 мың тонна автогаз шығарады. Басқа да жобалар қарастырылып жатыр.
Қазақстан Газды-мотор қауымдастығының басқарма төрағасы Талғат Арыстанбаевтың пайымдауынша, қабылданып жатқан шаралар қордаланған мәселелерді толық шешпейді. Дегенмен саладағы кернеуді босаңсытуда кәдеге жарауы мүмкін.