Еуроодақтың санкциясын айналып өту үшін Ресей мен Беларусьтің көптеген компаниясы бизнестерін Қазақстанға көшіріп, енді біздің елдің мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен автожүк тасымалын жалғастыра беретін болды. Осыған орай бізді бұл халықаралық санкциялар шартына қаншалықты үйлеседі әрі мұның елге зияны тиіп кетпей ме деген сауал толғандырады. Ондай қауіп жоқ емес! Өйткені бұған дейін де АҚШ пен ЕО-ның ресми өкілдері тарапынан Қазақстанға да санкция салу керектігі туралы ұсыныстар ара-тұра естіліп қалып жататын.Мемлекеттер мәмілеге келді
Халықаралық санкцияның 5-пакетіне байланысты РФ мен Беларусьте қарсы санкция жариялап, өз аумақтарынан еуропалық жүк тасымалдаушыларды өткізбей қойды. Сол себепті кәрі құрылықтан жеткен жүк шекараға жақын маңдағы көлік-логистикалық орталыққа тоғытылады. Одан әрі ресейлік немесе беларусьтік автомобильдерге қайта тиеліп, ЕАЭО аумағында еркін жүре береді. Яғни, олар үшін санкция айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ десе де болады. Тек бір көліктен екіншісіне қайта тиелген жүктің құны бастапқы межеден қымбаттап, түпкілікті тұтынушының қалтасын бұрынғыдан бетер жұқарта түсетіні түсінікті.
Бірақ мұндай қайта тиеу «Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» ережеге қайшы. Мұнда «бастапқы тасымалдаушының елінде тіркелмеген көлікке үшінші елдердің аумағында жүкті қайта тиеп салуға тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Яғни, жүк Еуропадан келсе, оны Қазақстанға еуропалық тасымалдаушылар ғана әкелуге құқылы. Сол себепті еліміздің Көлік бақылау инспекциясы қайта тиелген ресейлік және беларусьтік жүк көліктерін тоқтата бастады. Бұл ЕАЭО-ғы әріптестеріміздің арасында әжептәуір дүрбелең туғызды. Ресей халықаралық тасымалдаушылар қауымдастығы мен «БАМАП» Беларусь тасымалдаушылары қауымдастығы тиісінше РФ және БР Көлік министрлігіне аталған мәселені шешіп беру туралы арыз түсірді. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Ресей мен Беларусь жүк тасымалдаушыларына қатысты мәлімдеме жасады.
«Халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы әлемдік тәжірибеге сәйкес ұлттық автомобиль тасымалдаушылардың мүдделерін қорғау мақсатында ішкі заңнамада үшінші елдерге/елдерден жүк тасымалына, оның ішінде «қайта тиеуге» шектеулер енгізіледі. Осы талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасында 200 АЕК (АТС жүргізушілеріне) және 500 АЕК (заңды тұлғаларға) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бұл ретте «қайта тиеуге» тыйым салатын талаптар шетелдік тасымалдаушылармен қатар қазақстандық тасымалдаушыларға да бірдей дәрежеде қолданылады» делінген министрлік хабарламасында. Сондықтан «қайта тиеуге» тыйым салу туралы талаптың халықаралық ережеге де, ішкі заңымызға да қайшы келетін жері жоқ.
Айтпақшы, «Үшінші мемлекеттердің жүктерін халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау ерекшеліктерін бекіту туралы» осыған ұқсас талап Ресей Федерациясында да бар. РФ-да бұл норманы бұзғандарға 150 000 рубль көлемінде айыппұл қарастырылған.
Әйтсе де, бұл мәселе жоғарғы мемлекеттік деңгейде қаралды. 2022 жылғы 30 мамырда Қазақстан мен РФ Үкімет басшыларының кездесуі барысында қос тарап түсіністік танытып, аталған мәселені тиімді шешудің жолдарын іздеді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін беларусьтік және ресейлік тасымалдаушылар үшін «қайта тиеуге» тыйым салу талаптарын тоқтата тұруға шешім шығарды.
Отандық компанияларды ығыстыра бастады
Алайда бұл түйткіл тек бір жағы ғана екен. Санкциядан бас сауғалау үшін Қазақстанда тіркелген РФ мен БР көліктері енді біздің тасымалдаушыларға қиындық туғыза бастаған. Қазір олар бұл нарықтан отандық компанияларды ығыстырып шығара бастапты.
Қазақстанда Еуропа елдерінен жүк тасымалдаумен айналысатын 40-қа жуық компания тіркелген. Мұның ішінде ресейлік және беларусьтік ұйымдар да аз емес. Олардың жиынтық көлік паркі 3 мың бірліктен асқан.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Раманкұловтың айтуынша, қос көршінің көлігі халықаралық нарықта қазақстандық компания ретінде тіркеліп, көк Тудың астында Еуропа мен екі аралықты еркін шарлап жүр.
«Өз қызметін Қазақстан аумағына көшірген ірі ресейлік және беларусьтік автотасымалдаушылар нарықтан қазақстандық кәсіпорындарды ығыстырып шығарып жатыр. Бұл отандық бизнес пен компаниялардың кірісін азайтып, жергілікті халықты табыстан қақты. Өйткені шетелдік көліктерде негізінен ресейліктер мен беларусьтер ғана жұмыс істейді. Сол себепті ұлттық мүддені қорғау үшін және жүк тасымалына қатысты стратегиялық маңызы бар шарттар мен лицензияларды сақтау үшін мемлекет қатаң шара қолдануы тиіс»,– дейді Мақсат Раманкұлов.
Соның салдарынан тіпті қазақстандық компанияларға жүк тасымалдау үшін берілетін шетелдік рұқсат бланкі жетпей қалатын кездер де көп болатын көрінеді. Одан бөлек, бұл құжаттың бағасы да бірден 2-3 есеге қымбаттаған. Мәселен, 2021 жылы бір автокөлікке берілетін кірепұл (фрахт) бағасы 5-6 мың еуро болса, бүгінде ол 10-15 еуроның үстіне шығып кеткен. Бұл да тұтынушының қалтасына қосымша салмақ түсіріп жатыр.
Оның үстіне, аталған бланктер көбіне Қазақстанда тіркелген ірі ресейлік және беларусьтік компанияларға тиетін болған. Сондай-ақ олардың рұқсат бланкілерін басқа автотасымалдаушыларға құнын үстемелетіп сату фактілері де анықталған. Жоғарыда келеңсіздіктерді мысалға келтірген мәжілісмен мемлекет ел аумағында жұмыс істейтін компаниялардың қызметін ұлттық экономиканың мүддесіне сай реттеу керек деп санайды.
Белгілі заңгер Сағидолла Баймұраттың айтуынша, егер шетелдік компаниялар бизнесін осында көшіріп, осында тіркелетін болса, онда олар қазақстандық болып саналады. Салықты біздің бюджетке төлейді. Одан бөлек, ресейлік және беларусьтік көліктерден утильалым алынады. Мұның бәрі біздің қазынаға құйылатын қосымша қаржы. Сондай-ақ олар Еуропадан жеткізілген тауарды ішкі ереже бойынша ЕАЭО елдері аумағында емін-еркін алып жүре беруге құқылы.
Экономист Арман Байғановтың да сөзі осыған саяды. Ол да Қазақстанда тіркелген ресейлік көліктердің біздің көк Тудың астында жұмыс істеуіне ешқандай тыйым салынбайтынын айтады.
«Тек бұл компаниялардың түпкілікті қожайыны кім? Қазақстандық кәсіпорынның атын жалғандықпен жамылып отырған жоқ па? Олардың арасында санкцияға енген тұлғалар мен ұйымдар бар ма? – міне, осы жайттарға қатаң назар аудару қажет. Егер олардың қызметінде халықаралық санкцияға қайшы келетін әрекеттер болса, оның салқыны бізге де тиетіні анық. Сондықтан Қазақстанға ресейлік және беларусьтік көліктер көптеп келіп жатыр деген алаңдаушылықтан бұрын олар халықаралық шартқа қаншалықты сәйкес жұмыс істеп жатыр деген сұраққа жауап іздеген жөн»,– дейді экономист.
ТҮЙІН: Қазақстанның экономикасы ЕАЭО-ға қатысушы елдермен тығыз байланысты және оны жақын күндері бірден үзіп кетуі де қиын. Экономикалық одаққа мүше елдер арасында шекара ашық, шарт бойынша капитал, тауар, қызмет және жұмысшылар еркін қозғалады. Осыған орай Ұлыбритания Парламентінің депутаты Маргарет Ходж Қазақстанға да санкция жариялау қажет деген мәселе көтерген болатын. Мұндай ұсыныстар АҚШ пен ЕО-ның басқа да ресми өкілдері тарапынан әредік-әредік естіліп қалып жатады. Алайда Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Брюссельге барған сапарында «біз ЕАЭО-тың мүшесі болғанымызбен, халықаралық қауымдастықтың да мүшесіміз, БҰҰ-ның ұстанымын қолдаймыз» деген болатын. Сол себепті Қазақстан Ресейдің санкциясын айналып өту құралына айналмайтынын жеткізген.
«Біз санкцияларды сақтаймыз. Сондықтан санкциялық тауарлардың өтуіне, санкцияға іліккен тұлғалар мен ұйымдардың Қазақстанға инвестиция салуына қатаң бақылау жасаймыз»,– деп Тимур Сүлейменов айқын айтқан болатын. Демек, Қазақстан ЕАЭО-мен экономикалық байланысты үзбегенімен, санкцияларға қатысты талаптарды бұзбайтынына сенім мол.