Жамбыл облысында үш адам өнеркәсіптік компанияның шахтасынан алтын рудасын ұрламақ болды.. Бұл туралы Полиция бөліміне осы кәсіпорынның қызметкерлері хабарлады.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз тұлғалар компанияның күзетілетін аумағына кіріп, тереңдігі 100 метр шахтаға түсіп, құрамында алтын бар 3 қап кен ұрламақ болған.
Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1976 және 1977 жылы туған екі ер адамды ұстады. Күдіктілер Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары болып шықты.
Тергеу барысында үш ер адам алдын ала сөз байласып, 26 мамырдан бастап құрал-сайман мен азық-түлік алып, қымбат металды өндіру үшін шахтаға түскені анықталды. Күдіктілер шахтада 10 күннен астам уақытта болған.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.