5 маусымда елімізде ауқымды саяси процесс – жалпыхалықтық референдум өтті. Осы ретте Павлодар облысына қарасты Ақтоғай аудандық мәслихат депутаты Ұйықбаев Беслан өңір бойынша референдумға халық белсені қатысқанын айтты.
Беслан Ерланұлы бүгінде «Ақтоғай аграрлық технологиялық колледжі» ҚМКМ басшысының оқу ісі орынбасары қызметін атқарады. Ол референдум бойынша түсіндіру жұмыстарын атқарған Ақтоғай аудандық штабының мүшесі болды. Депутат жұмыс тобында жүріп халықтың басым бөлігі референдумды қолдайтынына куә болғанын айтты.
«Референдумға мен өзім бірінші рет қатыстым. Сондай-ақ референдум бойынша аудандық ақпараттық түсіндіру штабының мүшесі ретінде өзім де ауыл тұрғындары арасында кездесу өткіздім. Менімен бірге тек қана жастар емес зиялы қауым өкілдері, ақсақалдарымыз еліміздің болашағы үшін менімен бірге шалғай ауылдарға шығып, халықпен кездесіп Ата заңымызға өзгеріс енгізу туралы түсіндіру кезінде халықпен тікелей байланыс жұмыстарын жүргізді. Бұл кездесулердің басты ерекшелігі бізге де, халыққа да ұнағаны – бәрі де ашық түрде өткенінде болды. Қарапайым, бәріне түсінікті тілде ашық диалог болды. Бұған дәлел ауыл тұрғындарының белсенділігі. Халық референдумды қолдады, әсіресе, ауыл тұрғындары. Референдумның қорытындысы көрсеткендей қазақстандықтар Президентіміздің бастамасын қолдап, өзгерістердің қабылдануына ат салысты. Сондықтан да Жаңа Қазақстан құру жолында референдум өткізу өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Енді әрі қарай да осылай белсенділік танытып, ел игілігі үшін әрқайсысымыз жауапкершілікті сезіне отырып қызмет етуіміз керек. Мен де ел болашағын өркендететін жас ұрпақтың бірі ретінде Жаңа Қазақстанды құруда бар күш-жігерімді саламын», - деді депутат.