17 маусымға жоспарланған Мәжілістегі парламенттік тыңдауда «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» мәселесі күн тәртібіне қойылады. Онда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясындағы су шаруашылығын жетілдіру мәселесі талқыланады.
Парламенттік тыңдауға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, су саласының ғалымдары мен мамандары, шетелдік және отандық сарапшылар, Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен БАҚ өкілдері қатысады.
Отырыста су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын пайдалану, қабылданып жатқан шаралар мен Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзекті мәселелерді талқылау жоспарланған. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары, Экология, геология және табиғи ресурстар, индустрия және инфрақұрылымдық даму, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлері сөз сөйлемек.
Парламенттік тыңдаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Үкіметіне су саласындағы ахуалды жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады.
Парламенттік тыңдау Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму мен Аграрлық мәселелер комитеттерінің ұйымдастыруымен өтеді.