«Время» газетінің бас редакторы Лев Тараков еліміздегі БАҚ-тың алар орны жайында сөз қозғап, елдегі шенеуніктердің ресми тіркелген басылымның журналистерінен емес, блогерлер мен әлеуметтік желідегі белсенділерден қорқатынына қынжылды. «Ешбір елде ондай жоқ. Тек бізде ғана журналистің қадірі қалмады», – дейді ол.– Лев мырза, бүгінде біздің БАҚ өзінің негізгі қызметін тиімді атқарып жүр ме? Қазір халық көп ақпаратты қайдан, қалай қабылдап жатыр?
– Жалпы, ақиқат – субъективті дүние. Мысалы, болып жатқан қандай да бір жағдайды әр журналист, әр басылым өзінше қозғайды, өзінше береді. Сондықтан бұл ақпараттың бұрмалануы деп қабылдау дұрыс емес. Сол секілді ақпаратты қабылдау да субъективті нәрсе. Мәселен, біздің, яғни журналистердің тергеуін немесе ақпарат іздеп-анықтауын еліміздегі құқық қорғау мен сот жүйесінің басшылары ұнатпайды. Бірақ оқырман осыны қалайды, әсіресе зардап шеккендер іздейді.
Екіншіден, ақпараттың растығы. Егер осы нәрсе бұрмаланса, бұл дұрыс емес. Байқасаңыз, соңғы жылдары біздің ақпараттық кеңістігіміз жалған ақпаратқа толы театр алаңына айналды. Алайда ресми тіркелген, заң алдында жауапқа тартылатынын білетін БАҚ шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялауға жол бермейді. Мейлі, ол газет болсын, теледидар болсын, бір әріп немесе бір сөзге жауапты екенін біледі. Одан гөрі әлеуметтік желілердің пайдаланушылары немесе Telegram арналарының жазылушылары, соның иелері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Үкімет ақпараттық кеңістіктегі осы сегментті ретке келтіріп, жөнге салу керек. Бұған ресми ақпарат құралдарының тілшілері немесе БАҚ туралы заң кінәлі емес. Мемлекеттің әрекетсіздігінен қазір өзіміздің ұлттық ақпараттық кеңістігіміз тобықтан төмен түсіп, құлдырап, жойылу алдында тұр.
– Арада 30 жыл өтсе де, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде тұрғандай. Неге олай? Сонда бізге не жетіспейді?
– Ресей болсын, өзге ел болса да, олардың өзінде БАҚ-қа деген қарым-қатынас біздегідей емес, басқаша. Ресейлік БАҚ-тың контенті, мазмұнын немесе саясат туралы сөз қозғап отырғаным жоқ. Мемлекеттің ақпараттық салаға деген принципті көзқарасы туралы айтып отырмын. Ресейді алыңыз, олар бұрыннан өзінің ақпараттық ресурсын стратегиялық ресурс ретінде қарастырады. Олар ешуақытта журналистерден үнемдемейді. Керісінше, заманауи озық технология мен стандартты енгізуге қаражатты аямайды. Ал бізде ше? Соңғы 10-15 жылда ақпараттық кеңістік жүйелі және мақсатты түрде құлдырап барады. Біздегі үкіметтік комиссияда қаралатын басты мәселе – Ақпарат министрлігі мен мемлекеттік БАҚ-тың бюджетін қысқарту, ықшамдау, оны жабу. Және осы мәселеде олар үнсіз қалады.
Мысалы, бізде журналистика түлектерінің өзі БАҚ-қа барғысы келмейтін дәрежеге жеттік. Себебі журналистің беделі қалмады, жалақысы өте аз. Оның үстіне, шенеуніктер ресми тіркелген ақпарат құралдарынан гөрі блогерлер мен әлеуметтік желінің белсенділерінен қорқатын жағдайға жеткен. Журналист ретінде эмоцияға берілгенім емес, нақты фактілер. Мысалы, Солтүстік Кореяда мерзімдік басылым ретінде газет-журналдың өзі 20 шақты, ал Түрікменстанда 30-дан асады. Ал бізде қазақтілді мен орыстілді басылымдарды қосқанның өзінде саусақпен санап алуға болады. Оларда газет қолжетімді, әрбір тұрғын сатып ала алады. Бізде, керісінше кез келген әкім басылымға шыққалы тұрған материалды Конституцияның 20-бабын алға тартып, өзінің қалағанын жариялайды. Кейбір шенеуніктер «жаһандық үрдіске» сай болашақ әлеуметтік желіде деген желеумен сылтауратады. Бірақ олар қарапайым нәрсені шатастырады. Дамыған елдерде әлеуметтік желіден ақпарат алу – әдепсіздік. Онда өзін құрметтейтіндер ақпаратты газет немесе ресми тіркелген интернет басылымнан оқығанды жөн көреді. Таралымы да өсіп жатыр. Ол жақта мэрлердің газет дүңгіршектерін жауып, таралуын тоқтату ойына да кіріп шықпайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл жайында өз бағасын берген. «Өкініштісі, біз бір жарым бет мәтінді, онда да суретпен ғана оқи алатын ұрпақ тәрбиелеппіз», – деді ол. Міне, осы мәселені әзірге тек Президент көтергені қынжылтады. Әйтпесе, Парламенттің қос палатасында өздерінің қайдан келгенін, бұрынғы әріптестерінің қандай қиындық көргенін ұмытқан экс-журналистер өте көп. Соның ішінде айтуға тұрарлық сенатор – Нұртөре Жүсіп. Досым болғандықтан емес, журналистердің күйін күйттеп, әлеуметтік мәселелерін, жалақының аздығын көтеріп жүрген жалғыз жан. Біздің мамандық өкілдерінің түйткілді мәселелерін үнемі жадында ұстайтын жалғыз адам – осы кісі.
– Сонда сіздің ойыңызша, қазақтілді БАҚ-тың орны қандай?
– Меніңше, 30 жыл өтті, бәріміз бір қазанда қайнап кеттік. Сондықтан қазақтілді немесе орыстілді деп бөліп-жару дұрыс емес. Біз бір-бірімізге бәсекелес емеспіз. Біз – одақтас, мүдделес жандармыз. Мәселелеріміз де ортақ, талқылауымыз – бір. Керісінше, біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кезіміз. Ресми БАҚ-тың орнын басқалы тұрған шетелдік ресурстармен күресуіміз керек. Өз басым қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуды еліміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі деп санаймын. Сондықтан әрбір жетістікке қуанамын. Бірақ, өкінішке қарай соңғы жылдары тапқанымыздан жоғалтқанымыз көп. Бұл қазақтілді БАҚ-қа ғана қатысты емес. Мысалы, көп газет жабылып, интернет басылымға айналып, жойылып жатыр. Міне, осыған жол бермеуіміз керек. Әйтпесе, газет-журналы жоқ елге айналуымыз мүмкін.
– Қарапайым халық көбіне БАҚ-ты құқық қорғау органдарынан да күшті қару деп есептейді. Әділдік іздейді. Осыған келісесіз бе? Кей жағдайда кейбір БАҚ «артық қыламын деп тыртық қылып» жатпай ма?
– Соңғы жарты жылдың ішінде Қарулы Күштер құрылымдарының тарапынан қанша қиянатты ісін, жасалған қылмысын аштық. Өзгелер секілді бұл істі біз қаңтар оқиғасынан емес, бұрыннан бастадық. 23 жылдық журналистік тәжірибемде, осындай зерттеулермен белсенді айналыстым. Әділдік іздеп келген біраз адам үміті ақталды. Мысалы, өткен аптаның өзінде 19 жылға бас бостандығынан айырылған азамат ақталып, түрмеден шықты. Біз бұл жайында бір емес, бірнеше рет жаздық. Газетіміз сот процесіне үнемі араласып жүргендіктен, бір мезетте кемі 5-7 іске дейін көтереміз. Біздіңше, ол жақсы көрсеткіш. Егер елге көмегің тимесе, сот ісіне араласпасаң, газеттің қызығы да, қажеті де болмайды. Оның үстіне, соңғы он жылда біз бес істен ұтылдық. Соның тек біреуі ғана әділетті өтті. Бұл – көрсеткіштің екінші жағы.
– Қазақ тілін қаншалықты жақсы білесіз? Қазақтілді басылымдарды оқисыз ба?
– Қазақша жақсы түсінемін, оқи да аламын. Әсіресе, өзіме жақын саясат тақырыбындағы мәтіндерді жақсы түсінемін. Шынын айтсам, сөйлеуге қысыламын, бірақ еркін сөйлеймін. Сіздердің де газеттеріңізді оқимын. Бір кездері негізін қалауға атсалысқаным бар. Түсінбеген жерімді достарымнан сұрап аламын. Қазақ тілі бай тіл ғой, бір сөздің өзі бірнеше мағына білдіреді. Ал негізі қазақ газеттеріндегі материалдарды көбіне Mediametrix қосымшасы қызықты сілтемелерді көрсетіп отырады, соларды жібермеймін. Қазір орыстілді ақпараттан гөрі қазақтілдісі көбейген.
–Әңгімеңізге рақмет!