Шебер кісі өзінің алтын қолды өнерін Ұлытаудың болашағын көтеруге де жұмсап келеді. Ол 2006-2007 жылдары Ұлытау ауданындағы «Терісаққан» ауылында мешіт құрылысын салып, ел игілігіне табыстап, ауыл халқын үлкен қуанышқа бөлеп, қариялардың ақ батасын алған болатын.
2007-2010 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік темір жол мекемесінде темір ұстасы міндетін атқарып жүріп, Ұлытауда «Гүлсара ана» ембұлағына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Онда бұлақтың іргетасын қайта қалап, жалғыз аяқ жаяу тасжолын төседі.
2010 жылдан бері «Ұлытау» қорық-мұражайының архитектура бөлімінде темір ұстасы әрі құрылысшы болып жүріп, Әулиетауға тағзым етіп келушілерге арнап «Тағзым үйі» құрылысын жүргізіп келеді.
2011 жылы ашылған қайта жөндеу ұстаханасында темір ұстасы болып өз қолымен көрік жасап, темірден көптеген тұрмыстық бұйымдар: коршау шарбақтарын, терезе торларын, саты жақтауларын және тағы да басқа өнім түрлерін жасайды.
2012 жылы сол кезденгі Ұлытау ауданы әкімі Әнуар Серікбайұлының қолдауымен, ауданда туризмді дамыту мақсатында, Әулиетау етегінің алғашқы сатысының қалыптарын темірден жасап, саты көтеру жұмыстарына атсалысты. Бұл іс, киелі де қасиетті Ұлытау халқының және тағзым етіп келушілердің көптен күткен арманы еді.
«Сәрсенбай аға өзінің ұсталығынан басқа да әртүрлі қырларымен мұражайдың қоғамдық өміріне белсене арласып келеді. Шығармашылық кеште ақсақал болса, халықаралық әйелдер күні мерекесінде ақ жаулықты әже рөлдерін сомдаған кездері бар. Терісаққан ауылында өткізілген «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізуде ол кісінің атқарған жұмыстары жетіп артылады. Атап айтар болсақ, жол белгілері, көрсеткіш тақталар, ту ілу құрылғысы сапалы түрде жасалынып, фестиваль көрермендерінің алдында өз қолымен жасаған көне көрікті іске қосып, көрініс түрінде темір бұйымдар жасау өнерін халық назарына ұсынды.
Өзінің шеберлігін мұражайдың археологиялық, архитектуралық эспедицияларында, қазба жұмыстарына қатысу арқылы да көрсетіп келеді. Сонымен қатар Келінтам, Талмас ата мазарлары, Ханарал, Теректі кешені, Шотқара, Басқамыр, Аяққамыр қалашықтары ескерткіштерінің темір шарбақтарын жасап, тарихи орындарды қорғап, сақтауда абаттандыру жұмыстарын, ал Сауқым мазары, Теректі мазары және Қонысбай мешітіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге аянбай тер төгіп, өз үлесін қосты», – дейді Ұлытау облысы мәслихатының депутаты Бақтияр Қожахметов.
Ағамыз шеберлігінен басқа да өмірде үлкен ерлік көрсетіп келеді. Айтар болсақ, жиырма бес жыл ішінде өз еркімен, ақысыз қан тапсыру орталығына елу литр қан тапсырғаны әркімді де таңғалдырады.
Ол кісінің тарихқа қызығушылығы, білім сүйгіштігі, Ұлытаудағы мұражайдағы көптеген экспедицияларынан, айтқан әңгімелерінен сезіліп тұрады. 190 күнде 7 500 шақырымды жая жүріп өтемін деген Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және мұражай қорығының қызметкері, еңбек ардагері жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы ағамызға ақ жол тілейміз!
Қарағанды облысы