Елордада қоғамдық тамақтандыру орындарының біріне келушілердің жаппай улануы тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мекемені жоспардан тыс тексеруді бастады.
Ведомствоның хабарлауынша, 9 және 10 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларына қаланың емдеу ұйымдарынан тағамнан улануды тіркеу туралы шұғыл хабарламалар келіп түсті. Барлық науқастар өз ауруын елорданың қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақ өнімдерін тұтынумен байланыстырды.
«Жаппай тамақтан улануды тіркеу жағдайы бойынша Байқоңыр ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Байқоңыр ауданының Полиция басқармасына ақпарат жіберді. Келіп түскен ақпарат негізінде Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және Қылмыстық кодекстің 304-бабының қылмыстық ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге қабылданды.
Байқоңыр ауданының басқармасы 2022 жылғы 10 маусымда қылмыстық іс аясында қоғамдық тамақтану объектісін жоспардан тыс тексеруді бастады.
Тексеру барысында келесі бұзушылықтар анықталды: объектінің мәлімделген жобалық қуатының нақты сәйкес келмеуі (50 ж.қ. дейін хабарлама берілді, іс жүзінде 50 ж.қ. астам), бүкіл технологиялық процесс асүйдің бір бөлмесінде жүргізіледі, цехты бөлу (учаскелерге бөлу) қарастырылмаған, технологиялық процестердің ағымы сақталмайды, таңбалауға қойылатын талаптар сақталмайды, дайын тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын сақтау кезінде бөлшектеу мүкәммалын пайдалану және сақтау тауарлық көршілестік қағидаты сақталмайды, қызметкерлерді іріңді және жұқпалы аурулардың бар-жоғын тексеру журналы және т.б. жүргізілмейді», – делінген хабарламада.
Тексеру барысында зертханалық зерттеулерге шайындылар, шикізат пен дайын өнімнің сынамалары алынды. Патогендік микрофлораның тасымалдауына кәсіпорынның 15 қызметкері тексерілді.
Бүгінде 64 науқас медициналық көмекке жүгінді, оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаториялық ем алуда.
Айта кетейік, жоспардан тыс тексеру және эпидемияға қарсы іс-шаралар әлі де жалғасуда.
Тамақтан улануды және жұқпалы емес ауруларды болдырмау үшін Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халыққа жосықсыз кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардан азық-түлік өнімдері мен жарнамалық буклеттер бойынша дайын тағамдарды жеткізу қызметтерінен сатып алмауды және тиісінше оны пайдаланбауды сұрайды.