Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қонаев қаласындағы казиноларды жабу мәселесін түсіндірді.
«Бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде әлі талқыланбады. Қонаев қаласының ерекше мәртебесін ескере отырып, осы жағдай бойынша қосымша талқылау болады. Бұл бағыттағы қадамдар егжей-тегжейлі пысықталады», – деді министр.
Сондай-ақ ол жаңадан құрылған облыстардағы инфрақұрылым мен жол сапасы туралы айтты.
«Семей, Жезқазған және Қонаев қалаларына облыс орталығы мәртебесін беру өңірлерді дамытуға жаңа серпін береді. Бүгінде бұл қалаларда инфрақұрылымның тозуына, жол сапасына, көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты мәселе көп. Жаңа мәртебе осы қалаларға инвестиция ағынын ұлғайтады және аумақтық-әкімшілік бөліністің есебінен жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ведомство басшысы.