Қарағандыда тәртіп бұзған полицейлерді аңдып, ақша бопсалап келген блогер сотталды
Қарағандыда тәртіп бұзған полицейлерді аңдып, ақша бопсалап келген блогер сотталды
Фото: tengrinews.kz
Қарағандыда 29 жастағы блогер тәртіп сақшыларын бопсалағаны үшін сотталды. Ер адам полицейлердің жол ережесін бұзған сәтін видеоға түсіріп алып, кейін оны жария етемін деп қорқытып ақша бопсалап келген. 
Белгілі болғандай, блогер таныс такси жүргізушісімен «қаланы аралап жүргенде қызметтік көлікпен жол ережесін бұзған полиция қызметкерлерін видеоға түсіріп алу» туралы келісім жасайды. Блогер ол полицейлерді кейінірек әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін видеоны өз арнасына жариялау үшін түсіріп жүрдім деп ақталған. Алайда айыптаушы тарап блогер ашық түрде бопсалаумен (ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы, 2-тармағы) айналысты деп мәлімдеді.
«Іс материалдарына сәйкес, мәселен, таңғы сағат 04.20-да қаладағы Жәнібеков пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында дабыл шамы қосылмаған полиция көлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Блогер оны ұялы телефонының камерасына түсіріп алып, такси жүргізушісімен бірге патрульдік көліктің соңынан қуып жүріп тоқтатқан. Блогер полиция қызметкеріне «Неге тәртіп бұзасың?» деп сұрақ қойған. Осы тұста екі тарап оқиғаның екі түрлі өрбігенін алға тартады. Полицейдің айтуынша, блогер бағдаршамның қызыл жанып тұрғанын видеоға түсіріп, жазбаны әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытып, 150 000 теңге талап еткен. Оқиға орнына патрульдік полиция полкінің ауысым бастығы шақыртылады. Полицейлер сөйлесе келе блогердің шартымен келіскенін айтады. Алайда сол күні таңертең полиция қызметкері полиция бөлімінің ішкі қауіпсіздік бөліміне жүгінген», - деп жазады Ekaraganda.kz порталы.
Осылайша, полицейлер блогермен «Ложка» дәмханасының тұрағында кездесуге келіседі. Сол жерде оған бопсаланған соманың жартысы берілген. Кейін сотталушыны полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері ұстайды. Ал блогердің өзі болған оқиғаны басқаша баяндаған.
«Сотта ол 2020 жылдан бастап қоғамдық жұмыстармен айналысатынын, сондай-ақ полиция мен прокуратура қызметкерлерінің заңбұзушылықтарын видеоға түсіріп, кейін өз арнасына салып отырғанын айтады. Сол түні ол полиция көлігіне видеоға түсіріп алған соң, оған олар дөрекілік танытқан. Тіпті балағат сөздер айтып, оның қолындағы ұялы телефонын тартып алған. Осыдан кейін ол түрлі құзырлы органға телефон соғады, артынша оқиға орнына патрульдік полиция полкінің бастығы жеткен», - делінген хабарламада.
Блогердің өзі ақша бопсаламағанын, тек полицейдің өзі видеоны әлеуметтік желіге жарияламау үшін оған ақша ұсынғанын айтады. Ал полицейлер берген ақшаны такси жүргізушісінің көлігіне қалдырып кеткен-міс, себебі таксист полициямен сыбайлас деп күдіктене бастадым дейді. Алайда такси жүргізушісі блогер айыпты деп танылған бап бойынша сотталды. Жүргізуші өз кінәсін толық мойындады. Ол блогердің өзін көлікпен қала аралау үшін жалдағанын айтып берген. Сот зардап шеккен полицейді жақтап шықты. Ал блогердің бұрын ұрлық пен алаяқтық жасағаны үшін сотталғаны да ескерілді. Сонымен қатар, оның ұялы телефонынан «Мент қарыз» деп сақталған нөмір анықталған. Нәтижесінде Қазыбек би аудандық сотының судьясы блогерді бопсалау бабы бойынша кінәлі деп тапты. Ол өз кінәсін мойындамағандықтан, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу жазасы тағайындалды. Такси жүргізушісі дәл осындай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.