Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтарды қандай жаза күтіп тұрғаны белгілі болды
Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтарды қандай жаза күтіп тұрғаны белгілі болды
© dw.com
3,758
оқылды
Бұған дейін БАҚ беттерінде Ресейге жалданған жауынгер - әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды соғысқа белсенді түрде үгіттеушілержің бірі Вячеслав Третьяков Украинада Ресей жағында соғысып жүрген үш қостанайлықтың көз жұмғанын хабарлады. Арлен Батенов есімді желі қолданушысы соғысқа ерікті қатысушы қазақстандықтар арасында алғаш рет бірнеше адам қайтыс болғанын жазған. Осы ретте Halyq Uni  Ұлттық қауіпсіздік комитетіне төрт сұрақ жолдап, оның екеуіне нақты жауап алды. Редакция жолдаған сауалдардың реті мынадай:
  • Украина жерінде Ресей тарапынан қанша қазақстандық соғысып жүр? Сондай-ақ аталған соғысқа Украина тарапынан қанша азамат қатысып жатыр?
  • Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығысқа қатысқан ҚР азаматтарына Қазақстанда қандай жаза қолданылады?
  • Қазақстанда аталған соғысқа қатысу фактісі бойынша қанша азаматқа қылмыстық іс қозғалды?
  • Әлеуметтік желілерде Украинадағы соғысқа қатысуға үгіт-насихат жүргізіп жатқан қазақстандықтарға қандай шара қолданылады? Ақпан айынан бері елімізде бұл факті бойынша қанша қылмыстық іс қозғалды?
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі редакция жолдаған сауалдардың екеуіне нақты жауап беріп, қалған екеуін ҚР Бас прокуратурасынан білуді айтты. Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе ұрыс қимылдарына, жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана заңсыз қатысуына байланысты әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша диспозициясына жатады. Осы қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Ал Қазақстан азаматтарын Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысуға БАҚ немесе телекоммуникация желілері, оның ішінде интернет желісі арқылы немесе шақыруға бағытталған жарияланымдардың сипатына, сондай-ақ өзге де қылмыс жасауға итермелеу мән-жайларына қарай (ҚР ҚҚ 28-бабының 4-тармағы), ұлтаралық қақтығысты қоздыру немесе азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері (ҚР ҚҚ 174-бабы), көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚР ҚҚ 274-бабы), және өзге де қылмыстық белгілері бойынша заңға сәйкес жауаптылық қарастырылған. Бүгінде құқық қорғау органдары және арнаулы мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдап жатыр екен. Halyq Uni тілшісі Украинадағы соғысқа қатысып жатқан (Ресей және Украина жағына шығып) қазақстандықтарға қатысты сауалдарын Бас прокуратураға да жолдады.