Кентауда өртенген пәтерден секірген 8 жастағы бала көз жұмды
Кентауда өртенген пәтерден секірген 8 жастағы бала көз жұмды
511
оқылды
Кентау қаласында пәтер өртеніп, 8 жастағы бала 5-қабаттан секіріп кетті. Оқиға бүгін Кентау қаласында орын алды. Бұл туралы Кентау қалалық ТЖ бөлімі мәлім етті. Күндізгі сағат 12:47 шамасында Төлеби көшесіндегі №61 үйдің 5 қабатында орналасқан 2 бөлмелі пәтерде өрт шыққан. Пәтер ішінде қалған екі жасөспірімнің бірі қорыққанынан 5-қабаттан секіріп кетіпті. Өкінішке орай, ол ауруханада көз жұмды. Ал үй ішінде қалған 10 жасар қыз ыстан уланып қалған. Қазір анасымен бірге ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Әкесі вахталық қызметте болған. Ал, анасы жұмысқа кеткенде есікті құлыптап кетіпті. Содан екі жасөспірім есіктен шыға алмай қалған. Жалпы өртке қарсы 9 қызметкер жұмылдырылды» - дейді Кентау қалалық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Серік Төлегенов.
Алдын ала болжам бойынша өрт электр жүйесінің тұйықталуынан немесе балалардың отпен ойнауынан шығуы мүмкін.