Медицина мамандары тапшылығы артты
Медицина мамандары тапшылығы артты
457
оқылды
Соңғы бес жылда елімізде медицина мамандарының тапшылығы екі есеге артып отыр. Бүгінде бос орындар саны 23,1 мыңға жеткен. Бұл туралы Есеп комитеті отырысы кезінде хабарланды. «Біріншісі – медицина кадрлары тапшылығының артуы. Кейінгі бес жылда, 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін тапшылық екі есе – 10 мыңнан 23 мыңға дейін артты. Бүгінде осы мәселені шешу лауазымдарды біріктіру арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазір толық емес жұмыс уақытының жалпы коэффициенті 1,5-тен 2-ге дейін өзгерді. Мұның бәрі медицина мамандарына үлкен жүктеме әкеледі», – деді Есеп комитеті Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Катренов. Оның айтуынша, аудит қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема мен кемшілік анықталған. Сондай-ақ дәрігерлердің үстінен түсетін шағым саны артқан. Спикер бұл жағдайды жоғары жүктемеге байланысты екенімен түсіндірді. «Сондай-ақ медициналық білімі бар мамандардың шетелге кетуі жиілегені байқалады. Кейінгі бес жылда олардың саны 5 мыңға жетті. Сондай-ақ медициналық білімі бар мамандар қартайып жатыр. Бүгінде зейнетке дейінгі жастағы дәрігерлер шамамен 30 пайызға жетті», – деді Нұрлан Катренов.

Мәншүк АБДУЛЛИН