14 маусым – Дүниежүзілік донор күніне орай «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі мен орталық аппараты қызметкерлері елордадағы Қан орталығына барып, қан және жілікмай үлгілерін тапсырды.
Бұл туралы партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісі Әлия Садырбаева өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Жыл сайын Қазақстанда 300-ден аса адам жілікмай трансплантациясына зәру болады, өкінішке қарай олардың жартысы – балалар мен жасөспірімдер. Адамдардың бұл процедура жайында білері аз, сондықтан олар жілікмай доноры болу қиын деп ойлайды, бірақ шын мәнінде олай емес», – дейді ол.
Сондай-ақ Садырбаева жұртшылықты донор болып, дімкәс адамдардың өмірін құтқаруға, осылайша ізгі іске атсалысуға шақырды.