Ақтау қаласын көгалдандыру ісі енді алдағы 5 жыл қатарынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүргізіледі. Осыған дейін шөлейтті облыс орталығын жасыл желекке орап, оны суарумен айналысатын мекеме жыл сайын анықталатын. Бұл жұмыстың сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан қала әкімдігі келісім мерзімін 5 жылға ұзартты. Жеңімпаз мекеме – GreenCityAktau ЖШС.
Жоба аясында Ақтау қаласын көгалдандыру, ағаш, бұта, гүл отырғызу және жасыл желек пен ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі.
Бес жылға бағытталған жоба аясында жапырақты ағаштардан 20 905 дана, қылқанжапырақты ағаштардан 11 750 дана, сәндік бұталардан 1 460 дана, бұталардан 20 000 метр, көгалдардан 5 000 шаршы метр, гүлзарлардан
652 500 дана, раушан гүлдерінен 18 000 дана егу жоспарланған,– деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әнуар Туляков.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін мекеме анықталғанға дейін жыл басынан бері «Ақбота» МКК көгалдандырушылары жасыл желекті күтіп-ұстау, сондай-ақ жаңа ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізген. Олар ақпан айынан бастап 4 650 түп ағаш отырғызды. Оның 2 650 данасы – қылқанжапырақты (қарағай, биота) 2000 данасы жапырақты ағаштар (айлант, клен, ясень, килитерия).
– Сонымен қатар қаланың 9, 11, 14-шағынаудандарын біріктіретін айналма жолдың ортасына 112 000 дана біржылдық петунья гүлі, 12-шағынаудандағы Тобанияз ескерткішінің алдына раушан гүлдері егілді. Отырғызылған көшеттердің барлығы Ақтау қаласында өсірілген. Яғни, барлық ағаш пен көгал – Маңғыстау облысының құрғақ климатына төзімді жасыл желек, – деді Әнуар Туляков.
Ал жасыл желекті суару жұмыстары биыл Ақтауда алғаш рет су құбыры арқылы жүргізіле бастады. Жылдар бойы теңізге кетіп жатқан жерасты тұщы суларын тиімді пайдалану үшін қаланың орталық бөліктеріне, саябақтар мен алаңдарға ұзындығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тартылды (қажеттілік тәулігіне 1 700 м3). Қазір аталған құбырлардың 45 шақырымы іске қосылған. Қалған 10 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маусым айының соңына дейін толықтай іске қосылмақ.
Бұдан бөлек, шағынаудан бойындағы жасыл желекті суару үшін GreenCityAktau ЖШС жыл соңына дейін тағы 40 шақырым су құбырын іске қоспақшы. Қазір оның 13 шақырымы 1, 2, 3, 3а, 3б, 4-шағынаудандарына жүргізіліп, іске қосылды.
– Шағынаудан ішіндегі жасыл желекті суару үшін қазір мүлік иелерінің бірлестігі және тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, келісімшартқа отыруға жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ қосымша 30 дана арнайы су тасушы көлік қаланың жасыл желегін суарып отыр. Бірі жер астында, екіншісі жер үстінде орналасқан 60 текшеметрлік қос резервуар бар. Оператор күн сайын таңғы сағат 6-да келіп, сорғыларды қосады. 7.30-дан бастап, көліктер келіп, су толтырып алады. Бірінші ауысымда сағат 8:00 - 16:00 дейін 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында көше бойындағы ағаштарды суарады. Жасыл желекті, газондарды қырқады. Екінші ауысым сағат 16.00-де басталады, 20 адам шағынауданды суарады. Бір шағынауданға шамамен 10 күнде қайтып келеді, – деді Әнуар Туляков.
Қазір GreenSityAktau ЖШС мекемесі талды улау (дезинфекция) жұмыстарын да жүргізіп жатыр. «БИ-58» және «Карате» деп аталатын у түрлері қолданып келеді. Қала аумағында 40 мыңға жуық жасыл желек улаудан өтті. Аталған жұмыстар әлі де жалғаса бермек.