Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстандағы облыстар саны бір азайып, бір көбейді. Өйткені мемлекеттік басқару саласының заңдылығы бойынша билікті орталықсыздандыру – өңірлердегі өзін-өзі басқару органдарының көбейіп, үстем болуына әкеледі. Ал егер бүкіл билік орталықтың қолына шоғырланса, керісінше облыстар саны оңтайландырылады. Соның көрінісіндей, 1991 жылы тәуелсіздік алғанда республикада 19 облыс болыпты. 1997 жылы одан 14 облыс қана қалды. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құру мәселесімен бірге облыстар санын қайтадан арттыру қажеттілігі туындады. Қазақстан құрылымы қалай өзгерді? Мемлекетіміз территориясы жөнінен әлемде 9-орында орналасқаны мәлім. Бұл ретте біз осы топтағы бірегей ел саналамыз. Өйткені жерінің аумағы жөнінен алдыңғы тұғырларда орналасқан өзге 8 мемлекеттің бәрі – федеративтік мемлекеттер. Қазақстан ғана унитарлы мемлекет. Мысалы, Конституциясына сәйкес, РФ 85 субъектіден құралған. Канада – 10 провинция мен 3 аумақтан тұратын федеративтік мемлекет. АҚШ-та 50 штат бар. ҚХР 34 провинцияны, 5 автономды ауданды, сондай-ақ Тибетті, Гонконгты, Макаоны, саяси мәртебесі айқындалмаған Тайванды бақылайды. Бразилия 26 штат (estados) пен 1 федералдық округке бөлінеді. Аустралия 6 штатқа, 3 құрлықтық аумаққа және бірнеше сыртқы аумаққа ажыратылған. Үндістанда құмырсқадай қаптаған халық 28 штат пен 8 одақтық аумақта өмір сүреді. Ал Аргентина федеративтік республикасына 23 провинция және 1 федералдық округ кіреді. Назар аударар жайт, алдымызда тұрған мемлекеттердің өңірлері жік-жікке бөлінеді, тіпті қырғи қабақ күйде. Федерацияның әр бөлшегі түрлі тілде сөйлейді, бір-бірін түсінісе алмайды. Сонымен қатар мемлекеттен бөлініп, тәуелсіздік алғысы келетін автономиялары жетерлік. Сондықтан азаттыққа қол жеткізгенде Қазақстан «президенттік басқару нысанындағы біртұтас, унитарлы мемлекет» деген ең дұрыс, ең оңтайлы модельді таңдап алды. Сол кезде еліміз 19 облысқа бөлінетін. Бертінде бес облыс жабылып тынды. Бұлар – Талдықорған, Жезқазған, Семей, Көкшетау және Торғай облыстары. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы жойылып, одан Шымкент мегаполисі бөлінді. Орнында Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Нәтижесінде, республикалық маңызды қалалар санының үшеуге өсуіне байланысты өңірлер саны 17-ге дейін артқанымен, облыстар саны өзгеріссіз қалды – 14. Биылғы 16 наурыздағы Жолдауында Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған Конституциялық реформалар және саяси жаңғырулар аясында 3 жаңа облыстың құрылатынын жариялады. Жаңа облыстар Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 4 мамырдағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылды. Осылайша, бүгінде Қазақстан бірінші деңгейлі 20 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұратын республика саналады. Соның ішінде 17-сі – облыс, 3-еуі – республикалық маңызы бар қала. Бұдан бөлек, елімізде екінші деңгейдегі әкімшілік-аумақтық бірлік саны 218-ге дейін көбейді. Арасына облыстардағы 164 аудан, облыстық маңыздағы 38 қала, мегаполистер ішіндегі 16 аудан енеді. Бұл ретте Президенттің 2022 жылғы 4 мамырдағы «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жаңа Жарлығына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының құрамында, біріншіден, Тарбағатай ауданының құрамынан бөлу арқылы әкімшілік орталығы Ақсуат ауылында орналасқан жаңа Ақсуат ауданы, екіншіден, Көкпекті ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Самар ауылында орналасатын жаңа Самар ауданы құрылды. Жалпы алғанда, Қазақстанда 89 қала, 29 кент, 6 293 ауыл бар. Қай облысқа қанша аудан кірді? Сарапшылар қазақстандықтардың көз алдында тарихи оқиғалар болып жатқанын қаперге салады. Демек, болашақ зерттеушілер жай-жапсарын жете ұғынуы үшін оның бәрін – бүге-шігесін хаттап, тіркеп алған жөн-ақ. Сонымен, Президент Қ.Тоқаевтың 8 маусымда күшіне енген Жарлығымен мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық құрылысына салмақты реформа жүргізілді. Біріншіден, Абай облысы құрылды. Оның құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары кірді. Оның бәрі Шығыс Қазақстан облысынан бөлінді. Жаңа өңірдің әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Ел Президенті 11 маусымдағы Жарлығымен Абай облысының әкімі лауазымына Нұрлан Ұранхаевты тағайындады. Екіншіден, Ұлытау облысы дүниеге келді. Оған Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары бағындырылды. Тиісінше, олар Қарағанды облысынан кетті. Жезқазған қаласы – Ұлытау өңірінің әкімшілік орталығына айналды. Мемлекет басшысы 11 маусымдағы Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлын Ұлытау облысының әкімі лауазымына бекітті. Үшіншіден, Жетісу облысы ашылды. Оның құрамына Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары қосылды. Бұлар Алматы облысының құрамынан шықты. Жаңа облыстың әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орнықты. Мемлекет басшысы 11 маусымда Жетісу облысының әкімі ретінде Бейбіт Исабаевқа сенім артты. Төртіншіден, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласына көшірілді. Енді ел Үкіметі Жоғарғы Сотпен, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін меморгандармен бірлесіп, 1 ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын – «Жол картасын» бекітуі тиіс. Яғни, жаңа облыстарда облыстық, аудандық мәслихаттар, әкімдіктер сыртында, сот, прокуратура, орталық меморгандардың бөлім-басқармалары және басқасы ашылады. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, орталық меморгандардың аумақтық бөлімшелерінің жұмысын жолға қоюға қатысты ұйымдастырушылық шаралар қабылданып жатыр. Тарихи бетбұрыс тың өзгерістерге түрткі Әлеуметтанушы-зерттеуші Леонид Яковенко республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту оңай мәселе емес екенін ескертеді. «Бұл жұмыс кейінгі жылдары мамандар талқылауына салынып, мұқият зерделенсе керек. Өйткені Кеңес кезінде, одан бертінде облыстарға, аудандарға бөлу үрдісі ғылыми зерттеулермен жете қамтылмады. Соның кесірінен кейбір аграрлық аудандарда егін салып, мал жаюға жер жетпеуде: онысы көрші аудандарға кетіп қалған. Мысалы, қазір Түркістан облысының Қазығұрт, Отырар және Сауран аудандарында жерге қатысты талас туып, әкімшілік-аумақтық құрылысты қайта қарауға тура келіп жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда байырғы қазақы аумақтық бөліс моделі халыққа мейлінше жақын болған: қазақ елі жер бөлісте көшпелі, мал өсіретін және отырықшы, қалалық өңірлердің ерекшеліктерін ескерді. Сондай-ақ қай рудың адамдары іске қыры болып, мыңғыртып мал айдаса, соларға көбірек жер берілген. Үш ғасырлық отарлау кезінде оның бәрі бұзылды», – дейді ғалым. Оның айтуынша, жаңа облыстардың құрылуының оң және теріс жақтары бар. Оң жақтарын өз Жолдауында Мемлекет басшысы да жария етті. Тұрғындар орталыққа бару үшін қияға қатынау «қияметінен» құтылады. Жергілікті билік жұртшылыққа жақындай түседі. Президенттің тапсырмаларын, бастамаларын өңірлерде жүзеге асыру, әр ауыл тұрғынына дейін жеткізу жеңілдеуі тиіс. Сонымен бірге теріс жағы ретінде әкімдер мен шенеуніктер санының өсуін атауға болады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пайымдауынша, үш жаңа облысты құру – бір жағынан символизмнің мәселесі. Тиісінше, қазақ елі үшін аса ардақты Абай, Ұлытау, Қонаев атаулары таңдап алынды. Екінші жағынан, бұл қадам орасан зор ұйымдастырушылық, кадрлық міндеттерге негізделген. Жергілікті тұрғындар арасынан жаңа мәслихат депутаттары, жаңа әкімдер, шенеуніктер шығады. Тиісінше, көзтаныс болғандықтан, олар жергілікті тұрғындарға мейлінше жақын болады. Яғни, жергілікті басқарушылардың жаңа формациясы тәрбиеленуі шарт. Жаңадан құрылатын мекемелердің санаты кең, саны көп, жұмыс ауқымы жан-жақты: полиция, Антикор, ҰҚК, қаптаған министрлік-агенттіктердің жаңа бөлімшелері, медициналық мекемелер, білім ордалары ашылады. Облыс орталығына айналған Қонаев (Қапшағай), Жезқазған, Семейде жаңа университеттер ашылып, жастардың тартылыс орталығына айналады. Оларға баспана, жатақхана керек. Сондай-ақ олар көңіл көтеруі үшін жаңа, ірі ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Жаңа облыстар «кәрі» облыстармен инвестор тартуда қызу бәсекеге түседі. Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының тізгінін бұрын тұтас аймақты басқармаған азаматтар ұстады. Олар шұғыл, әбжіл қимылдап, бар ынта-ықыласымен, күш-жігермен жұмыс істеп, жеке отау құрған өңірлерді өркендеу жолына түсіре алмаса, елдің, ел басшылығының сенімінен айырылады. Сондықтан жыл соңына дейін төл жаңғыруларын, реформаларын, бетбұрыстарын жүзеге асырып, алдын ала жетістіктерін паш етуі керек. Ендеше қоғамды біраз қызық күтіп тұрғанға ұқсайды. Әзірге жаңа облыстардың eGov-тағы ресми сайты да жоқ. Сондай-ақ облыс бюджеттері бөлінбеген. Себебі 2022 жылғы нақтыланған бюджет биылғы мамырдың басында қабылданып кетті. Ал жаңа облыстарды құру туралы Жарлық 8 маусымда ғана күшіне енді. Салдарынан енді облыстардың, жаңа аудандардың бюджеттерін бөлу, бюджеттік бағдарламаларын түзу, даму бас жоспарларын әзірлеп, қабылдау секілді «қырық есекке жүк болар» жұмыс ауқымы қордаланып жатыр. Оларды шешу үшін заңдарды, Үкімет қаулыларын, әкімдер өкімдерін және мәслихаттардың шешімдерін қабылдау қажет. Мұның бәрі уақытты, қаржыны, адами ресурсты және сабырды талап етеді.