Балапан бағып та баюға болады
Балапан бағып та баюға болады
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
752
оқылды

Қордайлықтар құс шаруашылығын қарқынды дамытуда

Бүгінде Жамбыл облысы тауық еті бойынша ішкі нарықтың тек 67 пайызын қамтып келді. Қалған бөлігі сырттан келетіндіктен өңір тауық еті өндірісіне айрықша көңіл бөліп отыр. Оған дәлел – Қордай ауданында Eco chiсken атты бройлер балапандарын өсіретін ферма іске қосылып, бүгінде ет өндірісі бағытында қарышты қадам жасады. Өндірістік кооператив ретінде жүзеге асып жатқан жоба импортқа тәуелділікті жо- йып, экспорт көлемін арттырмақ. – Бұл істі қолға алу бұрыннан ойымда жүрген. Біз жері кең, халқы­ның дені ауылда тұратын мемлекетпіз. Еліміздің табиғи-климаттық жағдайы алуан түрлі, әртарапты ауыл шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Ал енді осын­дай байлығымыз қолымызда бола тұра сырттан ет сатып алу – ұят дүние. Әрбір жұмысты бастар алдында негізін қалап алу керек. Сондықтан алдымен жем-шөп базасын жасап алу қажет болды. «Қордай жем» ком­паниясын ашып, арнайы мал-құсқа арналған жем шығара баста­дық. Содан кейін құс өсіруге көш­тік. Жалпы, құс шаруашылығы – те­тігін тапсаң табысы мол іс. Қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып, өнімділігі жоғары балапандарды алсаңыздар тез өсіріп, тез семіртуге болады. Ал халықтың диеталық етке деген сұ­ра­нысын ескерсеңіз, етті тіптен тез өткізуге болады, – дейді «Қордай жем» кооперативінің басшысы Талғат Сәрсембаев. Жалпы, құс фермасы 20х6 метр аумақты алып жатыр. Бір цехқа 1500 құсқа дейін орналастырылған. Кооперативтегі жұмыстың бар­лығы автоматтандырылған. Мамандар арнайы жасақталған бункерге құс жемін салып, температурасын тексеріп отырса болғаны, қалғанын машина атқарады. Табақтарға жем мен су автоматты түрде өзі толтырылып отырады. Равиль Жолдасбаев есімді қызметкердің айтуы бойынша, екі сағат сайын ол фермаға кіріп, жемнің таусылып қалмауын және су түтіктерінің бітелмеуін қадағалап отырады екен. Фермаға орнатылған бейне­камералар арқылы құстардың жағдайын қа­шық­тан да бақылап отыруға болады. Құрамында 5 тауық фермасы бар кешен «Красный партизан» шағынауданына жақын маңда орналасса, кешеннің жұмысын екі бақылаушы кезекпен қадағалап отырады. – Менің жұмысым – барлық көрсеткіштердің бекітілген параметрлерге сай болуын қадағалау. Температура көтерілсе, басқару панеліндегі батырманы басамын, арнайы вентиляторды қосып, ауаны салқындатып ылғалдандырамын. Кейде су түтіктері бітеліп қалуы мүмкін, соны тазалап қоямын, – дейді Равиль. Құс фермасындағы жұмыс белгіленген циклдерге сәйкес өрбиді. Әрбір 45 күнде өсірілген құс сойылады. Ферманың өзі осы кезде тазаланып, дезинфекцияланады. Осыдан кейін фермаға жаңа балапандар кіргізіліп, цикл қайталанып отырады. Кооператив басшысы Талғат Ахметбекұлының айтуынша, құстар бір жылда 6 циклден өтеді екен. Бір құс фермасының құны 7 миллион теңге тұратын болса, құрал-жабдықтар Қазақстаннан бөлек, Қытай және Ресей мемлекеттерінен сатып алынған. Қазір өндірістік кооперативте 12 мүше бар. Болашақта оның санын 100 адамға дейін жеткізу жоспарлануда. Сол арқылы өндірілген өнім көлемін арттырып, үлкен нарыққа шығуды көздейді. Әрине, бұл – болашақтың еншісіндегі шаруа. Десе де бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпорынға мемлекет тарапынан мол қолдау көрсетілген. Микроқаржылық ұйымдар арқылы 7 миллион теңгеге дейін 2,5 пайыздық үстемақымен несие беру мәмілесі жасалса, кооператив мүшелері несие көлемін 20 миллион теңгеге дейін өсіруді сұрап отыр. Жоба облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрғандықтан еңбек адамдарының өтініші қанағаттандыралады деп жоспарланған. Сондай-ақ егер құс фермасы өз тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдесе, мұндай жобаны өзге аудандарда да жандандыру қолға алынбақ. – Негізі, бұл тек бізге пайда әкелетін жоба емес. Егер біздің кооператив кеңейіп, 100 құс фермасын ашсақ, 45 күннің ішінде 150 мыңға жуық құс өсіре аламыз. Осы құстарға мыңдаған тонна жем қажет болады. Ол жемді біз өзіміздің шаруалардан сатып аламыз. Көп адамның кәсібі өрге домалайды. Мемле­кеттік бюджетке қосымша салықтар түседі. Егер үлкен көлемде ет шығарып, жақсы танылып жатсақ, ірі сауда желілеріне шығып, өнімімізді соларға өткіземіз. Әзірге шығатын өнімі аз болғандықтан үлкен нарыққа шыға алмай отырмыз. Алайда алдағы уақытта Қордайдың құс еті алыс-жақын шет мемлекет­терге де танылатынына сенемін, – дейді кооператив басшысы Талғат Сәрсембаев. Иә, Қордай ауданындағы алып өндіріс орнының ертеңінен мол үміт күтуге болады. Бастапқыда кооператив 500 бас тауық етін шығарса, бүгінде тәулігіне 20 мың тауық етін «Бастау» брендімен өткізуде. Аудан бойынша кәсіпорынның тасымалдаушы фирмалары жұмыс істеп, өнім сауда орындарына кең көлемде таралып жатыр. Енді кооператив мүшелері өнімдерін мемлекеттік сатып алу аясында да өткерсек деген ұсыныстарын айтады. Егер мектеп, балабақша сынды мекемелер тек осы өндіріс орнының өнімін тұтынатын болса, бұл да кәсіпорын жұмысына көп көмек болар еді. Әрі тауық етімен ішкі нарықты ғана қамтып қоймай, экспортқа да жол ашылары сөзсіз.

Жамбыл облысы