Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылды, – деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайды құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 20) тармақшасына сəйкес, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың құрамы бекітілсін.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген Президент қаулысында.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың маңызы мен міндеті және құрамы туралы әлеуметтік желіде түсіндіріп өткен.
Оның хабарлауынша, жаңа қоғамдық институттың құрамына белгілі композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Илья ЖАҚАНОВ, атақты ақын, дипломат және қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, белгілі журналист және қоғам қайраткері Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, атақты математик ғалым, академик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, мықты экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек КҮЛЕКЕЕВ, көрнекті мемлекет және саяси қайраткер Әлихан БАЙМЕНОВ, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат БАПИ, мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымында депутат болған Нұртай САБИЛЬЯНОВ, мемлекет қайраткері, әлем чемпионы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ, биотехнолог ғалым, COVID-19 індетіне қарсы қазақстандық QazVac вакцинасын дайындаған Күнсұлу ЗАКАРЬЯ, қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, белгілі лингвист ғалым Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, эколог, қоғам белсендісі Азамат ӘМІРТАЕВ және тағы да басқа Қазақстанға кеңінен танымал азаматтар кірді. Ұлттық құрылтайға барлығы 117 адам мүше болды.
Ерлан Қариннің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты ерекшелігі – оның құрамына әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің бір мүшесі енеді.
“Аталған диалог алаңы барлық қоғамдық кеңестердің түйіні іспетті болып отыр. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқықтарын қорғау және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері мүше болды. Сондай-ақ жастардың көшбасшылары мен белсенді жас азаматтар да шақырылды”, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз жұмысын аяқтады. Ал оның құрамының негізгі бөлігі Ұлттық құрылтайға кірді. Президент жаңа құрылымның құрылатыны жайында ең бірінші рет наурыздағы Жолдауында айтқан болатын.
Ұлттық құрылтай не үшін құрылды?
Ұлттық құрылтай қоғамды ұйыстыру жолында идеялар ұсыну және оны жүзеге асыруға қатысты диалог алаңы болмақ.
Ұлттық құрылтайдың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен айырмашылығы қандай?
Бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен саяси реформалар жайында айтылса, енді Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық құндылықтарды нығайта отырып, қоғамды одан әрі ұйыстыруға бағытталған ұзақмерзімді мәселелер талқыланады.
Ұлттық құрылтайдың құрамы қалай жасақталады?
Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Соған сәйкес, оның құрамы жөніндегі ұсыныстарды Мемлекет басшысының Әкімшілігі дайындайды. Ұлттық құрылтайдың отырыстарына тек Ұлттық құрылтайдың мүшелері қатыса алады.
Ұлттық құрылтайдың жұмысы қоғамдық негізде атқарылатынын атап өту керек. Сонымен қатар Құрылтай мүшелерін ротациялау принципі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта кезең-кезеңімен басқа да қоғам белсенділерін Ұлттық құрылтай жұмысына қатыстыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Ұлттық құрылтай жаңарған Қазақстанды құруға өз үлесін қосқысы келетін азаматтардың жалпыұлттық ұйысуына өзек болады.