Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру жолында Ұлттық құрылтайдың маңызы зор екенін айтты. Осы ретте жаңадан құрылған Ұлытау облысының маңызы мен аймақты дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды.
«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім. Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды», - деді Президент.
Сондай-ақ жаңадан құрылған Ұлытау облысының маңызына тоқталып, жаңа аймақты дамытудағы негізгі қадамдар жайлы айтып өтті.
«Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.