ҚР Президенті Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында қоғамда жиі талқыланып жүрген кадр саясаты жайлы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кадрларды біртіндеп ауыстыру қажет деген пікір білдірді.
«Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды.
Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент халыққа мемлекеттік қызметшілерді кемсітуді доғару қажет екенін айтты.
«Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер де бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес.
Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз. Болашақта да солай болады», – деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.