ҚР Ұлттық банкі өздерін инвестициялық компания ретінде көрсетіп жүрген алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін ескертеді.
«Бұл алаяқтық пиғылдағы ресурстар мен телефон қосымшалары Қазақстанның «мемлекеттік қорынан», «Ұлттық ресурстардан» немесе қаржы нарығын динамикалық болжаудан тез пайда табуды ұсынады, мұндай мүмкіндіктерді төлем жасаған қолданушыға ғана беретінін айтады. Мұндай сайттарға өтініш қалдырған интернет-қолданушылар ақшасынан айырылатындай тәуекелге барады: алаяқтар алдымен оның жеке деректерін қолды етеді, сөйтіп телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аудартып алуға тырысады. Әрі қарай, ақша аударылған соң оны кері қайтару процедурасы ұзақ та күрделі болуы мүмкін. Сөйте тұра салынған қаражатты кері қайтару үшін қосымша ақша салуға қолданушыны тағы мәжбүрлеуі ықтимал», - дейді Ұлттық банк.
Алаяқтық сайттар аз уақыт ішінде инвестициядан жоғары әрі тұрақты пайда табуға кепілдік береді, қандай да бір байланыс дерегі болмайды, ресми мемлекеттік тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларының фотосуреттері мен ойдан құрастырылған мәлімдемелері келтіріледі, жалған лицензиялар немесе құқық белгілейтін құжаттар пайдаланады.