Мәдениет министрлігі «Айбоз» әдеби сыйлығы өтетінін жария етті. Ұлттың жаны да, жады да әдебиет екені белгілі. Ұлттық әдебиеттің «тоқырау» күй кешіп келе жатқаны да жасырын емес. Әдебиеттің де, әдебиетші қауымның да ауылы оқырманнан алыстап кеткені қашан?!
Ара-тұра бірлі-жарым шығармалар бой көрсетіп қояды. Бірақ бұл бүкіл әдебиеттің жүгін көтере алмасы белгілі. Ұлттық идеологияның негізінде салмақты әдебиет жататынын ескерсек, бірлі-екілі шығармамен әдебиеттің көсегесін көгерте алмайтынымыз анық. Ендеше бұл тығырықтан шығар жол қандай? Ең алдымен әдебиетке жағдай жасау. Ол үшін түрлі әдеби байқаудың санын арттыру маңызды. Осы орайда Мәдениет министрлігінің «Айбоз» сыйлығын өткіземіз деген қадамы қолдауға лайық дер едік.
Министр Дәурен Абаев бұл туралы: «Айбоз» әдеби сыйлығы тың туындылардың өмірге келуіне даңғыл жол ашады деп сенеміз. Жалпы, Еуропада болсын, Американы алайық, дамыған елдердің көбінде көркем шығарма айрықша бағаланады. Кеңес дәуірінде де ақын-жазушыларымыздың ой еңбектеріне қаламақы жақсы төленді. Жалпы, шығармашыл қауымды ынталандыру арқылы біз көркем ойлай алатын, рухани діңгегі берік, айтар ойы терең жас ұрпақ қалыптастырамыз. Ұлттық әдебиетке салынған бүгінгі инвестиция – ертеңгі болашақ кепілі» деп жазды Facebook парақшасында.
Тұңғыш рет өткізілетін байқаудың сыйақысы да қомақты – 5 миллион теңге. Ең қызығы, шығарманың тіліне, қаламгердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Ұлттық әдеби сыйлық бірнеше аталым бойынша беріледі. Айта кетсек, «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия» қатарына «Үздік комикс», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби аударма» мен «Үздік кітап дизайны» номинациялары қосылып отыр.
Аты да, заты да әдемі әдеби байқаудың өткені қажет. Өйткені бұл жас жазушыларға да, орта буын қаламгерлерге де шабыт сыйлары анық. «Айбозға» қатысып, марапатты жеңіп алғысы келетіндердің де қатары аз болмайтыны белгілі. Ендігі мәселе – сапада. Көркем шығарманың деңгейінде. Ел тұшынып оқитын, өзекті де өміршең дүниенің өмірге келуінде.
Ең қызығы, байқауға қойылатын талаптардың бірі – жас ерекшелігіне шектеу қойылмауы. Мұндай жағдайда елге белгілі ел ағалары тағы да оза шауып, жастар шетте қалып қоймай ма деген қауіп басым. Белгілі сыншы Айгүл Ісмақова: «Айбоздың» жарияланғанына қуанып отырмыз. Мұндай марапаттардың болғаны дұрыс. Бірақ біз сыйлықты кімге береміз? Мәселе – осында. Соңғы жылдары байқаулардың дені «тамыр-таныстыққа» салынып, шешіліп жататыны жасырын емес. Тіпті, Мемлекеттік сыйлықтың да айналасында осындай әңгімелер жүреді. «Айбоз» осындай жаман ғадеттерден ада болып, шын таланттарды анықтап, әділ бағаланса деген ойымыз бар. Ендігі сыйлықтар ақсақалдар таласпайтын қылып, орта буынға, жастарға арналса, жақсы болар еді. Кейде ақсақалдарды аттап өте алмайды. Сондықтан «Айбоз» атына сай, 40 пен 60 арасындағы, болмаса қырыққа дейінгі жастар қатысатын байқау болса деген тілек бар» дейді.
Министрлік айтқандай, бір ғана шығармасымен ұлт әдебиетіне еңселі ескерткіш орнатқан ақын-жазушылар тарихта аз емес. «Нобель сыйлығына лайық шығарма жазылмады» деп ауызды қу шөппен сүрте бергеніміз жарамас. Бұған дейін де үздік шығармалар дүниеге келді. Мүмкін, олардың насихаты кемшін болған шығар. Алайда өткен шығармаларға емес, енді жаңашылдыққа да басымдық бергеніміз дұрыс секілді.
Ақын Маралтай Райымбекұлы: «Ұлттық әдеби сыйлықтың атын қою үшін арнайы «конкурс» өткізіп, жаңашыл бастамашыл жастардың да ұсыныс-талаптарын тыңдадық. Шынын айтқанда, жан-жақтан мыңға тарта ұсыныс түсті. Сол мыңның ішінен «Айбоз» деген атауды таңдап алдық. Рас, жас ерекшелігіне шектеу қойған жоқпыз. Таланттың бәрі жасқа қарап тұрмайды. Бастысы, жаңа шығарма жазылса болғаны. Ал «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді деген ойдамыз. Өйткені мұнда өз саласының мамандары, ар-ұяты жоғары, биік деңгейдегі азаматтар жұмыс істейтін болады. «Үш-төрт ай ішінде жаңа шығарма жазып үлгере ме?» деген сауалға келсек, әлбетте үлгереді. Кез келген шығармашыл, талантты адам үнемі іштей буырқанып жүреді. Ал мұндай бәйгелер олардың ықыласын арттырады, қанаттандырады, шабыт сыйлайды. Мақсатты түрде қолына қалам алады.
Байқауға арналған шығарманың мазмұнына келер болсақ, оның бәрі байқаудың талаптарында көрсетілген. Бұл байқауға қалам ұстаған қаламгердің бәрінің қатысуға мүмкіндігі бар. Тақырыптардың өзектілігі де басты назарға алынады», – дейді.
«Толқынды толқын қуады» демекші, толқын-толқынымен жаңа буын бір буынды алмастырып отыратыны жасырын емес. Бұл байқауда да әдебиетке жаңа есімдер, жаңа толқын қосылуы мүмкін. Басты талап – тақырып өзекті болуы тиіс. Ұлттық сыйлықты өткізудегі мақсат – қаламгерді, баспагерді ынталандыру, жаңа шығарманың тууына мүмкіндік жасау. Ұйымдастырушылар қазылар алқасы соңғы сәттерге дейін құпия болатынын айтып жатыр. Бұл да шығарманың әділ бағалануына жол ашатын қадам болмақ.
Сыншы Анар Қабдуллина «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жариялануы әдебиетті дамытудағы жақсылық нышаны деп санайды. «Отандық қаламгерлер қатыса алады, жас шектеуі жоқ көрінеді. Көпшілік арасында атағынан ат үркетін үлкендер жағы алып кетпей ме деген қорқыныш та жоқ емес. Оның үстіне, жеті номинация бойынша конкурсқа қыруар материал келіп түсетінін болжау қиын емес. Бұл жерде салмақ пен жауапкершілік ұйымдастырушыларға түсетіні анық. 5 миллион аз ақша емес, сондықтан әділқазылар арасында танысына бұра тартатындар да болады. Шығармаларды оқитын ридерлер тобы болуы керек, іріктелген шығармалар қайта-қайта талқылаудан өткені жөн. Мәселе – жас шектеуінде емес, дұрыс шығармалардың іріктеп алынуы маңызды. Ол үшін ридерлер бүгінгі әдебиеттегі тенденцияны, оқырман сұранысын дөп басып тани алуы керек. Ал «Айбозға» ақ жол тілеймін, ең әділетті әдеби байқаулардың басы болсын!» дейді сыншы.
Әдебиетін қадір тұтқан ел озады. Ақыны мен жазушысының жағдайын жасаған ұлттың да келешегі кемел болары анық. «Гарри Поттер» сияқты әлемдік шығармалар туар күн алыс емес секілді. Қазақ әдебиетінің алыптары дүниеге келген топырақта тағы да әйгілі шығармалар тумасына кепілдік жоқ. Сондықтан әдебиеттің «Айбозына» айналатын көркем дүниелер өмірге келсін деп тілейік.