Голливуд қашан қазақша сөйлейді?
Голливуд қашан қазақша сөйлейді?
© коллаж: Әсел Балтақызы
650
оқылды
Голливуд компаниялары фильмдерін Ресейде көр­сетуден бас тартқан кезде бөркімізді аспанға лақты­рып «қазақша дубляждың күні туды» деп қуанған едік. Алайда көптің тілеуі бірден орындалған жоқ. Голливуд фильмдерін қазақша дуб­ляждау мәселесі ұзаққа созылып барады. Ал отан­дық кинокомпаниялар Гол­ливуд фильмдерін тек орысшаға аударуға кірісіп кеткен. Неге? Голливуд кинокомпаниялары Ресей нарығынан шыққаннан ке­йін «шетелдік фильмдерді Қазақ­станда дубляждауға бола ма?» деген сұрақ туды. Отандық студия­лар ки­нотуындыларды қазақ және орыс тілдеріне аударуға дайын еке­нін мәлімдеді. Ал наурыз айын­да Мә­дениет және спорт министр­лігінде Дәурен Абаевтың төра­ға­лығымен еліміздегі киноин­дус­трия­ны да­мы­ту мәселелеріне ар­налған кеңес өткен еді. Оған кино­про­кат на­ры­ғында танылған отан­дық компа­ниялардың басшылары қатысты. Жиында кинопрокат мә­селесі сөз болды. Министр сол кезде әзірге шетелдік компания­лармен барлық қажетті келіссөз жүргізіліп жат­қанын айтқан бо­латын. – Голливудтың үш студиясы – Universal Pictures, Warner Bros және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәйкес, қазақ­стандық көрермендерге өз карти­наларын ұсынуды жалғастырады. Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық ки­нопрокатшылар тікелей келіс­сөз­дер жүргізіп жатыр. Тиісті ке­лі­сімдерге қол жеткізу үшін айтар­лықтай кедергілер жоқ. Келіссөз­дер нәтижесі мен қазақстандық кинотеатрлардың одан әрі жұ­мысының басқа да егжей-тегжейі туралы қосымша хабарланады,– деген еді Дәурен Абаев. Алайда осыдан кейін жауапты министрлік шетелдік киносту­диялармен келіссөздің қалай жүр­гізіліп жатқаны туралы ауыз аш­пады. «Қазақфильмге» арнайы са­уал жолдап, мәселенің мән-жа­йын сұрағанымызда «Келіссөздер әлі де жүргізіліп жатыр. Дистри­бью­­тор­лардың өтініші бойынша біз әлі ол туралы нақты ақпарат бе­ре алмай­мыз» деген жауап алдық.   Орысша дубляждау басталып кеткен Ал «Меломан» компаниясы Голливудтың барлық картинасы кесте бойынша орыс тіліндегі дубляжбен және қазақша суб­титр­лермен шығатынын мәлімдеген еді. Яғни, бұған дейін келісілген фильмдерге қатысты мәселе туын­даған жоқ. Бірақ Кino.kz сай­ты­на кіргенімізде кинотеатрларда голливудтық фильмдер санының азайғанын аңғардық. Оған қоса, жақында дубляж режиссері Ва­лерий Смекалов Қазақстанның Голливуд фильмдерін жаппай орысшаға аударуға кіріскенін мәлімдеді. – Неге Қазақстан батыс фильм­дерін қазақша емес, орысша дубляждап жатыр. Орысша дуб­ляж­далған Голливуд фильмдерін Ivi, START, Кинопоиск платфор­малары бәрібір көрсете алмайды. Ал орысша дубляж қажет болса фильмдерді Ресейлік өндірістік-техникалық базалар «Мосфильм», «Пифагор» өздері-ақ дубляждап алады,– дейді Валерий Смекалов. Фильмдердің орысша дубляж­далып жатқанына құзырлы меке­мелер тарапынан әлі де нақты жа­уап жоқ. Алайда кинотеатрлар желісі басшылығы өкілдері дуб­ляж­дың орташа бюджеті 100-300 мың АҚШ доллары тұратынын айт­қан еді. Ендеше фильмдерді қа­зақша емес, орысша дубляждау сол шығындардың орнын жабу үшін болуы әбден мүмкін. – Орысша дубляж жасау бізге қымбат және тиімсіз. Голливуд сту­диялары дыбысқа, кескінге өте жоғары талап қояды. Ол сападан шығу қыруар қаржыны талап етеді. Ал фильмді дубляждауға кеткен шығынның ақталу, ақталмауы тағы белгісіз. Жаппай дубляж жасау үшін бұл салада кадрлар да тапшы. Біздің кинотеатрлар жылына 300-ге жуық кинокартина көрсетіп кел­ді. Олардың барлығын дубляж­дау техникалық, қаржылық жағы­нан да мүмкін емес, — дейді кино­сыншы Кәрім Қадырбаев. Оның пікірінше, біз жылына 300 фильмді дубляждамасақ та, үш-төрт голливудтық фильмді қа­зақ тіліне аудара аламыз. Ал отан­дық кинонарықтағы қазіргі дағ­да­рыстан шығу үшін голливудтық фильм­дерді түпнұсқасында көр­сетіп, орыс және қазақ тілдерінде субтитр жасауға болады. – Голливудтық киноның елі­мізде мүлдем көрсетілмегенінен суб­титрмен берілгені жақсы. Суб­титр – Голливуд киносының Қа­зақ­станда қалуының ең қолжетім­ді тәсілі. Айталық, Marvel жан­күйерлері кинотеатрға фильмдер­ді кө­ру үшін субтитрмен болса да барады, – дейді Кәрім Қадырбаев.   Субтитрдің сапасы сын көтермейді Алайда ағылшын тілінен тіке­лей аударатын болсақ, субтитрдің сапасының қандай болатыны бел­гісіз. Өйткені бұған дейін кино­театрларда көрсетіліп келген суб­титрлерге қатысты біршама сын айтылған еді. Aray Media Group компаниясында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures сияқты әлемдік студиялардың туындыларын қа­зақша «сөйлетіп» жүрген режиссер Назерке Лесбекқызының айтуын­ша, субтитр қазақ тілінің мәрте­бе­сін түсіреді. Қазақстанда тұрып, ки­нотеатрдан орыс тіліндегі фильм­дерді көру ақылға қоным­сыз. Қазақстанда субтитрді ешкім оқымайды да. Өйткені бәрі орыс тілін біледі. Еш пайдасы жоқ дүние үшін ақша жұмсап жатырмыз. Мысалы, балаларға арналған фильмдердегі субтитрді ешкім оқып үлгермейді. Бұл балалардың құқығы бұзылып жатқанын білді­реді. Әр азамат фильмді қазақ ті­лінде көруге құқылы. – Дәл қазір Голливуд кино­ком­панияларының Ресейден ке­туі – біз үшін үлкен мүмкіндік. Себебі біз осы уақытқа дейін Disney-дің фильмдерін Ресей ар­қылы алып отырдық. Өзіміз бара алмадық. Енді Ресейдің жолы жа­былғаннан кейін өзіміз тікелей байланыс ор­натуға тырысып жа­тырмыз. Бұ­йыр­са, жағымды жаңа­лық болып қалады. Осы сәтті пай­даланып қа­зақша дубляжды аяқ­қа тұрғызуға мемлекет тара­­пынан қолдау керек. Өйткені мә­се­ле ақшаға келіп ті­ре­леді, – дейді На­зерке Лесбекқызы. Кино туралы заңдағы қазақша дубляжды міндеттеу жағы әлі ше­шілмей жатқаны бәрімізге мәлім. Мысалы, кинотеатр басшылары қазақша дубляждалған туынды­ларды ыңғайсыз уақыттарға қояды. Прайм-тайм уақыттарда тура сол туындының орысшасын көрсетеді. Неге екенін сұрасақ, «сұраныс жоқ» дейді. Сұраныс бар, қазақша көретіндердің қатары артып ке­леді. Бірақ сол көрерменге дайын туындыларымызды дұрыстап ұсы­на алмай отырмыз. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа қалалардағы кинотеатрлар кейде қазақша туын­дыларды репертуардан ерте алып тастайды. Мұндай жағдай болмас үшін мемлекет қазақша дубляжға қолдау білдіруі керек. – Қазір заң бойынша қазақ тіліне дубляждау міндетті деген та­лап жоқ, сондықтан қазір бүкіл шетелдік фильмдер орысша дуб­ляжбен, қазақша субтитрмен көр­сетіледі. Бірақ бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобы құрылған, бірақ әлі заң жобасы қаралып жатыр. Оның ішінде барлық фильм қазақ тіліне дубляждалсын деген пункт бар, бірақ қайталап айтамын, әлі еш­теңе шешілген жоқ, заң тек қа­ра­лып жатыр,– дейді Ұлттық кино­ны қолдау мемлекеттік орталы­ғының баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев. Шетел фильмдерін қазақша сөй­лету туралы мәселе 2016 жыл­да­ры көтерілді. Алайда оған кино­прокатшылар қарсы шығып, нә­ти­жесінде фильмдер қазақша суб­­титрмен шығатын болған. Одан бе­рі 6 жыл өтті. Біз Голливуд фильм­­дерін мемлекеттік тілде дуб­ляждау керек деп енді айтып жатсақ, көр­ші Өзбекстанда дубляж бұрын­нан өзбекше жасалады екен. – Шетелдік фильмдерді қа­зақша дубляждау мәселесі осындай санкция кезінде көпшіліктің на­зарына ілігіп жатқаны өкінішті. Соңғы кездері орысша кинолардың астында қазақша субтитрлер шы­ғып жүргенін байқаған шығар­сыз­дар. Бірақ кейбір субтитрлерде қате өріп жүр. Себебі тапсырыс алу­шы сапаға мән бермейді, қа­зақ­тілді аудиторияға сыйластықпен қарамайды, – дейді дубляж актері Қайрат Әділгерей. Оның айтуынша, елімізде фильм­дерді кәсіби түрде дубляж­дайтын мамандар жетерлік. Мәтін­дерді сауатты аударатын редак­тор­лар да бар. Мәселенің бәрі команда болып жұмыс істеу, оның ар жа­ғында сыбайлас жемқорлықта бо­лып тұр. Себебі жобалардың көп­шілігін аталған секторға жауап­ты басшылар аутсорсинг арқылы өзінің ақша жасайтын студия­ла­ры­на береді. Ол студиялар ақша үнем­деу мақсатында кәсіби емес редакторлар, дубляж маман­да­ры­ның арзан қызметіне жүгінеді. Салдарынан жоба шала-шарпы жасалған, көрерменнің көңілінен шықпайды. Кинотеатрлардың қазақша субтитрінің астында қа­тесі өріп жүрген мәтіндердің көп­шілігі осындай тамыр-таныстың жұмысы. – Отандық дубляж қауымдас­тығын құру жоспарымда болған, бірақ сала мамандарының басын біріктіре алмадым. Мемлекет дуб­ляж саласында жас мамандарды дайындайтын мектеп ашуы тиіс. Себебі нарық заманында кәсіби мамандардың оларды дайындауға уақыты тапшы. Одан кейін әлемдік туындыларды аударып жүрген ком­паниялардың сметадағы ба­ғасы басқа, бізге төлейтін гонорар мүлдем бөлек. Оларға «мұның қа­лай?» деп шамдансаң, келесі жолы жаңа жобаға жолың жабық дей бер. Осылайша, олардың қойған баға­сына үнсіз келісуге тура келеді, – деп ағынан жарылды Қайрат Әділгерей. Орайлы сәтті ұтымды пайда­ланамыз деген сеніміміз үзілген­дей. Уилл Смит те, Анджелина Джо­­ли де біз қалағанмен, жақын арада қазақша тіл қатуға асығар емес. Уақыт өткен сайын шетелдік туындыларды қазақша тамашалау құр үмітке айналып барады. Гол­ливуд фильмдерін қазақша­ла­ған­мен, бөлінген қаржының талан-та­ражға түспейтініне де кепілдік жоқ.